Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы ақпарат
2001 жылдың 17 шілдесінде Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңы қабылданды.
Осы Заң аз қамтылған адамдарға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге байланысты құқықтық қатынастарды реттейді.
Атаулы әлеуметтік көмек – қиын өмірлік жағдайдан шығуға, сондай-ақ жұмыссыздардың санын азайту мақсатында және халықтың мұқтаж топтарына көмек көрсету жөнінде қабылданған шаралар жүйесі.
Атаулы әлеуметтік көмек екіге бөлінеді: шартсыз ақшалай көмек және шартты ақшалай көмек.
Шартсыз ақшалай көмек – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі табысы аз адамдарға (отбасыларға) ай сайынғы ақшалай төлемдер нысанында көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі.
Шартсыз ақшалай көмекті жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысуға мүмкіндігі шектеулі жалғызілікті немесе жалғыз тұратын аз қамтылған адамдарға, зейнеткерлік жасқа жетуімен, І немесе ІІ топтағы мүгедектік, екі айдан астам еңбекке уақытша жарамсыздық мерзімі белгіленген адамдарға, құрамында еңбекке қабілетті адамдары жоқ немесе жалғыз еңбекке қабілетті мүшесі үш жасқа дейінгі балаға, мүгедек балаға, І немесе ІІ топтағы мүгедекке, бөгде адамның күтіміне және көмегіне мұқтаж қартқа күтімді жүзеге асыратын табысы аз отбасыларға көрсетіледі.
Шартсыз ақшалай көмек өтініш жасалған айдан бастап ағымдағы тоқсанға тағайындалады және ай сайын төленеді.
Шартты ақшалай көмек – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына және (не) қажет болған жағдайда әлеуметтік бейімдеу шараларына табысы аз адамдардың (отбасылардың) міндетті қатысуы шартымен оларға ай сайынғы және (не) біржолғы ақшалай төлем нысанында көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек түрі.
Шартты ақшалай көмек жалғызілікті не жалғыз тұратын еңбекке қабілетті табысы аз адамдарға, сондай-ақ құрамында еңбекке қабілетті мүшесі бар табысы аз отбасыларға, оның ішінде бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға, ол жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және қажет болған кезде әлеуметтік бейімдеу шараларына қатысқан жағдайда, ай сайынғы немесе біржолғы ақшалай төлемдер нысанында көрсетіледі.
Егер отбасында жұмыссыз мүшесі болса, онда ол жұмысқа орналастырылуы немесе жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуы тиіс. Ол үшін аудандық жұмыспен қамту орталығы мекемесі жұмыс іздеуші азаматтарға жұмысқа орналасуға жәрдемдесу қызметтерін ұсынады. Бұл- лайықты бос жұмыс орындарын іздеу, сонымен қатар азаматтардың әлеуметтік осал санатына арналған жұмыс орындары, жастар тәжірибесі, қоғамдық жұмыстар, кәсіптік оқыту және мемлекеттік гранттар сияқты жобалар бар.
Егер азамат әлеуметтік келісім шарт талаптарын бұзса, онда ол атаулы әлеуметтік көмек алу құқығынан айырылады.
Атаулы әлеуметтік көмек өтініш берген айдан бастап ағымдағы тоқсанның соңына дейін тағайындалады. Атаулы әлеуметтік көмек ай сайын төленеді.
Сонымен қатар 2023 жылдан бастап кепілдендірілген әлеуметтік топтама алушылардың ұсыныстарын ескере отырып, 1 жастан 6 жасқа дейінгі мектеп жасына дейінгі балаларға шынайы түрден қолма-қол ақшаға көшірілді, ондағы төлемдер әрбір балаға 1,5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленетін болды.