Тойымыз түзеле ме?
Бүгінгі той бұрынғыдан өзгерек. Ашығын айту керек, қазір тойда тағылым жоқ. Арзан күлкіге құмартқан аудитория саны артып келеді. Жеңіл күлкіге әуес жандардың қарасы қалың. Ойнап, күлемін деп қариядан – қадір, қыздан – қылық, жігіттен – айбат кетіп барады. Бір қарағанда, әдет-ғұрып пен салтдәстүріміз тойхананың есігінен сығалап қалды ма дерсіз. Ұлтымыздың ұлылығын айшықтайтын тіліміз де дүбәраланды.
Рас, қазіргі тойда астамшылық көп. Мұны аға буын елемесе, жастарға тек дабыра керек. «Кедей – байға, бай – Құдайға жетем деген» өзімшіл пендеге айналдық... «Біздің той» деп аузын толтырып, мақтана айтса болғаны. Барлығы аста-төк жетіп тұрса мейлі. Бәзбіреуі елден қалмай, артында «түгі болмай» тыраштанатынын қайтерсіз. Той өткеннен кейінгі көкала шығын, еңбек есепсіз қала береді. Қол ұстасқан жұптың да ғұмыры ұзақ болса дейсіз осындайда. Жастықтың буымен елпініп жүріп жылға жетпестен, «мінезіміз сай келмеді, көңіліміз жараспады» деген сынды сылтаумен жолы екіге ажырайтыны тағы бар. Үйлену – той жасаумен шектеліп қалмайды. Нағыз отбасылық өмір тойдан кейін басталады емес пе?!
Тойдың тізгіні – асабада. Қуанышты күннің қызықты, көңілді өтуі де осы жанға тікелей байланысты. Бірінші кезекте асаба мен той иелері алдын ала мықтап келісіп алғаны ләзім. Кейде дайындықпен шапқылап жүріп, біреуге «тапсыра салады». Той сіздікі болғандықтан, оған жауапты да өзіңіз. Сондықтан тойдың қалай өтетінін алдын ала жоспарлап, асабаға ескертіп қойған артық болмайды.
Ұят кімде болса – иман сонда болады. Бұл күнде қара сөздің қаймағын сылып, елді аузына қарататын асабалар сиреп, керісінше қыран-топан күлкіге қарық қыламын дейтін шоумендер көп. Ал олардың орынсыз ойыны мен қисынсыз қалжыңы қытығыңа тиеді. Айтпайын-ақ дейсіз.
Рас, елді күлдіремін деп мейманның ар-намысына тиетін асаба көп. Біреудің асқар таудай әкесін басынан сипап, балаша жүгіртіп, отбасының, қонағының алдында әжуа қылатынын қайтерсіз. Сөйтіп, өз тойында өзі күлкі болады. Адамның арықтығын, толықтығын келемеждейді, тағысын тағы жалғаса береді. Тізе берсеңіз – көп. Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, тойдағы сұмдықтан жаға ұстайсыз. Таяқтың бір ұшы тойдағы жұртқа да тиеді. Өйткені, «Тұтынушы нені қаласа, өндіруші соны ұсынады» деген сауданың қарапайым заңдылығы бар. Асаба да той иесі нені талап етсе, соны істейді. Өйткені, халыққа қазір шоу өтіп тұр. Ортада өтімді әзіл айтып, бұралқы сөзді әсірелейтін шоумен іздейді. Салиқалы басқаратын асабаны ұсынса, «іш пысады» деп бетін тыржитады.
Асабаның қалтасындағы қалжыңы, қоржындағы ойыны бірсарынды болып, тойға жиналғандарды жалықтырып жібереді. Бүгінде сөзі мәнді, тәжірибелі асабалар жоқ деуден аулақпыз. Дегенмен, қазақтың салт-дәстүріне қанық, оны бүгінгі заманның талабымен ұштастыра білетін той жүргізушілер тіптен аз.
Халқымыз тойды асқаннан, тасқаннан жасамайды. Шаңырақ көтеріп жатқан жастарға елдің батасы тисін, көптің тілегін алсын деген ниетте жасайды. «Баталы құл – арымас» деген. Қуанышым көбейсін деп бөліседі. Әуелдегі ниет – осы.
Қанына өлең мен әуез сіңген дана ел түскен келінге айтатын өнегесін қарапайым сөзбен емес, беташармен жеткізетін. Ұзатылған қыз да ішіндегі қимастығын тұла бойыңды елжіретер сыңсумен айтатын. Айтыс та тойларда өтетін. Мыңды айдаған байлар додада өз ауылының даңқын шығару үшін бар жақсысын, палуанын, ақынын, бір өзі бір қойды жейтін мешкейін ертіп барған. Ойлап отырсаңыз, қазақтың тойы жай ғана ішіп, жеп, көңіл көтеру емес. Дала философиясы аңқыған ауыз әдебиеті, жауынгерлікті, рухты шыңдайтын ойыны, тұтас бір ғылымға татитын салт-дәстүрі де осы той арқылы сақталып, жаңғырып отырған. Той мәдениеті мен тәртібі бір күнде түзелмейді. Десек те салтанатты кештерді ұйымдастырып жүрген азаматтар дәстүрден алшақ кетпесе екен дейсіз. Қалай десек те қандай бас қосу болсын көңілің марқайып, рухани азық алып шыққанға не жетсін?!
Ақнұр САҒЫНТАЙ