» » Тойымыз қашан түзеледі?

Тойымыз қашан түзеледі?

Бүгінгі той бұрынғыдан өзгерек. Ашығын айту керек, қазір тойда тағылым жоқ. Арзан күлкіге құмартқан аудитория саны артып келеді. Жеңіл күлкіге әуес жандардың қарасы қалың. Ойнап, күлемін деп қариядан – қадір, қыздан – қылық, жігіттен – айбат кетіп барады. Бір қарағанда, әдет-ғұрып пен салт-дәстүріміз тойхананың есігінен сығалап қалды ма дерсіз. Ұлтымыздың ұлылығын айшықтайтын тіліміз де дүбәраланды. Біз мұндай деңгейге қалай түстік? Өреміз неге төмендеді? Тарқатып көрелік.

Рас, қазіргі тойда астамшылық көп. Мұны аға буын елемесе, жастарға тек дабыра керек. «Кедей – байға, бай – Құдайға жетем деген» өзімшіл пендеге айналдық... «Біздің той» деп аузын толтырып, мақтана айтса болғаны. Барлығы аста-төк жетіп тұрса мейлі. Бәзбіреуі елден қалмай, артында «түгі болмай» тыраштанатынын қайтерсіз. Той өткеннен кейінгі көкала шығын, еңбек есепсіз қала береді. Қол ұстасқан жұптың да ғұмыры ұзақ болса дейсіз осындайда. Жастықтың буымен елпініпжүріп жылға жетпестен, «мінезіміз сай келмеді, көңіліміз жараспады» деген сынды сылтаумен жолы екіге ажырайтыны тағы бар. Үйлену – той жасаумен шектеліп қалмайды. Нағыз отбасылық өмір тойдан кейін басталады емес пе?!

Шоуменге шуылдаған жұрт
Тойдың тізгіні – асабада. Қуанышты күннің қызықты, көңілді өтуі де осы жанға тікелей айланысты. Бірінші кезекте асаба мен той иелері алдын ала мықтап келісіп алғаны ләзім. Кейде дайындықпен шапқылап жүріп, біреуге «тапсыра салады». Той сіздікі болғандықтан, оған жауапты да өзіңіз. Сондықтан тойдың қалай өтетінін алдын ала жоспарлап, асабаға ескертіп қойған артық болмайды.
Ұят кімде болса – иман сонда болады. Бұл күнде қара сөздің қаймағын сылып, елді аузына қарататын асабалар сиреп, керісінше қыран-топан күлкіге қарық қыламын дейтін шоумендер көп. Ал олардың орынсыз ойыны мен қисынсыз қалжыңы қытығыңа тиеді. Айтпайын-ақ дейсіз.
Рас, елді күлдіремін деп мейманның ар-намысына тиетін асаба көп. Біреудің асқар таудай әкесін басынан сипап, балаша жүгіртіп, отбасының, қонағының алдында әжуа қылатынын қайтерсіз. Сөйтіп, өз тойында өзі күлкі болады. Адамның арықтығын, толықтығын келемеждейді, тағысын тағы жалғаса береді. Тізе берсеңіз – көп. Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, тойдағы сұмдықтан жаға ұстайсыз. Таяқтың бір ұшы тойдағы жұртқа да тиеді. Өйткені, «Тұтынушы нені қаласа, өндіруші соны ұсынады» деген сауданың қарапайым заңдылығы бар. Асаба да той иесі нені талап етсе, соны істейді. Өйткені, халыққа қазір шоу өтіп тұр. Ортада өтімді әзіл айтып, бұралқы сөзді әсірелейтін шоумен іздейді. Салиқалы басқаратын асабаны ұсынса, «іш пысады» деп бетін тыржитады.
Асабаның қалтасындағы қалжыңы, қоржындағы ойыны бірсарынды болып, тойға жиналғандарды жалықтырып жібереді. Бүгінде сөзі мәнді, тәжірибелі асабалар жоқ деуден аулақпыз. Дегенмен, қазақтың салт-дәстүріне қанық, оны бүгінгі заманның талабымен ұштастыра білетін той жүргізушілер тіптен аз.

«Тесік ауыз тек тұрмайды»
Орынсыз әзіл отбасындағы кикілжіңге алып келеді. Қазірде асабалардың «таңертең нешеде тұрасың?» деп келіннен сұрақ алатын бір ойыны бар-ды. Бұл енді орынсыз. Былайша айтқанда бөтен біреудің отбасына араласуы ғой. Оның қай уақытта тұратыны, қызметін қалай атқаратыны өздеріне байланысты. Осындай ойынның бірінде болған келіннің жауабы түсірілген видео көпке тарап кетті делік. Тарап та жүр. «Тесік ауыз тек тұрмайды» деген бар. Әлгі видеоны көргендердің біреуі отбасының арасына іріткі салады. Қала берді ащы сумен достасып, аузына келгенін айтып арты төбелес пен оқыс оқиғаға аяқталып жататын жайттар аз емес.

Арзан күлкіге құмар аудитория
Қазір той да көп, томалақ та көп. Ертерек те үлкен тойларды жасаса, қазірде бала дүниеге келгеннен бастап жасалатын кәделердің бәрін тойханада тойлауға үйрендік. Бесік той, тұсаукесер, сүндет той деп тізе берсеңіз кете береді. Тіпті 20, 30 жас туған күндерді де тойға айналдырып алған. Қуаныш көп болғаны жақсы әрине, бірақ ысырап пен обал-сауап артта қалып, тойды даңғазалыққа ұластырып жүргеніміз туралы аз айтылып жүрген жоқ. Бір тойдың үстінде асабаның қолына тойды ұйымдастырудың, елдің көңілін көтерудің, той атмосферасын жоғары деңгейге көтеру мен той иелерінің көздеген мақсатына дөп түсудің жауапкершілігі түседі. Соны бірімен-бірі шатыстырмай, әрқайсысының жөнімен сабақтау, той үстінде туған проблемаларды дер кезінде шешу үлкен білгірлікті, күш-жігерді, ақыл-ойды, пайым-парасатты қажет етеді.
Қазіргі жастар ата-ана таңдаған асабаны, әншіні менсінбейді. Әке де, шеше де баланың ығына жығылып жатады. Ал бүгінгі жасқа секіртетін би мен қыран-топан күлкіге қарық қылатын шоу керек. Кешегі үлкендердің көзін көріп, батасын алған, сөздің парқын түсінетін, салт-дәстүрді бойына сіңірген әке мен шеше өзі жасайтын тойының салиқалы өткенін қалайды, әрине. Әулетінің мақталғанын, абыройы көтеріліп, сол думанда бір марқайғысы келеді. Сол үшін сөздің жөнін білетін жөні түзу асабаны іздейді. Бірақ, оған көнетін бала бар ма? Ата-ана да бауыр еті – баласының көңілін қимайды. Сөйтіп, көптен күткен тойында асабаның арсыз әзілі орындалады. Күлкі кімге ұнамайды? Бірақ, сондай жиындардан қарыны ашып, көңілі түсіп қайтқан жандарды жиі кездестіреміз.

Той жөніндегі ой
Сөзімізге тұздық болсын. Қазіргі той туралы, асабалардың мәдениеті жайында халықтың пікіріне де құлақ түріп көрдік.
– Қазіргі заманның ағымы сол. Бірақ, заманды жасайтын – адамның өзі ғой. Біздіңше, бұл буынның ой, өресін жылдам, әрі арзан ақпарат пен бос күлкіге көмген әлеуметтік желідегі сапасыз «контент» жаулаған. Айнымас серігі – смартфон. Жанында отырған адаммен тілдескеннен көрі телефонды әлдеқайда жақсы көреді. Қолында жоқ болса іздеп шарқ ұрады. Таңертең ұйқыдан ояна сала көзін тырналап ашып, телефон қарайды. Оған даңғырлаған әуенді қосыңыз. Бірін жаттап үлгерместен келесісі шығады. Көбі – той әндері. Сан бар сапа жоқ. Ой салатын әнді тыңдағысы жоқ. Ой қуатын уақыты тапшы. Тик-токтағы әнге билеп жүргеніне мәз. Осылайша кейінгі буын қалауын шоуменнің ессіз ойыны мен әзіл-қалжыңынан табады. Арзан күлкі – тез жайылатын ең уытты вирус. Міне, аудитория осылай қалыптасады, – дейді кент тұрғыны Үргенішбай Бақбергенов.
Әлеуметтік желіде келеңсіз, оғаш оқиғалар да орын алып жатады. Тойлардағы ерсі қылықтар мен мәдениетсіздіктен жерге қарайтын болдық. Мысалы, ақсақалдар мен әжелерді би мен ойынға сүйреп шығарып, кейбір асабалар шектен шығып жатады. Осы орайда асабаларды да әңгімеге тартып көрдік.
– Той жүргізетін асабаның сценарийі көңілді қалжыңға құрылады. Бірақ күлкінің де реті бар. Күлдіре отырып білдіруге де, бүлдіруге де болады. Жеңіл, мазмұны мәнсіз, арзан күлкі де, езу тартып-ақ елді аузына қарататын астарында атан түйеге жүк боларлық мағынаны аңғартатын күлкі де бар. Той болған соң мейлінше халыққа күлкі сыйлауға барымызды саламыз. Мұнда той иесінің талабы мен қалауына байланысты. Біз тапсырыс берушілердің көңілінен, әрі жиналған көпшілікке жағымды әсер етуге тырысамыз. Кейде орынсыз әзіл халықтың өз арасынан шығып жатады. Сондайда асабалар әңгіме ауанын басқа арнаға бұрып жіберетін сәттер де болады. Импровизация мен той мәдениетін сақтауға тырысады, – дейді шоумен Жанболат Кеңшіліков.

«Ебін тап та, жөнге сал»
Халқымыз тойды асқаннан, тасқаннан жасамайды. Шаңырақ көтеріп жатқан жастарға елдің батасы тисін, көптің тілегін алсын деген ниетте жасайды. «Баталы құл – арымас» деген. Қуанышым көбейсін деп бөліседі. Әуелдегі ниет – осы.
Қанына өлең мен әуез сіңген дана ел түскен келінге айтатын өнегесін қарапайым сөзбен емес, беташармен жеткізетін. Ұзатылған қыз да ішіндегі қимастығын тұла бойыңды елжіретер сыңсумен айтатын. Айтыс та тойларда өтетін. Мыңды айдаған байлар додада өз ауылының даңқын шығару үшін бар жақсысын, палуанын, ақынын, бір өзі бір қойды жейтін мешкейін ертіп барған. Ойлап отырсаңыз, қазақтың тойы жай ғана ішіп, жеп, көңіл көтеру емес. Дала философиясы аңқыған ауыз әдебиеті, жауынгерлікті, рухты шыңдайтын ойыны, тұтас бір ғылымға татитын салт-дәстүрі де осы той арқылы сақталып, жаңғырып отырған.
Той мәдениеті мен тәртібі бір күнде түзелмейді. Десек те салтанатты кештерді ұйымдастырып жүрген азаматтар дәстүрден алшақ кетпесе екен дейсіз. Қалай десек те қандай бас қосу болсын көңілің марқайып, рухани азық алып шыққанға не жетсін?!

Ақнұр САҒЫНТАЙ
17 қыркүйек 2023 ж. 262 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 264

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 363

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930