» » ТОЙ ҺӘМ АСАБА ӘДЕБІ

ТОЙ ҺӘМ АСАБА ӘДЕБІ

Той – қазына. Оның тізгіншісі – асаба. Бүгінде той да, асаба да көп. Сол тойдан қандай өнеге алып жүрміз? Кімдерді үлгі тұтудамыз? Той – тәрбиенің бір құралы десек, біздің то­йымыз сол талаптан шығып жүр ме? Ұлттық салт-дәстүріміз даңғыраған музыка мен даңғаза сөздің көлеңкесінде қалып жатқан жоқ па? Хош, әрі қарай таратайық.
Ду-ду күлкі. Тойдың басталғанына біршама уақыт. Асаба жаңа құда-құдағайды ортаға шақырды. Сценарий бойынша екеуі екі жақтан жүгіріп шығып, құдағай құшақтасуы, құда төс түйістіруі керек. Күлкіге қарық болған тойшыл қауым шапалақты аямай соғуда. Бірақ қайсысы қыз берген, қайсысы жігіт жақтың ата-анасы сол жағы белгісіз. Әйтеуір қайсысы болса да, екі жақтан жүгіре шығып, құшақтасуда. Жақын отырған үлкендердің бірі: «Қыз бергеннің назы болмаушы ма еді? О заман да, бұ заман, қыздың әке-шешесі жүгіргені несі, тоба!», – деп салды. Тойдың соңына таман тойхананың есебінен торт әкелінді. Екі жас торттан кесіп, екі жақтың ата-анасына асатты. «Бәрін айт та, бірін айт – біздегі тойдың жырын айт» демекші, қазақта әкесі баласына асатқанды көруші едік, баласы әкесіне асатқанды көрсек, көзіміз шықсын», – деп күңк етті тағы біреу көп ішінен. Салтымызда әкесі отырып, баласы бас ұстамаған. Асатудың да өз реті бар. Мұның бәрі – үлкен тәрбие саналған. Жалпы осындай жөн-жоралғы қазақы менталитетке сай ма? Асабаның әдебі – тойдың әдебі. Асабаның көрегенділігі – тойдың мағыналы өтпегіне сеп. Кім болса да қуанышының жоғары деңгейде аталып өткеніне мүдделі. Тойханаға оралайық. «Ел қарап отыр-ау» деген құда көрінбейді. Тентек судан әнтек ішіп, стақанды жұтып қоярдай саспайды-ақ. Арақ ішілген тойда береке болушы ма еді? Сәлден соң ішімдікке қызып алған жастар асаба мырзаны тыңдаудан қалды. Тойдың мағынасыз өтуі, жөнсіздікке жол берілуінің себебі неде? Бұл жайында асабалар не дейді.
«Жол бастайтын Серіктей сардары бар,
Төр баспайтын Гүлжанат ардағың бар.
Бекзат, Мәрмәр қаршадай
хандарың бар,
Айтшы Зұлпыхар, қандай сенің
арманың бар.
Бәрің мініп бірліктің ақ кемесін,
Өмір атты дарияны қақ жарыңдар», – деп айтыскер ақын Мұхамеджан Тазабеков жырлаған Зұлпыхар Ідірісов біраздан бері асабалықты кәсіп етуде.
– Жас асабалар (өкпелемесін) жеңіл сөзге көп жол беретіндей. Біреудің әпкесі, біреудің қарындасы отыруы мүмкін. Жүргізу барысында ретсіз сөздер кетіп қалады. Жеңіл әзілдің орнына үлкен кісілер туралы ақын монологын оқыса, елдің жақсы жаңалығын айтса. Тәрбиенің бір ұшы – тойда деп білемін. Онда үлкен мағына бар. Әсіресе, сыйластықтың туын көтеру, паш ету – парыз. Адам намысына тимейтін, арын қозғамайтын жеңіл әзіл айтуға болады. Онда да байқап. Себебі, қазір әзіл көтере алмайтын адам көп. Содан соң шыны керек, кейде арақ бәрін бүлдіріп жатады. Асаба тойға тапсырыс берген әулеттің тарихын, кім екенін білуі тиіс. Сондай-ақ ұрпақтарының өмірге деген көзқарасын білу де маңызды. Халық менен терең, қанағаттанарлық сөздер күтеді. Ал, жас асабадан – би күтеді. Мен басқаратын тойда гүл лақтыртпаймын. Жұғысты болсын деп гүлді құрбы қыздың қолына ұстатып жіберемін. Гүл лақтыру – салтымызда жоқ нәрсе. Ұсынысым – тойда көбінесе ойынның керегі жоқ секілді. Оның есесіне халыққа ән салдырса, қыз-келіншекті ән айтып жарыс­тырса. Қазақтың даласы тұнып тұрған ән емес пе? Аналарымыз салған ән ана қырдан мына қырға жеткен ғой, – дейді асаба.
Расында да, асаба айтқандай, ән жанды дауыста орындалса. Неге осы үрдісті қолға алмасқа. Қариялардың қан қысымын көтеріп, «Опымай-опымайға» билеткенше, бұл әдіс те дұрыс сияқты. Зұлпыхардың пікірінше, асабалықпен қоса, келіннің беташар дәстүріне де терең мән берілу керек.
– Беташарды ақындық жолмен ашамын. Өлеңмен келтіремін. Келінге бір адамның атын атап бірнеше рет сәлем салғызатын кезім болады. Мәселе, ол адамның салған ақшасында емес. Мәселе, сол әулеттің адамын, мәдениетін жас келінге таныстыруда. Негізінен, менің баратын тойым – ұлттық бағыттағы салмағы бар тойлар. Қай кезде де адам бойынан адалдық, адамдық, амандық табылсын. Асаба болудағы мақсатым – «Алланы сыйла – алдына барасың, атаңды сыйла – батасын аласың, анаңды сыйла – жұмақты табасың, халықты сыйла – тарихта қаласың. Төртеуін ұстасаң – адам боласың, ұстамасаң – қор болып далада қаласыңға» салды, – дейді З.Ідірісов.
Арақ-шарап қойылатын тоймен қатар, халал той да өтеді ел арасында. Оның басты ерекшелігі – дастарқанға ішімдік қойылмайды. Яғни, бұл – мұсылманша той.
– Тойда көп бола бермеймін. Кейде асабалар қарттарды секіртіп билетеді. Онысы – ұят әрі сый-құрметке қайшы. Шеттен шығу болады. Мұсылманша тойда алдымен Құран оқылады. Содан соң барып той жоралғысы басталады. Оны шариғаттан хабары бар асаба басқарады. Халал той – у-шусыз өтеді. Асабаны тыңдайды. Нәзікжандылар жабық, әдепке сай киінеді. Имамдар уағыз айтады. Дегенмен, халал той сирек. Оның көбейгенін қалар едім. Ондай той – жастардың дінге көзқарасы дұрысталып, имандылық жаңа бір деңгейге жеткенде болмақ, – дейді «Ораз ахун» мешітінің имамы Нұрболат Рахметуллаев.
Қайсыбір кемшін тұсты үлкеннің ескерері бар. Той туралы ой айтуды ардагер ағалардан сұрауды жөн көрдік. Сондай ардагердің бірі – Сәдуақас Шалабаев.
– Той атаулы қазақи салт-дәстүрде өтсе. Салыстырғаным емес, жас асабадан гөрі суырып-салма дарыны бар ақын асабаның той тізгінін ұстағаны абзал. Өйткені оның тілдік қорының байлығы мен әдебиеттен сусындағаны көрініп тұрады. Ойын ойнатқанда қалай болса солай емес, ұлтымыздың әдет-ғұрпына бағытталса. Кейде асабаның дөрекі әзілі мен ашық-шашық киінген бишілердің өнеріне қарнымыз ашады. Байқайтынымыз – асабалар жаттанды. Тойханада беташар жасағанды құптамаймын. Келіннің беті түскен шаңырағында ашылуы тиіс. Бата отбасында қалуы шарт. Сонымен бірге, қыз жақ құданың бірінші шай бергені де көңілге қонымсыз дүние. Құдасын танымай жатып, күтеді. Бұрын қызды алып кеткен соң жігіт жақ, содан кейін қыз жағы құдалық шақыратын еді. Тағы бір қосарым – келін түскенде дарбазаны ашып қояды. Көлікпен есіктің алдына дейін келеді. Салт бойынша, келін үйге жетпей 15-20 қадам жетпей көліктен түсіп, өз ризашылығын көрсетіп жаяу жүріп келуі керек. Бүгінде құдалыққа 50-60 адам келетін шықты. Бұл да астамшылық. Оған 15-20 адам келсе жеткілікті. Әулеттің тайлы-таяғын шұбыртпай өзіне қарасты: құда-құдағай, нағашы, жиенін апарса, – дейді ардагер өз ойын білдіріп.
Түйін:
Той да, талғам да – әркелкі. Асабаның қызмет бағасы да – әртүрлі. Дегенмен, талғам да, той да – өтпелі. Мәңгіге қалатыны – ұлттық дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз. Өскелең ұрпақтың өнегесі үшін осындай әрбір өрелі шараның орны бөлек. Тойымыз ойымыздан шықсын десек – одан қазақылықтың исі бұрқырап тұрсын.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК,
«Қармақшы таңы».
03 сәуір 2019 ж. 2 148 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 036

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031