Ерте үйлену: Ерлік пе, ессіздік пе?
Фото
«Үйлену оңай, үй болу қиын» деген қанатты сөздің қасиеті қашанда жойылмақ емес. Себебі, сүйіп қосылғандардың өзі сынаққа ұшырап, өмір арнасында сүрініп жататын жайлары да кездеседі. Шаттық орнамаған шаңырақтан мән, бақ тұрақтамаған отбасыдан береке кетері белгілі. Тойдан кейін туындайтын түсініспеушілік, жанжалдың бәрі шаңырақтың шырқын бұзып, шырайын кетіретіні ақиқат. Әйтеуір, отау құру ойыншыққа айналып, опық жейтіндер саны көбеймесе дейсіз.
Рас, бүгінде жастар арасында ерте үйлену белең алды. Отбасылық өмірдің парқын ойша бағамдайтындар үйленгеннен кейінгі үй болу жағдайына бас қатырмай жатады. Алғашындағы «сүйдім» деген сертке толы сөздердің сүйкімі кетіп, арада араздық пайда болғанда ажырасуға дейін барып жататыны жасырын емес. «Үйлену» деген сөздің мағынасына келсек, екі адамның бір бүтінге айналып, бір бағытқа қарай қадам басуы емес пе?! Бірлесе отырып, өмірдің ыстығы мен суығына шыдас беруі, ер мен әйелдің бір-біріне қолдау білдіріп сүйеу болуы сынды астарында ауыр да жауапты жүк жатыр. Енді бесіктен белі шықпаған балалар осы жүкті жүрексінбей көтере ала ма? Тәтті сезімнің жетегіне еріп, ерте шешім қабылдау тағдырдың тәлкегіне ұшыратпай ма? Саралап көрсек.
Иә, қазір шаңырақ көтерген студенттер жетерлік. Тіпті мектепті бітіре сала неке құруға, үй болуға асыққандардың саны артып келеді. Мұндай жастарды әлеуметтік желіде жиі байқап жатамыз. Қазірде көпшілігінің өмірінде болып жатқан жаңалықтарын желіге жүктейтін жақсы әдеті бар. Жақсы әдет дейміз-ау. Мұнан кейбірі опық жеп те отыр. Тіпті ұятты да ысырып қойғандарын көз көріп, құлақ естіп жүр. Екі жас жаңа өмірге қол ұстасып қадам басады. Әлгіндей бақытты сәттердің суретін салады. Отбасылық өмірдің алғашқы сәтінде ыдыс-аяқтың сылдырайтыны заңды емес пе? Бір-біріне үйренісу, жаңа жерге сіңісу деген секілді. Оған үйренбеген екеуі бір күні «ажырастық» деп айғай сала тағы жазба қалдырып, бір-бірінің кемшілігін бетіне басып, оны жалпақ жұртқа жария қылатынын қайтерсіз. Қош, аз уақыт өткен соң кешірім сұрап, екі жас татуласады. Бірақ олардың арасында не болып, не қойғанын желіге жүктеп, жариялау кімге не пайда әкелді?
Отбасы ойыншық емес
Ертеректе 13-те отау иесі деп мүшелге толған ұл-қызды ересек көретін. Ол заманда ерте шаңырақ көтеру қалыпты жағдай болған. Әрі ол кездегі адамдар ерте ақыл тоқтатып, есейген секілді. Қазіргі мектепті енді бітірген қыз алдағы отбасылық сынаққа дайынмын деп ойлағанымен, іс жүзінде байыбына бара бермеуі мүмкін.
Ерте жастағы некенің себебін зерттеген сарапшылар көп жағдайда жастықтың әсерінен жасөспірімдер отбасын құруға асығатынын айтады. Бұдан бөлек, ерте есейіп, отбасылық өмірдің дәмін татуға асығу ерте шаңырақ көтеруіне себеп болатын көрінеді. Қыздар үшін отбасылық жағдайға байланысты ата-ананың үйінен ажырап кетуге асығуы да ерте тұрмыс құруға итермелейтінін жоққа шығармайды. Дей тұра ерте жастағы некенің зиянды тұсын да ескерген жөн. Солардың қатарына жыныстық жолмен келетін аурулар, бала тәрбиесіне дұрыс көңіл бөле алмау сынды түрлі мәселелердің ұшы шығады. Ойнап жүріп от басып, балалы болып, соңынан неке қиғандардың ажырасуына себеп те жеткілікті. Бірінші кезекте материалдық пен тұрмыстық қолайсыздық. Екіншіден, жас ерекшелік. Үшіншіден, адами құндылықтардың қарама-қайшылығы. Төртіншіден, өмірлік тәжірибенің жетіспеуі. Міне, осы секілді мәселелердің салдарынан отбасылық өмірге асыққан екі жастың шаңырағы шайқалады, онда туған балалар жартылай жетім атанады. Бірі – ана мейірімін сезінбей өссе, енді бірі әкенің қамқорлығына зәру.
Ерте жастан үйленген жасөспірімдер махаббаттың не екенін толық түсініп үлгермейді. Тіпті не екенін білмейді. Олар көбіне уақытша жылулықты сезіммен шатыстырып алады. Отбасынан, ата-анасына еркелеп өспеген қыз-жігіттер балалықтан ерте арылып, «есейдім», «бойжеттім» деген оймен бойына жетіспеген жылулықты сыртқы ортадан іздей бастайды. Психологтардың айтуынша, өтпелі шақта отбасын құру дұрыс емес. Өйткені, жастар некенің тек сезімнен құралатын дүние емес екенін біле бермейді. Отбасы екі тараптан құрылғандықтан, жауапкершілік те екеуіне бірдей түседі. Отбасылық өмір өте көп энергия мен көңіл бөлуді талап етеді. Ал ерте үйленгендер адам өміріндегі базалық қажеттіліктерді шешіп алмай үйленсе, отбасына тиісті көңіл бөле алмайды дейді мамандар.
Ресми деректерге сүйенсек, әлемде 12 млн адам ерте неке құрады екен. Оның 4,4 млн-ы – 15 жасқа жетпей отау құратындар. Кәмелетке толмаған қыздарды тұрмысқа беру дерегі көбіне Африкада тіркеледі. Одан кейінгі кезекте Оңтүстік Азия, Латын Америкасы елдері тұр. Кейбір дамыған елдер ерте некенің зиянын бағамдап, күрес жүргізуді де бастап кеткен. Айталық, Швеция елінде кәмелеттік жасқа толмағандардың некелесуіне қандай жағдай болмасын, мүлдем рұқсат берілмейді екен. Ал біздің елімізде жасөспірімдердің шаңырақ көтеруіне заң бойынша тыйым салынғанымен, оның жеңілдіктері де қоса қарастырылған. Заң бойынша, елімізде неке қию жасы – 18 жас, бірақ заң екі жағдайда бұл жасты төмендетуге мүмкіндік береді. Біріншісі – қыз жүкті болғанда, екіншісі – ортақ бала туған кезде.
Өзі бала, ісі шала
Жастардың ерте үйленуіне әсер ететін факторлар өте көп. Бірі өткінші сезімді махаббатпен шатастырып шалыс басса, енді бірі ерте жүктіліктің жауапкершілігін мойнымен көтеріп, екі жақтың келісімімен некеге тұрады. Ал бірі кәмелеттік жасқа толмаған қыздарды алып қашып, қылмысы заң жүзінде құрықтылған соң жазаланып жатады. Ерте үйленуге келгенде ел пікірі екіге бөлініп жатады. Жас жұбайлар некесі жарасымын тауып, отбасы айрандай ұйып отырса, бақытты болатынын айтып ойын безбендесе, басқасы кемшіліктері мен зардабын айтып, ерте үйленуді ессіздікке балап жатады.
– Менің ойымша ерте үйленуге екі жақты қарау дұрыс секілді. Бұл жағдайға бірі «ерте үйленудің не әбестігі бар?» десе, енді кейбіреуі «жастайынан ерте қағынып» деп, түрлі пікірлер білдіреді. Дегенмен, ерте отбасын құрған жас жұбайлар өмірдің ащытұщысын бірге көріп, бір-бірінің қасында ұзақ өмір сүреді. Бірақ, ел ішінің бәрі бірдей емес, ажырасып кететіндері қаншама?! Десе де, бұл жағдай кеш тұрмыс құрып, үйленетін азаматтардың басында да қайталанып жатады. Сондықтан екі тұрғыда да түсіністікпен қарау керек. Әрине, нақты «осы жаста үйлену керек» деген қағида жазылып қойған жоқ, өмірдің заңдылығы мен Алла тағаланың бұйрығына қарай солай болады. Меніңше, үй болып, отбасын құрып, ата-ана атанып, ұрпақ жалғастыру қажет. Қай жаста отау құрсақ та, береке мен бірліктің ұйытқысын бір жерге жинаған үлгілі отбасы атану басты мақсат болса екен, – дейді кент тұрғыны Ажар Мырзалиева.
Ерте некенің ертеңі күмәнді
Отбасының әрбір сылдырын жариялайтындардың дені де жастар. Әлі болашақ өмірге, сезімдерге жауапкершілік ала алмайды. Содан ерте жастан ата-ана атанады да, үстін-үстін түскен жауапкершілік еңсесін басып, бәрінен қашып, безіп кеткісі келеді. Отбасындағы барлық шешімді екі жаққа кетумен, қолды бір сілтеумен бітеді дегенмен байланыстырады. Оларға тоқтау салып жатқан да ешкім жоқ. «Баланың ісі шала» деген, сірә осы болар. Ал енді осы ерте жастағы некеден туған баланың келешегіне бас қатырып жатқан адам бар ма? Ерте жастағы неке – қоғамдағы үлкен мәселенің бірі. Статистикаға сүйенсек, ерте үйленген екі жас некесінің 90%-ның болашағы жоқ екенін, арты ажырасуға апарып соғатынын көрсетіп отыр. Отбасының бұзылуына ерте үйлену себеп болады дейді сарапшы мамандар. Олардың арасында түсініспеушілік туындап, бір-бірін кеш тани бастайды. Сондайақ жаңа түскен келіннің отбасылық рөлі шектеліп, үй шаруасы мен бала тәрбиесінен әрі аса алмайды.
Таяқтың екі ұшы болатыны секілді, базбіреулер ерте жастағы неке адамды өмірге ерте шыңдайды, балалықтың буынында тез есейіп, қат-қабат тіршілікке бейімделеді деп жатады. Осылай шаңырағы шайқалмай, шаттыққа толы өмір сүріп жатқандар бар. Бірақ олар өте аз.
Түйін «Отбасы – шағын мемлекет» дейміз. Ендеше, мемлекеттің мертіктірмей, іргесі мықты қалануы үшін парасаттылық, ақыл мен ой керек. Аяғына нық тұрған, оң мен солын таныған уақытта отау тіксе айыбы жоқ. Бірақ түйсігі мен санасы бала көңілден арылмаған, әлі толыса қоймаған жасөспірімдердің ерте есеюге асығып, шаңырақ көтеруге ниетті болуы әсте дұрыс емес. Асығыс шешімнің салдары сан соқтырғанда өрімдей қыздардың өмірі өксікке толып, ажырасуынан ауыр нәрсе жоқ. Асылында, үйлену – жолда кетіп бара жатып талқылай салатын, ойнап отырып қабылдай салатын жеңіл шешім емес. «Баянды бақытқа кенелеміз» деп жүргенде қасіретке тап болуы әбден мүмкін. Сондықтан сана сүзгісінде сұрыптап, салмақтанғанда ғана болашаққа бағыт алған ләзім.
Ақнұр САҒЫНТАЙ