Жұмысымды жанымдай жақсы көремін
Ол кісіні газет қызметінде алғашқы тілшілік кездерден таныдым. Ол еңбек ететін балабақшаның ісшарасына жиі қатысып, қонағы болатынбыз. Кейде түрлі сайыстарына қазылық еткен күндер де болды. Сондағы байқайтынымыз – апайдың бірқалыпты мінезі. Мейірімге тұнған адамгершілік, адами болмыс. Балаға деген махаббаттың биік көрінісі. Өзін көпшілікте ұстай білуі мен сөйлеу мәнері көпті тәнті етсе, байыптылығы мен салмақтылығы өзінше бір әңгіме. Түсіне білгенге табиғат сыйлаған тамаша бір тұрпат. Бүлдіршіндермен өткізілетін әрбір іс-шара жаңа идея мен тың бастамаға толы. Ізденіс пен талап қоя білудің қосындысы сырт көзге бірден аңғарылады-ақ. Тәрбиешіліктен басталған оның қызметі уақыт өте меңгерушілікке ұласады. Оған ауданның білім басшылығы үміт артып, ұжым басқаруды сеніп тапсырғаны да бекерден-бекер емес. Басшылық тарап өз шешімінен мүлт кетпеді. Себебі, білікті маманның бұл қызметке өмірлік тәжірибесі де, кәсіби шеберлігі де, ұжымды ұйыта білетін қабілеті де жететін еді. А.Әбжалиева балабақша саласында екі бірдей білім алып, біліктілігін жетілдірді. Жосалы кентіндегі Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектептің түлегі бастапқыда Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы қазақ қыздар педагогикалық училищесінен «Мектепке дейінгі мекемелердегі тәрбие» мамандығы бойынша оқыса, одан соң Қорқыт ата атындағы педагогикалық институттан «Мектепке дейінгі ұйым әдіскері» мамандығы бойынша білім алып шықты. Еңбек жолы аудан орталығындағы №3 «Ертөстік» балабақшасында тәрбиеші болудан басталды. 1998 жылдан жоғары санатпен жұмыс істесе, 2006 жылдан бастап бүгінге дейін сол бөбекжай-бақшада меңгерушілік қызметін абыроймен атқарып келді. Оның еңбек өтілінің 23 жылы тәрбиешілікке, яғни бүлдіршіндердің тәрбиесі мен біліміне арналса, 18 жылы ұжым басшылығында өтті. Бас-аяғы 41 жылды құраған халыққа қызметінде көптен алғыс алып, ықыласына бөленді. Әрине, өмір біз ойлағандай түп-түзу жол емес, кедір-бұдырлы да болып жатады. Осындай жауапты сәтте мәселенің түйінін тарқатып, уақытылы шешілуіне атсалысты. Ұзақ жылғы еңбек жолында бөбекжай қызметкерлерінің ауызбірлігі мен кәсіби біліктілігін арттыруға күш салды. Жаңадан қызметке келген жастарға ақыл-кеңесін айтып, екінші анасындай болуға тырысуы да – оның кең пейілі мен мейірімділігі деп ұғамыз. Осындай бірлігі жарасқан еңбек ұжымында бірқатар аудандық, облыстық семинарлар өткізіліп, сала басшылығының жоғары бағасына ие болса, бөбекжай тәрбиешілері де арнайы курстарға қатысып, біліктіліктерін арттырып, тәжірибелерін толыстырып отырды. Ұжымның өзге әріптестері арасында беделді, сыйлы, жүйелі жұмыс көрсете білуі – оны басқарып отырған басшының іскерлігі мен адами қасиетіне бек байланысты. Осы ретте жуырда ғана ауданның белсенді азаматтары және ұжымының зор құрметімен зейнеткерлік демалысына шыққан ұстаз ананы сөзге тартқанбыз. – Алғашқыда тәрбиеші болып істедім. Одан соң әдіскер. Кейін балабақша қызметкерлерінің бірауыздан жоғарыға өтініш жазып, мені ұсынуы, басшылықтың қолдауы арқылы меңгерушілік қызметіне келдім. Осы жылдарда әрбір ұжым мүшесіне ілтипатпен қарап, ауызбіршілікпен жұмыс жасадым. Талап қойып, соның үдесінен шығуды өзімнен бастап қарауылға дейін ата-ананың көзінің ағы мен қарашығы болған бүлдіршіндеріміздің денсаулығына, қауіпсіздігіне, тәрбие-өнеріне барынша назар аударып, мән беріп жұмыс істедік. Тәрбиеші мамандығын бала күнімнен қаладым. Жаратылысымыздан қыз баласы нәзік келеміз, оған мейірімділік тән. Мүмкін менің де мамандық таңдауыма осы нәрселердің де себебі болған шығар. Сонымен қатар, өзім отбасында 4 бауыр болып өскенбіз. Әкеміз соғыс және еңбек ардагері болды. Алдымдағы әпкелерімнің барлығы жоғары санатты мұғалім болып педагогика саласында қызмет жасады. Төртеуміз де ұстаздық жолды ұстандық. Әкеміз соғыстан оралған соң ауылдық кеңестің төрағасы, мектеп директоры болып қызметтер атқарды. Бірақ өкінішке қарай, майданнан алған жарақатынан өмірден ерте озды. Анамыз тыл ардагері, біздерді өзі өсіріп, ер жеткізді. Ата-анамыздың дұрыс бағыт-бағдар беруінің және сол кісілерді қуанту үшін еңбек еткеніміздің нәтижесінде осындай дәрежеге жеттік. Тәрбиеші қандай болу керек деген сауалға айтарым, ол ең бірінші мейірім иесі болуы керек. Баланы бар көңілімен жақсы көруі керек, жан-жақты, шығармашыл болу да маңызды. Алғашқы тәрбиеленушілерімді көргенде (олар қазір азамат болып ер жетіп кеткен) жүрегім қатты елжірейді. Оларды әлі күнге дейін сондай жақсы көремін, баяғы балабақшадағы кездері көз алдыма келеді, – дейді майталман маман.
Айткүл апайымыздың білім саласындағы еңбегі ескеріліп, бірқатар марапаттарға ие болған. Ол қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының Құрмет грамотасымен, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен оның облыстық филиалының, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаты мен дипломдарымен марапатталған. Одан бөлек, облыс әкімінің құттықтауына ие болса, облыстық оқу орталығының ұйымдастыруымен өткізілген педагогикалық оқуға қатысып, педагогикалық оқу материалдарының жинағына енген. «Жарасымды жанұя», «Отбасы және балабақша» журналдарына әдістемелік жұмыстары жарияланған. Оған қоса «Ұстаздар» күніне орай ауданның бас көшесінде ұстаздар қатарына суреті ілінді. Әйелдер кеңесінің мүшесі ауданның қоғамдық жұмысына да белсене араласады. – Алда жоспар көп. Соның бірі – ауданымызды өркендетуге атсалысу. Мектепке дейінгі білім мекемесінің тілекшісі болсақ, бірі – құдай қаласа, екінші өміріміз басталып жатыр. Отбасында 3 баламыз бар. Үшеуі де Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті. Үлкеніміз биология пәні бойынша бітіріп, магистратураны аяқтады. Қазір мамандандырылған мектеп-интернатында ұстаз. Отбасылы. Одан кейінгі ұлымыз жақында жоғары оқу орнын бітірмек. Универдің көшбасшы студенті. Математика факультетін бітіргелі тұр. О.Шораяқұлы атындағы №30 орта мектептің «Алтын белгі» иегері. Кішкентай қызымыз бастауыш мұғалімі мамандығы бойынша білім алуда. Ұл-қыздарымыздың барлығы да ұстаздық жолды таңдады. Ендігі уақытты балаларыма, отбасына арнамақпын. Ұрпағыма біздің өмір жолымыз үлгі болса деймін. Балалардың әкесі екеуміздің бар арманымыз – осы көзге көрінгендеріміздің жақсы азамат, жақсы ұстаз болып, елдің, ата-ананың құрметіне бөленсе екен деген тілектеміз. Сөз соңында айтарым, ұжымыма, аудандық білім бөліміне риясыз көңілден алғыс білдіремін. Әркез жақсылықта болыңыздар демекпін, – дейді бала жанының бағбаны.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК