» » Қайыршылық һәм жәрдем сұрау турасында

Қайыршылық һәм жәрдем сұрау турасында


  Қазақ ешкімнің алдында тізе бүкпеген, жесірін жасытпаған, жетімін жылатпаған халық. Бұл үрдіс қазақ ұлт болып қалыптасқалы сан ғасырларды артта қалдырып бүгінге дейін жетті. Ауыл аралас, қой қаралас болып өмір сүріп, татулықтың озық үлгісін тарих беттерінде қалдырды. Ағалардың қорған болуы, көршілердің бір-біріне қарасып тұруы, жоқ болса бөлісуі һәм көмектесуі қалыпты құбылыс-тын. Құдайы қонақ болып барса төріне шығарып, ас-ауқатын алдына тосып ата дәстүрінен әрі аттамайтын. Ескі таныстарша әңгімелесіп, елдің һәлі туралы жаңалықтарды бөлісіп, абыз-ақсақалдардың қиссаларынан сөз ететін. Ол тұста алақан жайып қайыр сұрап отырған адам болмайтын. Қиналған жарлыны көрсе жаһанға жар салдырмай айналасындағы сөз бен көзден сақтап, бөлінгенді бүтін қылып беретін. Руластары «руымызға күйе жағылмасын», «осы рудың азаматы қайыр тілеп жүр» дегенді естіртпейін деп қаңғырған қазағын қара үйге кіргізіп, қорасын малға, қабырғасын жанға толтырып қоятын. «Қарақшы Қараман» шығармасы осыған дәлел. Берекесін береді деп сүрінгенді демеп, құлағанды қайта тұрғызатын. Қол шошайтып күлетін, мазақ қылып келемеждейтін, болмашыны әңгіме қылып мыжып отыратын мұжықтар ол тұста болмаса керек.
   Осы тақырып турасында болған бір оқиғаны баяндап берейін.
  Бірде автобусқа отырдым. Адам саны лық толы. Таңғы уақыт. Кірген жолаушылар жоғары көтеріліп орын алмасып жатыр. Менің артымнан орта жастағы әйел кісі де кірді. Үстінде ұзын киімі бар, беті бүркенген. Адамдарды ығыстырып, өзіне қолайлы ортаға барып жерге отыра кетті. Талып қалды-ау деп аланңап беттегелі жатқанда құран аяттарын дауыстап қатты оқып жатқанын байқадым. Қолындағы бүктелген қағазды көрсетіп, бейтаныс адамның еміне көмек керек деп жолаушылардан жәрдем тіледі. Болған соң әр адамның алдына барып екі алақанын жайып, халықтың берген тиындарын алып бет сипап, өз тілінде түсініксіз сөздерді айтып, аялдамаға келіп тоқтаған автобустан асыға түсіп, артымыздағы келесі автобусқа аптыға міне жөнелді.
  Бұл жайт қоғамдық алаңда дабыл қағатын көрініс. Күн сайын қоғамдық көлік пен орындарда еңкейген қарттан бастап енбектеген сәбиге дейін жүреді. Жас буынның ой-өрісі осындай оқиғаларды көріп бұзыла бастайды. Бейтаныс әйелдің жасаған қылығы жастардың санасын шірітіп, қайыршылықтың кейіпін көрсетті. Буыны қатаймаған балалар өмірдің қиындықтарына осындай жат әдеттер арқылы төтеп беремін деп қабылдап қалуы бек мүмкін. Біздің болашақ үшін алақан жайып, қайыр сұрап отыру қалыпты үрдіске айналып кетпеуі керек.   Дерттің асқынғандағы шипасына емес, алдын алуына жұмыс жасасақ, уақытты басқарып көп нәрседен басым түсеміз. Қоғам болып жас буынға кеселге әкелетін көріністерді көрсетпеуге жұмыс жасауымыз тиіс. Халықтың тоз-тозын шығарып, абыройына нұқсан келтіретін бірден-бір себеп осындай оқиғалар.
  Халық бейшаралыққа бірден жетпейді. Бірақ таспаға жазып алғандай тәулік сайын қайталай беретін әрекеттері жастарды қажытып, көңілге кіршіксіз у шашады. Кейін кішкене уақыт қарны ашқан жастар қайыр сұрап нәпақа табамыз деп жүрсе, өткенді аманаттаған ата әруағы бізді кешірмейді. Қоғам белсенділері билік өкілдерімен бірігіп осындай сорақыға қарсы іс-қимылды бастаса, арты ашық аспан мен нұрлы шуаққа ұласпақ.
  Тарих ашылады, беттеледі, кейінгінің талқысына түседі. Сонда келешек ұрпақ біздің бүгін қылған жұмыстың бағасын береді. Осы тұста Әлихан Бөкейхан былай дейді: «Әр ұрпақ болашақтан қарғыс арқаламау үшін өзінің міндетін жетер жеріне жеткізіп орындап кету қажет».
Нұрасыл БЕКМАТОВ
28 мамыр 2024 ж. 260 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 272

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 369

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930