» » ТІРШІЛІК ҺӘМ ТІЛЕНШІЛІК

ТІРШІЛІК ҺӘМ ТІЛЕНШІЛІК


Біреуді ренжітуден не болмаса өкпелетуден ау­лақпын. Ондай ойым түгіл түсіме де кірмеген. Десе де, кейде шындықтың шым­байға тиіп, сан етіңнен  шымшып алатыны бар. Мен де қолдан кел­генше өз ойымды айтуға тырыстым.
Қалам ұстағанның қарап жүрмейтіні рас. Айналаңды бақылап, зерделейсің. Ондағың – жақсы дүниені жарияға жар салу болса, нашарынан жұртты жеріту. Келісемін, ешкім жоқшылықты сұрап алмайды. Дегенмен, тағдыр басқа салды екен деп баз кешу де бекершілік секілді. Тегі, қай істе адамның өзіне, танымы мен түсінігіне, көзқарасына байланысты көрінеді маған. Себебі, кей адамның тілі сайрап тұрады да ісі нәтижесіз. Кейбіреудің сөзі баудай болғанымен, істеген ісі таудай. Мұндайды қазекем: «Арық сөйлеп, семіз шық» деп сөзбен шегелеп тастаған ғой. Ал енді бір замандас, қоғамды, атқамінерлерді кінә­лап жүреді. Не керек, бұл категория мәселенің шешімін өзінен емес, өзгеден іздеуге үйренген. Енді бірі – оңай олжа іздейді. Ол  «алма піс, аузыма түс» деп қайдан келіп қалсын. Қазір баяғыдай әскерден келген жігітті бір айда жұмысқа тұрғызатын күн жоқ. Несібең – ниетіңе, табысың – талабыңа қарай табылады. Масылдықтың көзден ғайып болып, нарық атты уақыттың келгені қашан. Сонда да болса оған әлі бейім емеспіз. Қазір бұлақтың көзін тапқан, пайдаға кенеледі де, таба алмаған – далада қалып сенделеді. Шыны сол, еңбек іздеген мен еңбек еткеннің аузынан ақ майы ақпаса да – күнкөрісі түзу. Байлыққа белшесінен батпаса да – ешкімге алақан жаймайды және кіріптар болмайды. Бұл – бір категория. Ал келесі категория – тіленшілік. Бізге керегі де осы категория. Бұл он екі мүшесі сау бола тұрып қуыс-қуыста, қоғамдық орында қайыр тілейді немесе өзгенің  есебінен күнін көруге, отбасына талғажау табуға дағдыланғандар.
Бірде әлеуметтік желіден бір әріптесімнің «Бомж» деген әңгімесіне көзім түсті. Назарымды жүгіртіп жылдам оқуға тырыстым. Жоқ, тәп-тәуір жазылған. Артынан асықпай тағы бір мәрте оқып шықтым. Өмірдің өзінен алынған мысал. Оқиғаның желісі мынадай. Қалада көпқабатты үйдің қоқыс жәшігін бір жігіт ағасы күнде келіп ақтарып кетеді. Жеуге жарайтын тамақ пен киерге киім іздейді. Мұны сыртынан байқаған бір кісі бірде анасына өзінің таза жуылған киімдерін манағы бомжға берейік деп кеңеседі. Анасы қарсы болмайды. Киімдерді қолқалтаға салып жатып қасына дұға кітабын бірге салады. Күндердің күнінде бомж жігіттің үйіне келіп, рахметін айтады. Оның алдында бұрынғы кір-қожалақ, ұсқынсыз бомж емес, бет-әлпеті түзелген, жақсы киінген адам тұрған-ды. Мұндай адами қалыпқа түсуіне дұға кітабының себеп болғанын, соның арқасында қазір жұмыс істеп, нәпақасын тауып жүргенін естіген жігіт пен анасы қатты қуанады. Имандылыққа бет бұрып, намаз оқыған бір адамның осылай тағдыры өзгеріп шыға келеді.
Алақан жайып жүргендер көбіне мешіттен кездеседі. Мешіт – қашан да қайырымдылықтың ошағы, иман­ды­лықтың ортасы. Десе де, еңбекке жарамды бола тұра тілене беру жақ­сылықтың нышаны емес. Себебі, жанын еңбекпен қинағысы келмейтіндер қол жаюға қалыптасатын секілді. Бұл жайында дін не дейді?      
– Тіленшілік, әркімге қол жая беру дінімізде ұнамсыз күнәлі іс. Мұсылман адам маңдай терімен адал асын табуы тиіс.  Пайғамбарымыз базарда қайыр тілеп отырған кісіні көріп шақырып алып одан: «үйіңде не бар?» деп сұрайды Сонда ол кісі жамылғы ғана дейді. Адамзат баласының асылы жамылғысын сол жерде сатып, орнына арқан мен балта алып береді де: «орманға барып отын әкеліп сат», – деп оны қайыр тілеуден құтқарады. Сонымен бірге оған  маңдай термен табыс табуды, еңбек етуді үйретеді, – дейді имамдар. 
Тепсе темір үзетін кей замандастың көшеде немесе қоғамдық орында қайыр тілеп ақша тапқысы келетіні санаға сыймайды. Егер ақыл-есі кем болса, онда ол түсінікті. Ал, қазіргідей әр күні алтынға бағалы нарық экономикасында бос жүру, кезбелікке салыну әрине, жағымсыз әдеп. Ондай кісілерге денсаулығының кінәраты не болмаса мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір тарихы өнеге болса.
– Тағдырдың талқысына ұшырап қол арбаға таңылған талай азаматты білемін. Соның кейбірі тек қана отбасын емес бүкіл әулетіне бас-көз болып, қамқорлық танытып жүр. Сол секілді ауданның қоғамдық жұмысына бел шеше кірісіп, сау адамнан артық әрекет етеді. Іскерлігі, адамгершілігі бір төбе. Неге сондай жаннан үлгі алмаймыз. Біреудің бір бергені – өміріңе дәт бола ма? Бір реттік дүниенің қызығы бар ма? Анау аяқ-қолы жоқ, тек қана кеудесі бар Ник Вудичті алайықшы. Дүние жүзіне адамның мүмкіншілігін көрсетіп жүр емес пе? Үлгілі әке, аяулы жар. Әсілі, еңбекке қабілетті сау адамның жұмыссыз жүруі – таза масылдық. Одан арылмайынша мемлекет те, қоғам да бақытты ғұмыр кеше алмасы анық, – дейді Жосалы кентінің тұрғыны Алмагүл Елеусінова.    
Түйін:
Айта беретін балық па, әлде қармақ па? Балық алсаң, бүгін тойып, ертең аш қаласың. Қармақ алсаң, балық аулап бала-шағаңды асырайсың. Қарапайым тілмен айтқанда, ел қатарлы өмір сүріп, тіршілік етесің бе, алақаныңды жайып тіленшілік жасайсың ба? Таңдау өз еркіңде.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
04 мамыр 2019 ж. 1 284 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031