» » Онлайн қайыршылар қаптады

Онлайн қайыршылар қаптады


Қазіргі нарық заманында жиғанын шашпай, тапқанын төкпей жүруді мансұқ көретіндер жоқ емес. Реті болса қайыр қылудан жалтарып жүреді. Ал есесіне қалтасындағы соңғы тиынын қағып, қол ұшын созуға дайын жандардың көптігі қуантады. Қазақ тұрмысымен әу бас­тан біте қайнасқан қайырымдылық игі істің үтіндей еді. Дегенмен соңғы уақыттары масылдықты ерттеп алдық. Сұрамсақтық санамызды билеп, қайыршылықтың жаңа түрін меңгердік.
Қазір не көп? Әлеуметтік желі көп. Әсіресе Тик Ток дегенің жұртты ауру қылып бітті. Бас-аяғы 1000 оқырман жинап алса болғаны, бай да, кедей де, малшы мен сылақшы да осында. 24 сағат бойы тікелей эфирге кіріп, білгенін істейді. Егер солардың тікелей эфиріне арнайы сыйлық жіберсеңіз, ол оның шотына ақша болып түседі. Сол үшін әлгі сыйлықты алу жолында ауырады, билейді, ән айтады, тағысын тағы. Ол мейлі ғой, соңғы уақыттары «көпбалалы анамын, жалғызбасты анамын, алаяқтарға алдандым» деген сарында тікелей эфирге кіріп, ақша сұрайтындар көбейген. Анаугүні халықтан ашықтан-ашық ақша сұраған әйел тіпті бермегендерді балағаттап, қарғап, жерден алып жерге салып жатыр. Сондағысы «үйлеріңде жатырсыңдар, беттерің былшиып, мен болсам ақша таппай қиналып жүрмін» дейді. «Анауым бұзылды, мынауым сынды, андай әпер, мындай әпер» дейтіні тағы бар. Ал кез келген пікірлер топтамасын ашыңызшы, 10 пікірдің 1-2-еуі қайыр сұрау. Барып көмек берейін десең, «Голд» бар ғой деп дікілдейді. Бермесең, жазықтысың... Қош.
Қайырымдылық қазақтың қа­нында бар қасиет. Жетімін жылатпау, жесірін қаңғытпау жайы да осы қайырымдылық өзегінде дүниеге келген. Мәселен, ауылдың ақсақалы жесір қалған әйелді әмеңгерлік жолмен қайтыс болған жарының ағасына не інісіне қосу арқылы оның жоқ-жұқа өмір сүрмеуін қамтамасыз еткен. Жетімді де солай. Қазақтың оқыған-тоқығанына қырғидай тиген кешегі зұлмат заманда ауылдасына қарайласып, жағдайы төмен кісіге уыс тары ұсынған атқамінерлердің де жазықсыз жазалануы көрініс тапқан еді.
Енді мына қызықты қараңыз, Ресей қайыршылық кезеңнен осыдан 15 жыл бұрын, «Яндекс кошелектің» уақытында өтіп кеткенін байқауға болады. Еуропа мен АҚШ-та онлайн қайыршылық мүлде басқаша сипат алып, бизнес деп танылатын деңгейге жеткен. Америкада әлеуметтік желі арқылы ақша сұрау баяғыда ескірген, ол жақта қайыр сұрайтындар жеке сайт ашады. Оларды cyber-beggars деп атайды. Қазіргі кезде E-Panhandling, cyberbeg сияқты порталдар белсенді түрде жұмыс істеп тұр. Сайттарға кіріп қарасаңыз несие картасының қарызын өтеуге, пластикалық ота жасатуға, емделуге немесе оқу ақысын төлеуге, күйеуіне қаржылай тәуелді әйелдің ажырасуына, сондай-ақ фильм түсіру немесе альбом жазуға бірнеше центтен миллион долларға дейін сұрағандардың жазбаларынан көз сүрінеді. Тіпті, Билл Гейтстен де асқан бай болуға көмек сұрайтындар, су жаңа көлік алуға жәрдемдесуге шақыратындар да кездеседі екен. Америкалық Wired журналы кибер-тіленшілік сайтын ең алғаш ашқан адам – Карин Боснэк есімді телепродюсер екенін жазады. Ол 2002 жылы несиесін өтеуге қиналып, ақша сұрау мақсатында жеке сайтын ашқан. Нәтижесінде оған 13 мың доллардан астам ақша түскен, сөйтіп аз уақыт ішінде бар қарызынан құтылған. Содан бастап ол басқа онлайн тіленшілерді қолдаумен айналысқан. Нью-Йорк Таймс басылымы e-қайыршылық эпидемиясы осындай сайттардан басталғанын растайды және 2002 жылғы 23 маусымды онлайн тіленшіліктің туған күні деп санауға болатынын жазған.
Ал қазақ неге қайыр сұрайды? Өз жерінде, өз елінде, өз мемлекетінде отырып, жұртқа неге алақан жаяды? Қол-аяғы балғадай қыз-жігіттердің көрінгенге жалынышты хат жолдап, жаутаң қағуыңына не түрткі болып жүр? Көшпенді дәуірді былай қойғанда, небір нәубетті бастан өткерсе де, ешкімге алақан жаймаған қазақ едік. Киерге киім, ішерге асы болмаса да, «бөрі арығын білдірмес» деп ешкімнің есігін сағалап, сұрамсақтамады. Һакім Абайдың өзі «Есірген еріншектіктен өткен кесапатты кесел жоқ» деп еді ғой. Қоғамда ши басын сындырмай жеңіл ақша тауып, оңай олжаға кенелгісі келетіндердің қатары қаптап барады. Әсіресе, он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетіндердің намысты ысырып қойып, өзгеге қол жайғанын көргенде, іштей қынжыласың.
Бірі көшеде жүріп тіленуде, енді бірі пәленбай теңгеге тариф қосып, тікелей эфирде ақша сұрап зар жылауда. Біреуі ұрсып, балағаттап сұрайды, біреуі жалынады, ал енді бірі шын мұқтаж. Бірі алдап сұрайды, бірі міндеттеп сұрайды. Ал әлеуметтік желіге кіре алмайтын, тіпті кіруге шамасы да келмейтін шын мұқтаж жандар ше? Өз күнін өзі күйттеп, өз бетінше тіршілік етіп жүрген нағыз қайырымдылыққа мұқтаж жандар осындай сұрамсақтардан-ақ көрінбей жатады. Оңай олжаға кенелгендер алсам дейді, ала берсем дейді. Арқада отырған масылдық дертін жеңбейді. Алайда уақыт өтеді, керуен көшеді. Әбден қайырға етін үйреткен түрлі әлеуметтік желінің де дәурені өтеді. Ал қалатын кім?
Жо-жоқ, әңгіме қыруар ақшаға аяқ асты зәру болып көмек сұраған немесе басына іс түскен шын мұқтаж адамдарда емес. «Интернет – қоғамның айнасы» деген қағида қалыптасқан уақытта онлайн сұрамсақтардың көбеюі нені білдіреді? Айтпағымыз осы еді...

Айнұр ӘЛИ
22 ақпан 2022 ж. 512 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 275

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 372

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930