» » «Жарқанат ұясының» жыры

«Жарқанат ұясының» жыры

Соңғы уақытта әлеуметтік желі арқылы тараған жарқанат туралы жаңалық жұртты елең еткізді. «Пәлен миллион долларға сатып аламыз» деген бейнебаян жұмыссыз жатқан талайдың емешегін өсірді. Көп ақша кімнің иегін қышытпасын? Әсіресе, «жеміс піссе, аузыма түссе» деген ағайынның дала кезіп кеткені тағы бар. Мұндағы әмбе тау мен тастың, қора-қопсының маңынан жарқанат ұясын табу еді. Солай тау қопарды, тас қопарды, ел кезіп ұясыздың «ұясын» іздеп кетті әйтеуір. Ешкім «бұл не деген батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» демеді. Гәп қайда жатыр?
Қай жылдары ауылдағы ағайын есектен есек қоймады. Еңбегі адал болғанмен, еті арам мақұлық қапелімде тапшы болды. Әшейінде жұрттың аула-қорасын аңдып, өріп жүретін ұзынқұлақтылардың терісі үшін жапа шеккенін былайғы жұрт біледі. Одан қалды талайлар шөп теріп кетті. Ана шөп деді, мына шөп деді. Әйтеуір дала кезіп, тамыр қазуға көшті. Одан гір тасын қабылдаушылар қаптады. Кейін ескі мұздатқыштарды қабылдауға көшті. Әлсін-әлсін әлеуметтік желіде ақшаның астында қалдық дегендер үндеуін жолдап әлекке түсті. Жалпы бұл ақшасын ауа шашып жүрген қай пақыр?
Бақсақ бақа деген. Жұрттың ана жағынан бір шығып, мына жағынан бір шығып, қалтасын жұқартпақты ойлағандардың тірлігі деп ұққан ешкім жоқ. Әдет солай ғой, «тегін ірімшік қақпанда ғана болады» дегенмен былайғы халық сенгіш келеді ғой. Сенімге енген соң лаң сал да, тірлігіңді қыл. Ауадан ақша аса. Мәселен, әлеуметтік желі арқылы ит өтінің пайдасы туралы орайын тауып жарнама жасайыншы. Оның адам бетіндегі әжімді кетіретінін, бет пішінге әр беретінін айтайын. Онда да, өтті сыртқы жабынымен қабылдайтынын айтайыншы. Әр өттің 100 мың теңгеге кәрістердің қабылдап жатқанын жарнама етейін. Олардың ит етін не себепті жейтінін түсіндірейін. Көшеде не көп, қаңғыған ит көп. Жұрт жұмысын, тірлігін тастап ит атуға көшеді. Қапелімде ит дегенің қат боп шығады. Өттің қалай болса солай у екенін білсе де, жапатармағай жұрт ит іздеп кетеді. Алайда, біздің көксегеніміз иттің өті емес, жұрттың қалтасындағы қаржы. Әуелі видео арқылы біреуден иттің өтін алып, қолына ақша ұстатқанымды бір көрсетемін. Тағы басқа кісімен осы әрекетімді тағы қайталаймын. Ит өтін шын мәнінде алмаймын. Ел ішіне өз жақтастарымды жөнелтемін де, ит өтін үйіп-төгіп қолына ұстатып жіберемін. Олардың алғашқы қадамы қандай болмақ? Ақшадан қысылған адамның кейіпіне енеді де, бірнеше иттің өтін әр қайсысын 10 мың теңгеден беретін болып өзгелерді сендіреді. Бас­тысы манағы айтқан сенім. Актерлік шеберлік шынайы шығу керек. Ақымақ біреу әлгі өтті жинап өткізуді ойлайды. Өтті қабылдайтын орын Алматы қаласында болды делік. Бір иттің өтін арқалап Алматыға бармайды ғой. Әбден жинап, молырақ пайда тапсам деген ойда болады. Ала дорба толтырып, оңтүстік астанаға барғанда әлгі алаяқтар иттің өтіне кәрістерде сұраныс жойылғанын айтамын. Әрине, мен олай етпеймін, бұлай етпеймін дегенде алаяқтың алдауына арбалып қалатындар бар ғой.
Әуелгі жарқанатқа оралайық. Жарқанат тышқан секілді жануар болғанмен, ешқашан ұя салмайды. Ол қабырға жырасында, қора-қопсының қуысында, шатырда өмір сүреді. Ал таулы аймақта үңгір ішін паналайды. Онда да аяғымен төбеге жармасып, басын төмен жіберіп, салбырап күн кешеді. Мұны көзі қарақты жұрт білмеді ме екен? Ал, әлгі ішіндегі «өмір сұйықтығы» кәдуілгі химиялық қоспа. Магнитті уатып, қара сияға қосыңыз. Сосын әлгі сұйықтыққа металл не магниттің өзін жақындатсаңыз, тіршілік иесіндей қиқаң еткізеді. Әлгі видеодағы жарқанат ұясы дегеніміз құрқылтайдың ұясы. Әуелден қазақ халық медицинасында құрқылтайдың ұясы жоғары бағаланады.
Гәп қайда? Ақымақ елге арамза молда деген. Олар сіздің не сіздің отбасыңыздың қамын ойлап, қаржыға кенелтпекті ойламайды. Бастысы, өзінің қалтасын қомпайтса болғаны. Әлеуметтік желіде тараған барлық ақпаратқа сенудің қажеті жоқ. Әр ақпардың артында бәз біреудің мүддесі тұр. Сондықтан сақ жүріңіз, оқырман!

Ерсін Сәдуұлы

01 ақпан 2019 ж. 1 941 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 068

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031