» » » Ұсыныс Һәм үндеу

Ұсыныс Һәм үндеу

Қармақшыда қайырымды жандар жетеді. Атын атап, түсін түстеудің де қажеті жоқ. Көз көріп жүрген соң айтып отырғанымыз. Мешіттен әлсін-әлсін тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік үлестіріледі. Бірде Ақжар ауылындағы "Ораз ахун ЛТД" ЖШС-ның басшысы Жомарт Жалғасов "Елге пайдасы тиетін әр істі қолдауға дайынмын" дегені бар еді. Елім деген азаматтың бұл әңгімесі кәдімгідей жүректі шымырлатты. Мына нарық заманында тапқанын төкпей, жиғанын шашпай жүруді мансұқ көретіндер де жоқ емес. Реті келсе қайыр қылудан жалтарып жүреді. Ал, есесіне Иіркөл елді мекенінде ауыл жастары мешіт салуда. Оларға аудан орталығындағы бірқатар азамат та өз үлесін қосып жүр екен. Мұндай игі шараны ұйымдастырушылардың бірі –Ардақ Мырзахметов. Оның айтуынша, ауыл жастарының ұйымшылдығымен салынып жатқан мешітті көрген Жосалы кентінің бірқатар азаматы қал қадірінше көмек қолын созуда. Тағы бір айта кететін жайт, былтыр мешіт жамағаты Жосалы кентіндегі жалғызбасты көпбалалы анаға үй тұрғызып берді. Айта берсек ел ішінде бірлікпен біткен тірлік көп.
Жалпы, қайырымдылық қазақтың қанында бар. Жетімін жылатпау, жесірін қаңғытпау жайы да осы қайырымдылық өзегінде дүниеге келсе керек. Мәселен, ауылдың ақсақалы жесір қалған әйелді әмеңгерлік жолымен қайтыс болған жарының ағасына не інісіне қосу арқылы оның жоқ-жұқа өмір сүрмеуін қамтамасыз еткен. Жетімді де солай. Қазақтың оқыған-тоқығанына қырғидай тиген кешегі зұлмат заманда ауылдасына қарайласып, жағдайы төмен кісіге уыс тары ұсынған атқамінерлердің де жазықсыз жазалануы көрініс тапты. Қайырымдылық – қазақ тұрмысында осылай әу бастан біте қайнасып жатыр.
Жосалы кентінен таяқ тастам жерде Марал баба қорымы жатыр. Қорым емес, пантеон десек те болады. Сол пантеонда жиырма шақты ишанның бейіті бар. Мұнда келіп, тәу етіп жүргендер көп. Бергісі облыс көлемі, арғысы Ақтөбе, Алматы облыстарынан келіп жүр. Жай келмейді, баба басына зиярат етеді. Түнейді. Алайда, баба зиратына барар жолдың жайы талайдың шымбайына батып тұр. Ойқыш-ойқыш жолға уақытында тас төселген, кейін тас деген көшіп, жол үлкен соқпаққа айналған. Ол ол ма? Сырдың ауа райы тым қатулы. Лезде күн шекені қыздырып, 40 градустан әрі кетеді. Солай тұрып, дауылдата салады. Қыс дегеннің жайы тіптен бөлек. Сондайда мал ығып, қорым ішін паналайды. Малда ес жоқ, оларға баба, ата, аруақ деген жүрмейді. Ықтап келеді бейіт басын. Себебі құмдағы қорымның маңайында малшылардың үйі (фазенда) көп-ақ. Соған орай айдалада жайылған төрт түлік те жетеді. Ал қорым маңайы қоршалмаған. Шырақшы осы тұяқтылармен алысып әлек. Өйтпегенде қорым іші мал нәжісіне толғалы тұр.
Қазір Қармақшыда үй салу қарқынды. Зәулім үйлер де жетерлік. Сыртын әрлі кесекпен өнерлеп қойған. Таңданасың, тамсанасың. Дүкендер мен түрлі бағыттағы кәсіпкерлік нысандардың жайы да жаман емес. Биік дуалмен қоршап, мал түгіл, ұшқан құс ретсіз ауласына кірмейтін еткен. Бәрі де тамаша.
Қазақта "Өлі разы болмай, тірі байымайды" деген бар. Байлықты әркім әрқилы түсінер. Ал разылық жайы тым басқа. Қазақ "әуелі Алла, содан соң аруақ" деп қам қылатын ел. Аруаққа сыйынбай, баба рухына тағзым етпей тірлік етпейді. Алайда қанша кәсіп бастап, орайлы бизнесмен атанып жүргенімізбен, жайлы өмір сүріп жатқанымызбен баба зиратына бір қамқорлық көрсетпеуіміз тіпті жөнсіз.
Марал баба тегін адам емесін күллі Алаш баласы біледі. Ресей патшалығына ғазауат соғысын жүргізіп, елдің асыл дінінен ажырамауы үшін соғыс жүргізген санаулы ғана кісі бар. Соның бірі де бірегейі – Марал баба. Үш жүзге пір болған тұлға да саусақпен санарлық. Күллі қазаққа пір болған да осы Марал баба. Осындай қасиеті асқақ баба бейітіне қамқорлық көрсету тек баба кіндігінен тарайтын ұрпақтардың емес, қармақшылықтардың міндеті.
Қайырымдылықтың бір түрі – тасаттық. Жерден қар кетіп, қыстың сызы жойыла бастағаннан әр ауыл өзінше тасаттық беріп жатады. Құдайдан ел несібесін мол алу үшін, төккен тердің еш кетпесі үшін тәу етіп, тілек тілейді. Одан бөлек ру-ру болып, ас беру де үрдіске айналып жүр. Тойхана, мейрамханада дүрілдеген торқалы той өтеді осылай. Жұрттың өткізбегін, өткен асын қызғанып отырғанымыз жоқ. Біздікі ұсыныс тас­тау, тұтас аудан болып, баба басына тасаттық беріп, қорым басын қоршап, барар жолын жөнге келтірсек, баба, пір аруағы бір аунап түспей ме? "Рухани жаңғыруға" үн қосу осы емес пе? Әйтпесе, үш жүзге пір болған Марал баба қорымының мұндай күйде тұрғаны бізге сын. Сондықтан мінберде жүрген тұлғалар бар, ру-руға ағалығын көрсетіп жүрген азаматтар бар, бірлігімізді көрсетіп бұл ұлы істі қолға алайық!
Дастанбек Садық.
19 маусым 2019 ж. 802 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 085

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031