» » ЕРЛІК ІС ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

ЕРЛІК ІС ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Қазақ елі өзінің тарихи сүрлеуінде талай соқтықпалы, соқпақты жолдардан өткені мәлім. Небір қиыншылық пен адам санасына сыймайтын зобалаңды басынан өткізгені де белгілі. Оның ішінде адамзат баласын сансыз шығынға ұшыратып, дала, қаланы қиранды еткен, бейбіт тұрғындардың тыныштығын бұзған Ұлы Отан соғысының қасіреті елге оңай тимеді.
Сұм соғыста кескілескен ұрыстардың алаулаған отты шебінде жүріп, артында қалған елін жау қолына бермеу үшін қаншама боздақтар майдан даласында мерт болды. Қаншамасы іздеусіз жоғалып кетті. Қаншамасы соғыс зардабынан аяқ-қолынан айырылып, мүгедек болып қалды. Елге аман-сау оралғандары соғыс салған ылаңның зардаптарын қайта қалпына келтіруге аянбай тер төкті. Мемлекеттік мүдде мен ата-баба жолын ұйыстыра отырып, соғыс өртінен еңсесі түскен, өңі солғын тартқан, бірі – әкесінен, бірі – бауырынан, енді бірі – баласынан айырылған жетім-жесір, мұңлықтардың рухын көтеріп, жігерін жануға жұмыла жұмыс істеп, елдіктің туын биіктетуге күш салды. Осы орайда елдің бірлігі мен тұтастығын, ынтымағы мен берекесін кіргізуге, түтінін түзу ұшыруға атсалысқан азаматтардың еңбегі бір төбе. Олардың қатарында ауданымыздың әлеуметтікэкономикалық дамуына, тұрмыстық әлеуетінің артуына үлес қосқан қайраткер тұлғаларымыз да бар. Соның бірі – биыл туғанына 110 жыл толып отырған соғыс және еңбек ардагері Аяған Боханов.
Ол 1914 жылы Жалағаш ауданындағы «Жаңаталап» кеңшарында дүниеге келген. Жосалы кентіндегі Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектептен білім алған. 1933-1935 жылдар аралығында Арал теңізіндегі «Түркістан» атты пароходта матрос, 1935 жылдан бастап 1941 жылға дейін Жосалы механикалық зауытында жұмысшы болып істеген. Соғыс жылдарында 1941 жылдан бастап 1946 жылға дейін Қиыр Шығыстағы №25 армия қарамағында болып, Жапон соғысына қатысқан. Солтүстік Кореяға дейін барған. 1946 жылы әскер қатарынан келіп, 1949 жылға дейін аудандық тұтыну қоғамында, одан соң Қазалы аудандық тұтыну қоғамында, 1953-1960 жылдар аралығында Жалағаш ауданының тұтыну қоғамында басқарма бастығы болып қызмет атқарса, мұнан кейін 2 жыл Жосалы автобазасында автоколонна бастығы болды. Ардагердің одан арғы еңбек жолы Жалағаш ауданына қарасты Ленин атындағы ұжымшарда (қазіргі Мақпалкөл ауылдық округі), Қармақшы ауданына қарасты Энгельс атындағы ұжымшарда (қазіргі Жаңажол ауылдық округі) басқарма төрағасы және 1973-1982 жылдары Қармақшы аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің бастығы қызметтерінде болып, оның қай-қайсысын да абыроймен атқара білді. Ал 1982-1990 жылдарда Қармақшы ауданы орталығындағы колхоз базарының директоры болып еңбек етті.
Аяған әкеміздің жастық шағы соғыс бұлтымен тұспа-тұс келсе, соғыстан кейінгі жылдары еңбек үлгісімен өрілді. Ол өнегелі өмір жолында республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер болса, Еңбекшілер депутаттары аудандық кеңесіне 4 мәрте, Жосалы қыстақтық кеңесіне 6 мәрте депутат болып сайланды. Аудан халқының ауызбірлігі мен ынтымақтастығын сақтауда да өлшеусіз қызмет етіп, аудандық ардагерлер кеңесіне басшылық жасады.
Майдангер қызметте сыйлы басшы болумен қатар, отбасында ардақты әке-ата атанып, өңірінен тараған ұрпағынан немере-шөберелер сүйді.
А.Бохановтың қанқұйлы майдандағы да, соғыстан кейінгі бейбіт аспан астындағы елді ұжымдастыру кезеңіндегі де еңбегі уақытында бағаланып, бірқатар марапатқа ие болып отырды. Атап айтсақ, Кеңес Одағының Жоғарғы қолбасшысы Генералиссимус Сталиннің 1945 жылғы 23 тамыздағы №372 бұйрығымен ерекше әскери жетістіктері үшін Алғыс хатпен, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін», «КСРО Маршалы Жуков» атындағы медальдарымен, КСРО Қорғаныс министрі Гречко қол қойған «Жеңістің 25 жылдығы», ҰОС Жеңіс күндеріне байланысты мерекелік медальдарымен марапатталды. Еңбектегі лайықты қызметтері үшін «Құрмет белгісін» иеленсе, ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге қосқан сүбелі еңбегі үшін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының, Қазақ КСР әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің Құрмет грамоталарымен мадақталды. Ұзақ жылдардағы партия қатарындағы қызметі үшін кеудесіне «СОКП қатарына 50 жыл» белгісін жарқыратып тақты.
Асыл азамат елдің қоғамдық жұмыстарына да белсене араласты. Дүр Оңғар ауылының инфрақұрылымдық жобаларын жандандырып, ырыс-несібесі тасыған ірі елді мекен болып қалыптасуына өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Әлеуметтік экономикалық түйіні бар мәселелердің шешімін табуға атсалысып, ақсақалдығын көрсете білді. Кейінгі толқынға ақылман аға болумен бірге елдің бірлігін, ағайынның татулығын ойлаған, саналы ғұмырының соңына дейін парасаттылық танытып, жас ұрпаққа сәулелі тілегімен ақ батасын беруден танбады. Әкеміз аяулы жары Қанбибішпен бірге бақытты өмір сүріп, салиқалы ұрпақ тәрбиеледі. Өмірден ерте озған жан жарының орнын жоқтатпай, ұлқыздары мен немерелерін оқытып, оларға азаматтық, адамгершілік қасиеттерін бойларына сіңірді. Бүгінде атпал азаматтың ұрпақтары түрлі салаларда қызмет етіп, егемен елдің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүр.
Елі өнеге тұтып, құрметтеген ардагердің есіміне бүгінде Жосалы, Жалағаш кенттерінде көше атауы берілген.
Сондай-ақ жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар байқауының аудандық кезеңінде соғыс және еңбек ардагері Аяған Бохановтың өмір, еңбек жолы жайында да жоба қорғалып, онда Тұрмағамбет ауылындағы №29 орта мектептің 11-сынып оқушысы (тарих секциясынан) Гүлсезім Бұхарбаева «Бабамның ізі – ұрпаққа үлгі» тақырыбымен (жетекшісі Раушан Бектасова) І орынды жеңіп алған еді. Бұл – келешек жас ұрпақтың аудан, өлке тарихын зерделеп, ел қорғау ісінде көпке үлгі болған кешегі батыр бабалардың ерлігін танып-білуге септігін тигізеді деген сөз.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
22 сәуір 2024 ж. 246 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 276

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 373

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930