» » ГАЗЕТ ПЕН ГАДЖЕТ ТЕКЕТІРЕСІ: ЖЕҢІС КІМДІКІ?

ГАЗЕТ ПЕН ГАДЖЕТ ТЕКЕТІРЕСІ: ЖЕҢІС КІМДІКІ?

Қай уақытта да адамзат баласы жаңалыққа, жаңаға құмар, ізденгіш болып келеді. Уақыт пен заман талаптарына байланысты әр адам іздегенін әртүрлі нәрседен табады. Біреулер ғаламдағы өзгерістер мен жаңалықтарды, керекті ақпараттарды ғаламтор арқылы білуді тиімді санаса, енді бірі газеттер мен журналдардағы ақпараттарды нақтырақ, әрі ыңғайлырақ дейді. Бұрын телефонның дами қоймаған уақытында жас та, кәрі де барлық ақпаратты газеттен білетін. Газет-журналды сол заманның «ғаламторы» десек те артық емес. Ал біртіндеп телефон дамып, ғаламтор пайда бола бастаған мезетте газет сатып алушылардың саны азая бастады. Себебі адамдар ақпарат алудың қызықты, оңайырақ тәсілімен таныса бастады. Бүгінде газет пен гаджеттің текетіреске түсіп жүргеніне куәміз. Ақпарат таратудағы екі форма бір-бірін алмастыра алады ма? Немесе қайсысының бәсі жоғары? Саралап көрсек.
Газетті гаджет алмастыра ала ма?
«Кәнекей, фотоға түсірші, бақытты сәтімді менің» дегендей, фотоға түсіп, оны шығарып, альбом жинақтап жүру, кассетамен ән тыңдау, отбасылық кештерді бейнетаспаға түсіру жыл өткен сайын ұмытылуда. Заман күн санап өзгеруде. Технология айқын жылдамдықпен даму үстінде. «Заманына қарай адамы» демекші, барлық адам заман ағымына бейімделіп отыруы керек. Бұл уақыт талабы. Өкінішке қарай, кітап, газет-журналдар да жоғарыда айтылған дүниелер сияқты «ескіліктің сарқыншағына» айналып кететіндей күйде. Баспасөзге жазылуға мән бермейтіндердің саны күннен-күнге көбейгені жасырын емес. Газетке жазылуға «Біз ешкімді міндеттей алмаймыз» дейтін басшылар, «Facebook-тен оқи саламыз» дейтін оқырмандар да аз емес. Ал біздің балалық шағымызда үйдің үлкендері «Ұлан» газетіне, «Балдырған», «Айгөлек» журналдарына арнайы жаздырып беретін. Олардың әр нөмірін асыға күтіп, сөзжұмбақты жарыса шешіп, тіпті сыныптастарымызбен газет-журнал бетіндегі тың ақпаратты жарыса талқылаушы едік. Ал бүгінгі балғындар бұл басылымдардың атын да біле қоймайтыны өкінішті. Себебі оқушылар баяндама, эссе жазғысы келсе, «google» досының көмегіне жүгінетінін ешкім жоққа шығармайды.
Газет пен гаджеттің текетіресі бүкіл әлемде бар мәселе. Ең бастысы адамдар ақпарат қалай алатынын таңдай алады. Газеттен оқи ма, әлде гаджетті пайдалана ма? Айналамызға көз жүгіртсек, бүгінгі қоғам жеңіл ақпараттарға әуес. Мәселен, нәзік жандыларға эстрададағы «жұлдыздардың» жеке өмірі, киімі, қыдырғаны қызықты. Жастар газеттен гөрі Instagram-дағы жұлдыздардың парақшаларын оқығанды қалайды. Ал газетті кімдер оқиды? Әлбетте дәстүрлі медианың оқырмандары үлкен адамдар, интеллигенция өкілдері екені анық. Онлайн заманда жаңалық жаршысына айналған әлеуметтік желілердің пайдасымен бірге зияны қатар жүретінін ескерсек, газеттің орны бөлек екенін аңғарамыз. Өйткені сөйлеген сөздің аудио, видео жазбасын жіберу, әлеуметтік желінің жеңіл тілі, басқа тілдермен шұбарлану және бұлардың адамдардың бір-біріне жіберілуінің оңайлануы тілге қауіп тудырары сөзсіз. Ал газеттің өзінің оқырманы бар.
Ғаламтордың ақпарат тарату жылдамдығы газеттен әлдеқайда тез екені белгілі. Қолжетімділігі де адамның өз уақыт жоспарлауымен жүзеге асады. Белгілі бір уақытта ғана шығатын газетке қарағанда, күнделікті қолжетімді ғаламторды пайдаланудың тиімділігіне айтылар дау жоқ. Дегенмен, жылдамдық пен қолжетімділікке қарағанда, жауапкершілік пен сауаттылық ұғымдарын басшылыққа алған абзал. Қазір өздерін «блогер» жариялап алған жандар жетерлік. Бұл бір ресми атау немесе арнайы қызмет емес. Халықтың қойған атауы десек те болады. Экран алдына шығып ретті-ретсіз сөйлеген де, ерсі әдетімен камера алдында көлбеңдеген де блогер атанып жүр. Олардың сауаттысы саусақпен санарлық. Қалғандары қарапайым сөзді қате жазып, көптің алдында ретсіз сөйлем құрап отырады. Сонысына қарамай түрлі дүниені жарнама ретінде халыққа ұсынуға шебер. Сауаттылықты меңгермеген адамның жарнамасына қаншалықты сенуге болатынын өзіңіз бағамдай беріңіз. Осы тұста, газеттің сауаттылық пен эстетика жаршысы, тіл ұстартып, тәрбие беруші құрал екенін ескерген жөн. Бүгінде ғаламторға ақпарат жариялау кімнің де болса қолынан келеді. Алайда «үлкен қоқыс алаңына» айналған ғаламтордағы ақпараттың шынайылығына ешкім жауап бере алмайды.
«Газеттің өзі – бір күндік, сөзі – мың жылдық» демекші, ғаламтордағы ақпаратты кез келген уақытта өшіруге мүмкіндік бар, ал газеттегі сөз – тасқа қашап жазылған мәңгі жазба іспеттес. Газеттің ақпарат саласында ойып алар орны мен прагматикалық мәнін ескерсек, оның ақпарат кеңістігінен жойыла ығысуы мүмкін емес. Тәлім ала білген адамға газет – таптырмас тәрбие мен сауатты ақпарат құралы.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының басылым жөнінде айтқан мынадай төрт қағидасы бар. «Бірінші: газет – халықтың көзі, құлағы, тілі; екінші: газет – жұртқа қызмет ететін нәрсе; үшінші: газет – халыққа білім таратушы; төртінші: газет – халықтың жоқтаушысы». Газет болмаса біз көптеген қажетті мәліметтерді, әлемде болып жатқан жаңалықтарды білмес едік. Интернет дамыған заман болса да, газеттің оқырманға берері мол.
Әлем не дейді?
Әлемді аузына қаратқан алпауыт елдерге көз жүгіртіп көрейік. Дереккөздерге сүйенсек, дамыған елдерде газеттердің тиражы жедел қарқынмен дамып, басылымдар шығармашылық ұжымға да, қоғамға да пайдасын тигізуде. Мәселен, 1923 жылдан бері шығып келе жатқан Мәскеу қалалық «Вечерняя Москва» газеті күніне 2 рет 85 мың данамен, аптасына 1 рет 1 млн 286 мың данамен шығады екен. 1851 жылғы 18 қыркүйектен жарық көретін АҚШ-тың «Тһе New York Times» басылымы әдетте 1 млн 131 мың данамен, ал демалыс және мереке күндері бұл мөлшер 1 млн 681 мың болып шығатын көрінеді. 1877 жылы негізі қаланған «Тһе Washington Post» цифрландыру дүмпуіне 1 миллионнан көп тиражбен жарық көреді. Ұлыбританияның күн сайын шығатын «Тһе Guardian», француздың «Le Figaro» газеті де күн сайын таралымын арттырып келеді.
Тіпті озық технологиялардың отаны саналатын, интернетпен барынша қамтылған елдердің өзінде әлі күнге дейін газеттің орны бөлек, оны радио да, телеарнада, ғаламтордағы қаптаған сайттар да ақпарат кеңістігінен біржола ығыстырып шығара алған жоқ.
Мысалы, Жапонияның ұлттық басылымы – «Асахи симбун» газеті 10 миллион таралыммен шығады. Баспасөздің отаны саналатын Францияда күн сайын жүздеген мың таралыммен шығатын бірнеше басылым бар.
Ал Қытайдың басты газеті – «Жэньминь жибао» миллиондаған таралыммен күніне екі рет және бірнеше тілде шығады. Бұл газеттің журналистері «Радио да, теледидар да, ғаламтор да – газетке бәсекелес ақпарат құралдары. Ал бәсекелестік көп болған жағдайда бір ғана жол бар – өзіңді дамыта түсу» деген қағиданы қуаттап, газеттің ақпарат кеңістігінен мүлде ысырылып шығуын мүмкін деп санамайды екен.
Радио мен теледидарда айтылған ақпаратқа қайта айналып соғу қиын, ол көпшілікке қолжетімді бола бермейді, ал ғаламтордың жалған ақпараттар таратуға ыңғайлы орта екенін бүгінде баршамыз түсініп келеміз.
Мәселен, Қытайда мынадай жағдай орын алған. Бір жүргізуші көлігіне ие бола алмай, жолда тұрған аялдамаға соқтығып, одан әрі біреуді қағып кете жаздайды. Сол маңда болған өз интернет парақшасын жүргізетіннің бірі мұны дереу суретке түсіріп, мас жүргізушіні айдай әлемге «масқара» етуге кіріседі. Ал шындығына келгенде жүргізуші ешқандай да мас емес, сол сәтте аяқ астынан денсаулығы сыр беріп, науқасқа шалдыққан адам болып шығады, яғни, жұртты бір дүрліктіруді көздеген ол ақпараттың жалған-шынайылығын тексерместен жариялай салған. Қытайда ондай «ақпараттарды» тарату заңмен жазаланады екен. Міне, оқу мәдениетінен айырылып қалғысы келмейтін елдер ақпарат тарату қағидаларының сақталуына, кәсіби журналистерді қолдайды. Бізге де жалған ақпарат таратушыларға арналған заңға мән беретін уақыт келген секілді.
Оқырмандардың өз айтары бар
Қазіргі таңда әлемдегі 7 млрд халықтың 50 пайызға жуығы ақпаратты әлеуметтік желілерден (соның ішінде 40 пайызын Facebook пен YouTube-тан) оқиды екен. Медиа-сарапшылар айтқандай, қысқаша ойлау заманында кез келген адам Twitter-дегі 140 таңба мен Instagram-дағы 1 секундтық бейнематериалды көріп, шешім қабылдай алады. Десе де, әрбір нөмірді асыға күтіп оқитын оқырмандар да жетерлік. Бұл ретте Қармақшы ауылының кітапханашысы Гүлнар Бадырақ ауыл тұрғындары арасында баспасөзге өз еріктерімен жазылып, газетті іздеп жүріп оқитындардың бар екенін айтады.
– Қазір адамдардың жасы да, кәрісі де әлеуметтік желілерге тіркеліп, ақпарат, жаңалықтарды қолдағы смартфоннан оқып, біліп отырады. Алайда газет оқу үрдісін үзбеген отбасылар ауылымызда көп екенін айтқым келеді. Бұны айтып отырған себебім, баспасөзге жазылу науқаны басталғанда өзім басында жүремін. Ешқандай хабарлаусыз өздері келіп, газетке бірінші жазылатын тұрғындарға риза боламыз. Сондықтан жастар ғаламторға тәуелді, газет оқымайды деп басқа адамдарды ұмыт қалдыруға болмайды. Мәселен, ауылда республикалық, облыстық, аудандық басылымға өздері келіп міндетті түрде жазылып кететін тұрғындар бар. Олар газеттің әр нөмірін түгендеп, таратушыны тағатсыздана күтіп жүреді. Осындай отбасылардың балалары, немерелері үйіне барып тұрған газетті мүлдем оқымайды деп ойламаймын. Ата-ана газет оқитын үйде бала да оқиды. Аудандағы жаңалықтарды мен де фейсбук парақшасынан оқып аламын. Бірақ жерлестерім, аудандағы еңбек адамдары туралы газет беттерінен көргім келеді. Ауданда болып жатқан кең өзгерістер, мәселелер де қызықтырады, – дейді ол.
Ал Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеплицейдің мұғалімі Гүлжанат Дүзенова газеттің гаджеттен артықшылығы мол деп санайды.
– Кезінде радио, кино, теледидар пайда болған кезде де қағаз басылымдар жойылады деген пікір болған. Бірақ жойылған жоқ. Өз басым гаджетті пайдаланамын. Қажетті сайттарды іздеп жүріп оқимын. Кей кезде қолымнан телефонның түспейтіні де өтірік емес. Әйтсе де газетті оқуды да тоқтатқан жоқпын. Бірақ та мұғалім ретінде шәкірттерім, ата-ана ретінде балаларым үшін алаңдаймын. Дәстүрлі мәдениет бар елде қағаз басылымдар сақталады. Бізде «оқу мәдениетін» бойына сіңірген ұрпақ жойылса, газет те жойылады деп ойлаймын. Сондықтан ең бірінші қазіргі балаларды әдебиетке, кітап оқуға баулу керек. Аудандық басылымға ұстаз, осы жердің азаматшасы ретінде жазылуды өзіме міндет санаймын, – дейді ұстаз.
Телефонды серігіне айналдырған бүгінгі жас буын өкілінің бірі – Әсел Мұғазқызы. Ол бүгінде студент. Десе де, газеттен қол үзбейтінін айтып, қуантып тастады.
– Негізінен алғанда, екі салада пайдалы. Бірақ байқап қарасақ, әлеуметтік желілерде жалған ақпараттар көптеп кездеседі. Айналада достарымның барлығы газет оқиды деп айта алмаймын. Кішкентайымнан үйде әжемнің, анамның газет оқығанын көріп өстік. Газеттің ішінде мені қызықтыратын мақалалар болса, міндетті түрде қарап шығамын. Кітапханаға барсам да өзіме ұнайтын басылымдардың газет тігінділеріне қызығушылық танытамын, – дейді студент.
Аудандық баспасөз бетінде негізінен, қарапайым халық, мұғалімдер мен дәрігерлер, еңбек адамдары туралы айтылып жатады. Аудандағы ілкімді істер де қалыс қалған емес. Өзекті ой, орнықты сөз айта білген оқырманның пікірін жариялаудан да ешбір газет қашқан емес. Ал кейбір жастардың «газет оқымаймын» дегені «мен елімді өркендетуге ұмтылмаймын» дегеніндей естіледі.
Газет пе, әлде интернет пе?
Негізінде екі сала да пайдалы. Иә, ғаламтордың келешегі зор. Бірақ ғаламтордағы сайттарда, әлеуметтік желілерде сараптамалық материалдар жоқтың қасы. Екіншіден, ғаламтордағы көзқарас, ұстаным тез өзгереді. Дамыған елдерде ғаламтордағы жалған ақпарат үшін қатаң жауапкершілікке тартады. Біз де бірте-бірте соған келеміз.
Енді газеттің артықшылықтарына тоқталсақ. Біріншісі – онда сенімді дерек көзінен алынған, сарапталған, статистикамен берілген, сауатты, тексерілген материалдар бірнеше қолдан өтіп, тілдік тұрғыдан да қатесіз жазылған материалдар шығады. Ғаламторда ақпарат өте көп, қайсысы шынайы, қайсысы жалған екенін анықтау қиын. Екінші артықшылығы – сараптамалық материалдар бәрібір газетке деген сұранысты жоғалтпайды.
Ғалымдардың зерттеуінше, оқырман ғаламтордан бір материалды 40 секундқа дейін ғана қарай алады екен. Көлемді материалды қалтафонмен оқу көзге зиян әрі оны қабылдауға адамның миы шаршайтын көрінеді. Ал газеттегі көлемді материалды 40 минутқа дейін ұстап оқуға ми дайын болады екен. Қазір кітаптардың, журналдардың тиражы да күрт құлдырап кетті. Демек, газет кітап пен журналдың да жүгін арқалайды.
Сондай-ақ газет, көз жанарыңызға артық зиянын тигізбейді. Газет қарапайым қағаздан дайындалатындықтан денсаулыққа еш әсер етпейді. Газетті кез келген уақытта, кез келген орында оқуға болады және бұл сізге ыңғайсыздық тудырмайды. Оған желі ұстайтын жер іздеп, қуаттаудың қажеті жоқ. Ондағы ұнатқан немесе маңызды бөліктерді кесіп сақтап және керекті ақпаратты белгілеп қоюға болады.
Ал ғаламтор арқылы кез келген адамға миллиондаған хабарламалар жіберіп, байланысу мүмкіндігі зор. Көпшіліктің «Ғаламтор алысты жақындатады» дейтіні де содан. Сонымен қатар, ақпарат алудың тиімді әрі оңай жолы. Енді ғаламтордың арқасында семинарларға дайындалу, рефераттар жазу оңайға соғады. Өйткені, ғаламторда миллиард кітапқа сиятын ақпараттар оңай табыла кетеді. Ғаламтормен бос уақытты пайдалы етіп өткізуге болады. Дәл осы себептен де, ғаламтор пайдаланушылардың басым бөлігі – жастар мен жасөспірімдер. Десе де, ғаламторда қатаң бақылаудың болмауы бейресми әрі жалған ақпараттардың күн сайын артуына алып келеді. Сондай ақпарат таратушылар жалған ақпаратқа сеніп қалатын адамдардың да көп екенін біледі. Әлеуметтік желіні қарапайым адамдармен қоса қара ниетті адамдар, бұзақылар, алаяқтар және тағы басқа адамдар еркін қолданып жүр. Сол арқылы өздерінің арам пиғылдарын жүзеге асырып келеді. Дәл сондай еркіндік ғаламтордағы религиялық секталар сайтының, экстремистік ұйымдар мен суицидпен аяқталатын «ойындардың» артуына мүмкіндік береді. Осының әсерінен жасөспірім жеткіншектер алдап-арбаушылардың құрығына оп-оңай түсіп қалады. Осындай сайттар мен ұйымдардың кесірінен өзгелерді, тіпті өзін де өлтірушілер саны өсіп келе жатыр. Пікір білдірудегі еркіндіктің кесірінен ғаламтор пайдаланушыларының ішінде лас әрі ала-құла сөйлеушілердің саны көбейді. Мұндай әрекеттердің көптігі соншалық, балалар мен жеткіншектер мұны қарапайым жағдай ретінде көріп, өздері де солай сөйлеуге бейімделген.
Тағы бір айта кетерлігі, онлайн ойындар мен әлеуметтік желілер ғаламтор пайдаланушыларының басым бөлігін интернет тәуелділікке әкеліп соқтыруда. Бұл – барша адамзаттың ең басты мәселелерінің бірі. Байқағанымыздай, ғаламтордың пайдасынан кемшілігі екі есе артық. Ал газеттің кемшіліктері саусақпен санарлық қана. Осыдан ненің тиімді, ненің зиянды екенін анық байқауға болады.
Түйін
Біздіңше, газеттің басқа ақпарат құралдарынан басты артықшылығы – сенімділігі. Екіншіден, газеттің сөзі – жоғалмайтыны. Архив құжаттарында 100 жылдық тарихы бар газеттердің тігінділері сақталған. Яғни, сол кезде айтылған сөз әлі де қолымызда тұр, әлі де санада өткенді жаңғыртуға, тірілтуге қабілетті. Сол себепті, газет оқуға арнайы уақыт бөлген жөн. Ал сіз екі ақпарат көзінен қайсысын таңдар едіңіз?
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ

05 сәуір 2024 ж. 271 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (10362)

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 737

Сұхбат

Мәдениет

Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.
БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

08 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 790

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031