ТАРИХТЫ ТҮГЕЛДЕУ – ҰРПАҚ ПАРЫЗЫ
Еліміз егемендік алғалы етек-жеңімізді жинап, өз еркіндігіміз бен ежелгі тарихымызды, соның ішінде ата-тегіміз бен рулық жүйемізді түгелдей бастадық. Өшкеніміз тіріліп, өткеніміз оралып, рухани жаңғырғандай болдық. Бұл кешегі небір зобалаң замандарда тарыдай шашылған қазағымыздың тарихын түгендеуге, шежіреміздің қайта түзілуіне көмегін тигізгені ақиқат. Аман-есен елдің ішінде отырып, адасқандай күй кешкен талайымыз, шынын айтқанда жоғымызды іздеп, барымызды қанағат тұттық. Бірақ қанағат деп отыра берсек, ұрпақ алдындағы парызымызды қалай өтемекпіз. Сол себепті жайбарақат қол қусырып қарап отыруды жөн санамадым. Мен сонау елдің батысы саналатын Атырау аймағынан сіздерге арнайы хат жолдап отырмын.
Ұрпақ демекші, біздер, бүгінгі ұрпақтар, бір қауым елдің алтын діңгегі болған бабамыз – Құлкеш туралы білгіміз келіп, жан-жақтан деректер іздестіріп, жинақтаудамыз. Кіші жүздің он екі ата Байұлы құрамына кіретін Беріш руының (Батыс өңірі жұртшылығы – Жеті баулы Беріш деп атайтын) үлкен бір тармағы – Құлкеш деп аталады. Енді, ол кісі заманында кім болған? Қай өңір, аймақтарды жайлады? Әсіресе дүниеден баз кешкенде мәңгілік мекеніне қай жердің топырағы бұйырды екен? Міне, осы секілді сауалдарға жауап іздеудеміз. Әрине атамыздың заманында жайлаған өңірінде, айналасындағы жұртына даналығы асқан, жомарттығы мен парасаттылығы халқына жаққан. Өзі мұсылман елдеріндегі ірі шаһарлардың айтулы медреселерінен білім алған, діни ұғымы мол, сауатты адам болғандықтан, қажылық парыздарын сан қайтара өтеген. Маңайындағы ел-жұрты оны пір тұтып, абыз Құлкеш атаған екен. Осындай толып жатқан қасиеттеріне орай руымыз осы атамыздың есімімен аталып кеткен болса керек-ті. Енді жоғарыдағы сауалдарға жауап іздестіре келе Жосалы, Төретам өңіріне де назар бұрдық. Сіздердің газеттеріңіз арқылы аудан жұртшылығына құлаққағыс етуді ұйғаруымыздың басты себебі, мына деректер болатын.
Өткен Кеңес Үкіметі үстемдік құрған заманда, 1960-жылдары Гурьев (қазіргі Атырау) облысының Махамбет ауданының Сарытоғай ауылындағы егістік өнімдерін жинасуға Жоғарғы үкіметтің нұсқауымен Қызылорда облысынан бір топ көлік жүргізушілері көмекке келеді. Егістік басындағы ауыл тұрғындарымен жақын араласып кеткен жүргізушілерді, сол ауылдың азаматы Хафиз Мұқтарұлы деген ағамыз бір күні кешкі шайға шақырады. Қазақ қайда да жөн сұрасуды алдымен ата-тегі, руынан бастамай ма? Осындай әңгіме барысында Хафиз ағамыз «руым Беріш-Құлкеш, оның ішінде Қылыш бөлімінен боламын...» деп бастағанда, қызылордалық қонақтардың бірі «Ау, Хафеке, сіздердің Құлкеш аталарыңыз біздің жақта, анау Төретам маңында жатыр ғой. Ол аймақта «Қылыш құдығы» деген де жайлау бар. Біздің жаққа келсеңіз көрсетеміз» депті. Әттең ол кеңестік қоғамда ешкім жеті атасын түгендеп дәріптеуге құлшынысты, тіпті құқылы да емес еді ғой. Одан бері де, яғни 1978-1980-жылдар шамасында бір ағамыз іссапармен Алматыға пойызбен жол жүріп бара жатады. Жолай Қармақшы ауданының теміржол бекеттерінің бірінен мінген үлкен ақсақалмен сапарлас болыпты. Онда да осындай қазақы жөн сұрасу сәтінде ақсақал «... қарағым, сендердің сол Құлкеш аталарың біздің жақты жайлаған заманында. Диірментөбе деген жерден әрі шығысқа қарай. Біздің елде әріден келе жатқан «Алатау, Прен, Жеркіндік. Құлкеш пенен Көкиық...» деп, тәмсіл болған өлең шумақтары айтылып жүретін. Бұл жерлердің бәрі де Диірментөбеден әріректе. Сол маңда «Сарман үйтамы» деген де жер бар» деген екен. Ертеден келе жатқан осындай ауыз-екі әңгімелер, біздің көңілімізді Қармақшы өңіріне бұра беруде. Сосын да сіздерден көмек сұрап отырмыз. Ондағы мақсат – біреудің білмегенін біреу білер, біреудің естімегенін біреу естуі хақ қой деген ой. Сол Құлкеш атамыз дүниеден өтерінде өзін Қорқыт ата қорымына жерлеуін өтініпті деген де сыбыстарды естіп жүрміз. Бірақ, оның да нақты дерегі болмай тұр. Ал атамыздың өмір сүрген мезгілі, біздің пайымдауымызша XVI-XVII ғасырлармен тұстасады. Ел тарихындағы 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп танылған, Жоңғар шапқыншылығына дейінгі уақыттар да болуы мүмкін. Өйткені, ол бір кездері қазақ халқының сеңдей соғылысып, сапырылысып, атамекендерінен ауып көшкен, зар заман емес пе еді? Сондай заманда атамыздың да кейінгі ұрпақтары қоныс өзгертуі жүдә кәміл деп ойлаймыз.
Сәтқали ӘУЕЛБАЙҰЛЫ,
өлкетанушы Атырау қаласы