Шоқтығы биік тұлға
qarmaqshy-tany.kz ДҮЙСЕНБІДЕ АУДАНДЫҚ КІТАПХАНАНЫҢ ОҚЫРМАНДАРҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ БӨЛІМІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ, АУДАНЫМЫЗҒА ЗОР ҮЛЕСІН ҚОСҚАН ТҰЛҒАНЫҢ БІРІ - ҚОНЫСБЕК ҚАЗАНТАЕВТЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН "БИІК ТҰЛҒА - ҚОНЫСБЕК ҚАЗАНТАЕВ" АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ОТЫРЫСЫ ӨТКІЗІЛДІ.
Ауданда халықтың жадында ұмытылмастай із қалдырған, ел басқарған, терін төгіп, еңбектенген азаматтар жетерлік. Оларды ардақтау – елдіктің, ауызбірліктің, адамгершіліктің белгісі.
Қ.Төрешұлы 1923 жылы ауданға қарасты «Қызылжарма» ауылында дүниеге келген. Қармақшыдағы балалар интернатында, кейіннен Қызылжармада білім алады. Жүз жылдан аса тарихы бар No26 мектепте оқуын жалғастырады. Қазалыдағы орыс-қазақ педагогикалық училищесін тәмамдасымен Ұлы Отан соғысына аттанып, жастығын жалынның ортасында өткізеді. Алғыр азаматты алапат соғыс аз уақытта есейтті, бұрынғыдан да ширатты, ширықтырды. Ол елдің тағдыр-талайын бастан кешіріп, ыстық-суығын көріп, адал еңбегімен бағаланды. Ұлы Отан соғысында жаумен шайқасып, елге оралған жауынгер қайтадан еңбек жолына белсене араласты. 1945-1963 жылдар аралығында аудандық атқару комитетінде жауапты хатшы, одан кейін төрағаның орынбасары, төраға қызметтерін атқарған. Ол туған халқына, еліне мейлінше адал, қалтқысыз қызмет етті. Шоқтығы биік, жұлдызы жоғары, айналасына сыйлы азамат атанды.
Басшылық еткен жылдары Сырдария, Шиелі, Тереңөзек, Жалағаш аудандарының экономикасын, оның ішінде әсіресе ауыл шаруашылығын, мәдениетін көтеріп, өркендетті. Басшы кадрларға қатаң талап қойып, елмен тіл табысып, жұмыс істеудің принципті де сындарлы үрдісін қалыптастырды.
Оған көрсетілген мәртебе, нақтыласақ «Ленин» ордені, «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» және жауынгерлік «Қызыл жұлдыз», «Отан соғысы» ордендері оның қызметі мен ерлігіне берілген шынайы құрмет.
Отырысқа келген қонақтарға Қонысбек Қазантаевтың өмір жолы, қызметі, естеліктері туралы «Заманның заңғар тұлғасы» атты кітап көрмесі таныстырылды. Көрмеге «Сыр елі» энциклопедиясы, Тынышбек Дайрабайдың «Сырдың сырлы сыры» кітабы, Ғанибек Қазантаевтың «Мәңгілік ізін қалдырған», «Жазира» журналы және қайраткер туралы баспасөз беттерінде жарияланған мақалалар қойылды. Көрмені кітапханашы Назерке Жүсіпбекова таныстырды.
Одан соң соғыс және еңбек ардагерінің тарих пен тағылымға толы «Қызылорданың Қазантаевы» атты бес бөлімді деректі фильмнен үзінді көрсетілді. Бұл деректі фильм «Туған топырақта», «Шыңдалу», «Өрлеу», «Биіктік», «Мәңгілік ізін қалдырған» атты бөлімдерден тұрады.
Облыстың бұрынғы бірінші хатшысы Сейілбек Шаухаманов «Қонекең кадрларға қатаң талап қоятын еді. Бірақ қуырады – күйдірмейді, жар басына әлденеше рет апарады – бірақ жықпайды, тері теспейді, қан шығармайды, түнереді – бірақ жаумайды» деп аға туралы өз ойын айтып өткен болатын. Осы сөздерден-ақ, Қазантаевтың бойындағы қайраткерлік қасиет, адамгершілікті тұлға екендігі көрініп-ақ тұр емес пе?
Іс-шарада Қонысбек атамыздың көзін көрген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков, Жосалы кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Ерболат Ұзақбаев, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрайымы Гүлжауһар Раева, мәдениет саласының ардагері Мағауия Әлиевтер керемет тұлға туралы өз естеліктерімен бөлісті. Ағаларымыз оның адал, таза, әділетті қызмет атқарудың тамаша үлгісін көрсеткен, сыйлы азамат екенін сөз етті. Сонымен қатар No26 мектептің 7-сынып оқушылары Қонысбек Қазантаевтың тағылымға толы өмір жолымен танысты.
Ағамыздың артында өшпес әрі өнегелі із қалды. Біз осындай дарабоз тұлғаны әрдайым жас ұрпаққа жеткізе берсек, олардың бойында еңбексүйгіштік, отансүйгіштік қасиеттері арта түсері анық.
Динара ҚОСНАЗАРОВА,
аудандық кітапхананың оқырмандарға
қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы