Дәуір тудырған тұлға
qarmaqshy-tany.kz Ш.ТӨЛЕПОВА АТЫНДАҒЫ АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНДЕ ӨТКЕННІҢ ӨНЕГЕСІ БҮГІНГІНІҢ БАҒА ЖЕТПЕС БАЙЛЫҒЫ ДЕГЕН ҰЛАҒАТПЕН ЕЛ ТАРИХЫНА ӨЛШЕУСІЗ ҮЛЕС ҚОСҚАН ТҰЛҒА, МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ ҚОНЫСБЕК ҚАЗАНТАЕВТЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ «ЕЛГЕ АДАЛ ҚЫЗМЕТ ЕТУДІҢ ҮЛГІСІН КӨРСЕТКЕН ҚАЙРАТКЕР» АТТЫ ТАНЫМДЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ.
«Қыран тағдырлы тау мүсін» атты көрмемен бастау алған конференцияға облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, аудан әкімінің орынбасары Жұлдызхан Ерқосаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков пен қоғам қайраткері, баласы Ғанибек Қазантаев қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары алғы сөзінде: «Әр дәуірдің өзінің жарық жұлдыздай шоқтығы биік тұлғалары бар. Өткен ғасырдың орта тұсынан бері ел басқарған азаматтардың бір шоғыры халыққа жасаған еңбегімен ел жадында сақталып, тарих бетіне өз есімдерін алтын әріптермен, маңдай терімен жазып кетті. Солардың ішінде өзінің адалдығымен, әділдігімен, адамгершілік қасиеттері, парасат-пайымы, қажыр қайратымен ел аузында қалған Қонысбек Қазантаевтың есімін айрықша атаймыз. Бар өмірін Сыр бойының өркендеуіне арнап, адалдық пен туралықты ғұмырының темірқазығы етіп өткен өнеге иесі Қонысбек Қазантаев – қалың елдің қамын жеген қабырғалы қайраткер» дей келе, ел басқарған ақжүрек азаматтың өмір жолына, игі істеріне тоқталды.
Тағылымға толы танымдық шараны аудандық мәслихат төрағасы Әділ Қошалақов жүргізді. Әбділдә Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлыбек Мыңжас «Дәуір тудырған тұлға» тақырыбында баяндама жасады.
Мұнан соң сөз алған Наурызбай Сейтқалиұлы мен Асқар Ермағанбетұлы қайраткердің ел мүддесі жолындағы еселі еңбектерін саралап, кейінгі буынға арда ағаның өмір жолынан үлгі алуды ұсынды.
Конференцияның қорытындылау сөзінде қайраткердің ұрпағы Ғанибек Қонысбекұлы өсер елдің өнегелі ұрпағы тұрғанда ұлтын сүйген рухы биік қайраткер Қонысбек Қазантаевтың есімі мәңгі ұмытылмайтынын, халқы үшін жасаған қызметін айта келіп, өткеннің ісін бүгінге жеткізетін тағылымға толы жиынды ұйымдастырушылар мен жиынға қатысушыларға алғысын білдірді.