«Қарақұм» дегенше – «қарағым» десейші!
qarmaqshy-tany.kz Жерінің шекарасын қыс-қыстау, жаз-жайлау деп белгілеп, Қызылқұм мен Қарақұм арасында мыңғыртып мал өсірген шаруа арнасынан асып жатқан суы мол Сырдария өзенінен тоң жібіп, мұз кетпей тұрғанда өтіп алуға асығатын ол уақытта.
Кешірек қалғандары Қармақшы өткелі, Кемесалған, Байқожа тұстарынан судың таяздау әрі енсіздеу ұрымтал жерлерін өткел етіп, Нұраның бойымен кең жазира даланы бетке алып, ендей жайлап кете баратын.
Жарықтық шалқып аққан сұлу Сырдың ені шақырымға жуықтап, ернеулеп тұрған кезінде Нұра жерінде тереңдігі ондаған құлаш болатын құдықтар болса, Қарақұмға бойлай енгеннен кейін ол кезде Арал теңізінің шалқып жатқандығынан ба екен, құм ортасындағы қияқ біткен ойпаттардың суы тізеден қазсаң шыға келетін еді.
Етегінде ебелек пен ермене, беткейінде бидайық пен боз жусан қалың өсіп, қарсы қабағына түзген біткен ақ шағыл құмдардың ортасында «Сырымбет», «Қарасу» сияқты шағын көлдер болатын. Аттың үзеңгілігінен жоғары тереңдікте жер асты су көздері арқылы шыпшып шығып, жаз бойы шалқып жататын бұл көлдер қой тоғытатын бассейн ретінде де пайдаланылған. Жан-жақтан қыспаққа алынып, еріксіз суға түскен қой мен қозы улап-шулап ұзындығы 70-80 метрге жуық ашық айдынды жүзіп өткенде кірінен арылған жүндері жібектей жылтырап, бір-екі күнде кеуіп, қырқып алуға даяр болып тұратын.
«Сулы жер – нулы» дегендей, айнала біткен қамыс-құрақ суылдай ән салып, сұңқылдаған сұқсыр үйректер көл сәнін келтіреді. Қалың біткен қамыс пен қоғалы қопа арасына жұмыртқа тастаған аса сақ құс – қаз дауысы мен түрлі су құстарының үні жаз айларында құйқылжи әуелеп, айналаны әдемі әуенге бөлейтін. Әсіресе күзге салым су жиегінде дөңбектейдөңбектей болып отыратын итала қаздар, топтала ұшып, көлді бір айналған соң сырттап барып жусан түбірлеріне араласа қонатын торала қаздар – бәрі осы көл суын төңіректейді.
Бұл айтып отырғанымыз – алпысыншы жылдардың бас кезіндегі Қарақұмдағы малшы жайлауының бір көрінісі. Бұл жер «Тышқан тамы» деп аталатын үйтамның терістік бетінде 8-10 шақырым шамасында құмның ортасында еді. Тышқан деген кісі Шөмекей Есбол Сарықасқаның айтулы адамы. Оқырманға жақынырақ таныстыра кету үшін айта кетейік, кешегі өткен ел ағасы, белгілі партия және қоғам қайраткері, ұлағатты ұстаз Жаңаберген Сәденов ағамыздың үйіндегі Назым апайдың арғы атасы. Заманының белгілі биі де болған, би түсетін үйі де болған бұл кісі аумаққа белгілі дәулетті, қонақжай адам екен. Сонау Бұқара, Тамды жерінен Орынборға, жоғары Омбы, Тройцк жеріне керуен тартқан сәудегерлер жаз ортасында «Тышқанның кебежесінде кепкен сүр қазыдан дәм татамыз» деп ат басын әдейі бұрып келіп, сый сияпатын көріп, сыралғысын беріп аттанады екен. Сол әулеттің шағын шежіресіне тоқтай кетсек, Өтеуліден Тышқан, Тышқаннан Аяп, одан Бүркітбай, Бекмағамбет болып осы күнгі балаларына дейін келеді.
Үйтам үлкен. Қабырғасы қалың қам кірпіштен жасалған. Қысқы қарлы борандар мен төпелеген күзгі салқын жаңбырларда талай жолаушыға пана болған белгілі жер. Тіпті жалғыз-жарым жоқ қарағандарға қасқыр қамағанда қорған болғандығы жөнінде аңызға бергісіз хикаялар да бар еді.
Кейінгі ұрпақтары пір тұтып, әулие санаған бұл кісінің қадір-қасиетін жоғары бағалаған ұрпақтары жаз жайлауға шығып, ары-бері өткенде ат басын тартып осы жерде екі-үш күн ерулеген. Қасиетті орынды қастер тұтып, қоналқа жасап, құран бағыштап өтетін болған. Тіпті үйтамға жақындағанда жас келіндер жағы қоршау түйеден түсіп, көшті жаяу жетектеп өткен деседі. Бұның өзі әруақ сыйлаған, ата-баба рухын қастерлеуді мұрат тұтқан халықтың сол кездегі әдебі, халықтың салт-дәстүріне айналған тұтас мәдениетінің бір көрінісі еді.
Кешегі Кеңес заманының қиын-қыспағында өзінің үрдіс-салтын, тілін, дінін қорғап, ел ризығы болған ақ адал малды тәркілеу жолымен жинап алып, тігерге тұяқ қалдырмаған кезіндегі ел ішін алатайдай бүлдірген белсенділердің уақытында үкіметке елеулі қарсылық көрсеткен «Қарақұм көтерілісінің» сарбаздары да осы аумақтан бастап сонау Сырман қожа әулиеге қарай, тіпті Торғай даласына дейінгі жерлерді ат тұяғымен шиырлады. Орыстың жазалаушы отрядтарымен болған қақтығыстарда қазақтың мыңғырта мал өсіріп, жайлау еткен, ат қосып, көкпар тартып ала шаң қылған осынау бір өлкесін қорғау үшін талай ерлер қолын қанға бояды. Өздері де жазалаушы отряд басшыларының алдауына түсіп, қаруларын тастасымен ату жазасына кесілді.
Белгілі дін өкілі Жұмағазы Бәйімбетов басқарған қалың қолдың қарасын көбейтіп, сол қырғынның бел ортасында өз жігіттерімен қармақшылықтар Лаубай баласы Пірмағамбет, Қабылан баласы Жұмаштар да жүрген еді.
Тышқан үйтамын сөз еткен соң айта кетейік, үйтамға таяу жердегі ашық алаңқайда тұрған төбеге кешегі алпысыншы жылдардың басында «Тышқан тамы» деп аталған әскери горнизон салынды. Шағын қалашықтың сырттан қараған адамның көзіне бірден түсетін көгілдір күмбезді ғимараты болды. Әскери қалашық болғандықтан, әрине, жабық болады. Бірнеше казарма мен әскери техникалар тұратын бокс, төбенің биіктеу жерінде суы төменге ағып кететін жүзу бассейні, ылдиға таман монша, тағы бірнеше тұрғын үйлер болғанын кейін білдік.
Үйтамның солтүстік-батыс бетіндегі құмның бір қабат ішінен цементтеп құйып тастаған дөңгелектер жіберіліп, 4-5 тонна су кететін сыйымдылықта терең құдық қазылған. Үш-төрт тонналық цистерналы су таситын машиналар бұл құдыққа күніне 2-3 рет келіп су тартып, әскери қалашықты сумен қамтамасыз етеді. Жергілікті халық, айнала отырған шопандар бұл жерді «Тасқұдық» атап кеткен.
Тап осы Тасқұдықтан терістікке қарай 8 шақырым жерде, әлгі айтып отырған «Сырымбет» көлінің батысында алпысыншы жылдардың басында Ақжар совхозы мал фермасының орталығы болған «Қызылбастың соры» деген жер болды. Шаруашылықтың қаракөл қабылдау, жабағы, қозы күзем, қой күзем сияқты мал өнімдерін алу, оны тазартып, престеп, тиісті жерлеріне жіберіп отыру ісі осы жерде жүргізіледі. №1 және №3 мал фермаларының орталығы болған бұл жер түстік жағы сортаңдау болып, әрі қарай аппақ шалқып жатқан тұзға ұласатын.
Шілде ортасы болып, күн ысыған кезде бұл жерде жаппай тұзға түсу науқаны басталады. Тұз ортасынан кісі бойындай жерді тізеге таман қазып, бас жағына күннен қорғану үшін үш таған мосы қойып, желбегей киіммен көлеңкелейді де 15-20 минут осы шұңқырға жиналған ыстық тұзды суға жатады. Үлкендердің айтуынша, тұзға түсіп, тұла бойға жиналған жел-құзды кетіру адам денсаулығына пайдалы. Жыл бойы буын-буының сыздамай, сырқырамай жақсы жүруге болады.
Осы жердегі туыстарын жағалап келіп ауылдағы қолы бос кемпір-шалдар да тұзға түседі. Кейбір шаруақорлары түйемен барып, айналадағы ши табандардан ши тартады. Құм ішіндегі сағыз табандардан немерелеріне сағыз теріп, ауылдан 15-20 күнде қатынап тұратын машиналарға мініп, үйлеріне олжалы оралады.
Бұлардан бөлек, айнала «Әлен-Қодар», «Тәшімтай», «Көмбе», әрірегінде «Жіңішке құм» деген жер атаулары есімде қалыпты. Осындағы Көмбе деген жерге қиыршық тас, құм араласқан цементпен құйып, қолдан қойдың арқасы бататындай тереңдікте астау жасаған. Мал қырқымынан кейін түрлі зақымдарға ұшыраған терісіндегі жарақаттарды қуырып, тез жазып жіберу үшін пайдаланылатын бұл астауды «керолин тоғыты» деп атайтын. Керолин араластырған суға тоғытылған малға оның иісінен-ақ шыбын жоламайды, жараның орны қуырылып тез жазылады.
Жіңішке құмнан әрі қарай Арал ауданының малшылары жайлайды. Шекара сол. Қазалы ауданының мал жайылымдық жері беріректен тұйықталып қалатын болуы керек, әйтеуір сол кезде ақжарлықтар Арал шопандарымен жазғы тойларын бірге өткізіп, аламан бәйгелерге ат қосып, көкпар тартысып жүрді.
«Қызылбастың сорының» шығыс бетіндегі кең алапта Чапаев, Энгельс атындағы колхоздардың жайлауы болды. Жауқашты, Жапақ деп аталатын тарихи жерлер сол жақта. Жыл сайын мал төлдеп болып, жабағы жүні алынғаннан кейін аудан малшылары бас қосып, шопандар слетін өткізетін жері осы Жапақ еді.
Құмы киімге жұқпайтын, ауасы таза, кеші салқын, маса, сонадан тыныш осынау далада малшыларға аз уақыт көмектесіп қайтқан адамның өзі ол жаққа баруды аңсап тұратын. Жанға да, малға да жайлы жерде еңбек додасын қыздырған кеңпейіл жандардың қонақжай көңілін тамсана еске алатын жұрт «Қарақұм дегенше, қарағым десейші!» деп, мәтелдей сөйлейтін еді ол кезде...
Араға алпыс жылдан астам уақыт салып, аудандық мұражай қызметкерлерінің арнайы бағдарламамен жасалған жоспарлы іс-сапарының аясында Қарақұм даласын бетке алдық.
Кемесалған бекетінен түсіп, терістік-батысқа қарай майда төбелерді қуалай тартылған қара жолдың бойымен заулап келеміз. Қабаққа шығар кезде әл-әзір таусылып қалатындай көрінген жол төбе басына шыққанда төмен қарай құлдилай жөнеледі де, әлден соң әріректен көрінген алдыңдағы қырға асылып бара жатады. Нұра жерінің шұбала созылған жолы аса жайсыз емес. Ара-тұра тақыраштау жерлерде көктемгі батпақтың кезінде қазылып қалған терең іздердің жанынан салған жолдар кездеседі демесең, негізінен бұл жақта жайлы жер қуалап, тарам-тарам жол сала бермейтін сияқты.
Кенттің шетінен есептегенде 50 шақырымға жуық жүргенде жолдың оң жағында «Көкиық» деген дөң кездесті. Алыстан асар сияқты болып көрінгенімен бұл табиғи шоқы екен. «Үлкен Көкиық», «Бала Көкиық» деп аталатын бірі – тік көтерілген биік, екіншісі – жайпақтау төбе. Адам отырған қоныс болғаны қасындағы бұлақтан көрініп тұр.
Әрі қарай бұл бағыттағы жолда алғаш кездескен бұлақ «Қаспай скважинасы» деп аталады екен. Таныс есім. Алғаш бұл есімді 1938 жылғы аудандық «Екпінді» газетінің беттерінен көрген едім. 1937 жылы газет баспаханасына қызметке қабылданып, әріп теруші болумен бірге газетке әртүрлі тақырыпта мақала да беріп тұрған. 1941 жылы әскер қатарына шақырылып, майданға аттанады. 1945 жылы соғыс аяқталысымен аман-есен елге оралған ол жары Алмагүл апаға үйленіп, әкесі Кенбай қарттың айтуымен шопан таяғын ұстайды. 40 жыл Қармақшы кеңшарында қой бағып, 1984 жылы шопан таяғын екінші ұлы Бақытқа табыстағанда жасы 82-ге толып еді. Табыссыз болған жоқ. Еңбегі жанды. Атақты шопан ретінде елге танылып, абыройға бөленді. Ерен еңбегі үшін «Нива» автокөлігі сыйға берілді. Көп жыл мал бағып, жайылым мен жер-судың ыңғайын жақсы білген ол Нұра даласына скважина қазып жүрген бригадаға өтініш айтып, осы бұлақты өзі қаздырған. Бұл жерде ұзақ жылдар мал бағып отырған. Бұлақ «Қаспай скважинасы» атанып, картаға түскен.
Бұдан кейін кездескен «Әбіләкім» бұлағында Қармақшы кеңшарының атақты шопаны, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланған Төлепберген Бөрібаев ұзақ жылдар отырып, осы жерді жылдағы жайлауына айналдырған. Әрі қарай «Қуандық», «Шылбыр» атты бұрғылау бұлақтары кездеседі. Қуандық – Қаратамырдың белгілі адамы болғанға ұқсайды. Батыс бетіндегі биік төбенің басында Қуандық үйтамы да тұр. Ертеректе шеген құдығы болған. Бұл маңдағы бұрынғы шеген құдықтардың бәріне бетон кольцо орнатып, арнайы жобамен түгел жаңалаған сияқты. Кейбір шеген құдықтар көміліп, ізі ғана қалған. Шылбырда су ағып тұр. Жосалыдан шыққанымызға 100 шақырымды көрсеткенде алыстан мұнартып көрінген «Тарғыл тауына» да келдік.
Қорқыт аңыздарына арқау болған «Тарғыл тау» деп аталған бұл таудың жөні бөлек. Өлімнен қашып, мәңгілік өмір іздеген бабамыздың алдынан көр қазып жатқан адамдар шыға берген ғой. «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» деген сөз содан қалса керек. Аузынан «өлім» деген сөз шыққан күні өзінің ажал сағаты соғатыны туралы ғайыптан жеткен пәрменді есіткен бабамыз өлім, ажал сияқты ұғымдарды білдіретін сөздерді аузына алмай жүреді екен. Бір күні қорадағы бір тарғыл танасы босанып кетіп, соны ұстай алмай қуа берген дейді. Әбден шаршаған кезде ұстататын түрі болмаған танаға ызасы келген Қорқыт: «Сен хайуанға өлсем де жетем» деген сөздің аузынан шығып кеткенін абайламай қалса керек. Әулиенің назасына ұшыраған тарғыл тана қашып бара жатқан күйі тасқа айналып кеткен екен, дейді. Аңыздың айтуы бойынша «Тағыл тауыңыз» сол тарғыл тананың бүгінге жеткен сұлбасы.
Википедиялық деректерде биіктігі 160 метр деп көрсетілген оқшауланған биік жотаның басына көтерілгенімізде қалта телефоным шың ете қалды. Онымен де қоймай әлсін-әлсін шыңылдап хабарлама түсе бергесін ауылға телефон соғып көрсем, бұл жерден билайнмен сөйлесуге толық мүмкіндік бар екен.
«Құсмұрын тауы» батыс бетіндегі Молдиман жерінен қарағанда екі басы құстың тұмсығындай сүйірленіп, ұсталардың төсі сияқты болып көрінетін. Шамасы таудың екі басы етегіндегі тақырлықтан күн сәулесімен сағымданып, төменгі жағы көрінбей тұрады-ау.
Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ