» » » Тарих пен тағылым ордасы

Тарих пен тағылым ордасы

Ашылғанына 6 жылдай ғана уақыт болған Ақай ауылындағы Әсемкүл Есіркепова басшылық ететін №279 мектептің жетістігі жұртқа жария. Талантты оқушылар мен тәжірибелі ұстаздар бас қосқан білім ордасына биыл мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаевтың есімі берілген болатын. Іле-шала аталған оқу орны лицей деген атау алды. Көктемде аталған білім ордасының бір бөлмесі Елеу Көшербаев атындағы музей болып ашылды. Ақай ауылына барған сапарымызда ерекше үлгімен көркем етіп безендірілген музейге барып, өмірінің соңына дейін өңірдің өркендеуіне атсалысқан азамат туралы толық ақпараттармен танысып қайттық.
Қазір ауылға, мектепке келген қонақ әуелі осы музейге бас сұғады. Мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Шамшырақ Баймағамбетова мұндағы әрбір құнды құжат пен кітапты тәптіштеп түсіндіріп берді.
Музейде бірнеше экспозиция бар. Онда Е.Көшербаевтың өмірі, еңбектері және марапаттарымен қанығуға болады. Сонымен қатар, мұнда қоғам қайраткерінің өмірінен сыр шертетін фотосуреттер де қойылған. Ал музейдің ортасында Елеу атамыздың жұмыс үстелі мен орындығы, пайдаланған телефоны және үнемі қойнында жүретін күнделік кітапшасы қойылған.  
Жұлдызды қала Байқоңырға арналған, Қорқыт ата кесенесі мен қобыз туралы да тың деректер,  экспозициялар бар.
Еске сала кетейік, Елеу Көшербаев – төрткүл әлемге танымал Қорқыт ата кешенін тұрғызуға ұйытқы болған тұлға. Ол 1929 жылы Арал ауданында атақты жылқышы, Социалистік Еңбек Ері Көшербай Дәрібаевтың отбасында дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтты 1950 жылы айрықша дипломмен тәмамдайды да, сол жылы 21 жасында Қазалы ауданының Октябрь орта мектебіне директорлыққа тағайындалады.
Ол ХХ ғасырдың 60-70 жылдары Қазалы, Сырдария аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, Тереңөзек, Сырдария ауданының атқару комитетінің төрағасы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған. Сонымен қатар, 1975-1991 жылдары Қармақшы, Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарған. Көзі тірісінде Ленин, Октябрь революциясы, үш мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған. Қайраткердің Қармақшы, Қазалы аудандарының өмірінен сыр шертетін «Өндіріс ұйытқысы» және «Серпін» атты кітаптары шыққан. Құрметті зейнеткерлікке шыққаннан кейін облыстық ардагерлер ұйымы Кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.
Ұлттық аспаптардың ішіндегі қасиетті, киелі қобыздың үні сарнап тұратын тарихи орынды білмейтін адам кемде-кем. Ол – Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінің солтүстік-батысындағы 18 шақырым жердегі Қорқыт стансасына жақын орналасқан Қорқыт ата мемориалды кешені. Коммунистік партияның төбесі көкке жетіп тұрған тұста аудан басшысы қызметін атқарған Елеу Көшербаев кешеннің тұрғызылуына ерекше ықпал еткен.
Өзінің тікелей басшылығымен Қармақшы жерінде орнатылған Қорқыт атаға арналған ескерткіш түркі тілдес елдердің ортақ тағзым ететін, Орта Азия өңіріндегі жүрегінде иманы бар әрбір пенденің арнайы іздеп келіп, мінәжат ететін орнына айналып отыр.

Музейді тамашалап жүріп Қазақстанның Халық жазушысы Әбді-Жәмил Нұрпейісовтың мына бір сөздері көзімізге оттай басылды. Оны дереу дәптерімізге түртіп алдық.
«Елеу қай жерде қандай қызметке барса да, артында айтудай-ақ із қалатын еді. Мәселен ол Қазалыға екі рет басшы болып барды. Ол бірінші барғанында ешкім айтпай-ақ Ғани Мұратбаевқа мұражай ашып, бюстін қойды. Екінші барғанында саябақ орнатты. Ол кезде жас ағаштарды шыбықтай отырғызған екен. Кейіннен, сол жерге қайта соққанымда, Елеудің отырғызған ағаштары жап-жасыл алқапқа айналып, жайнап тұр екен. «Әкеден мал қалғанша, тал қалсын» деген сол. Бір күні облыстың басшысы Еркін Нұржанұлы Әуелбековпен бірге Қазалыға бара қалдық. Менен Елеу: «Қарақұмда болып па едің?» деп сұрады. Бармағанымды айттым. Ол: «Кезінде Асан Қайғы бабамыз Қарақұмды көріп: «Қарақұм дегенше, қарағым десейші» деген ғой деп, Қарақұм жайлы көп әңгімелер айтып берді. Қарақұм құмының құрамында кәдімгі алтын барын өз басым алғаш рет осы Елеу бауырымнан естіген едім. Содан ұшақпен Қарақұмға бардық.
Сол секілді Елеу бауырым анау Қармақшыға хатшы болған кезінде ешкімнің айтуынсыз, көземелдеп көрсетпей-ақ Сырдың бойындағы тастақ төбенің басына Қорқыт атаға арнап ескерткіш орнатты. Онда үш қобыздың бауырына мыс түтік қойдырып, биік төбенің басын самал соққанда мыс түтіктерден қобыздың үні шығып сарнайтын еді. Қазір ол ескерткіш халықтық жәдігерге айналды. Анау Тереңөзекке Тұрмағанбетовтің музейін ашып, ескерткішін орнатты. Міне, Елеу осындай әдебиетке, мәдениетке жақын адам еді».
Иә, мектеп ішінде орналасқан мәдениет қайраткерінің атындағы шағын музей білім алушы жастарға өмір тынысын сабақтастырудың бір жолы. Ұл-қыздарымыз тәуелсіздігіміздің отыз жылдығы тұсында тарих баспалдақтары арқылы биік мақсаттарға жетелейтін идеялармен жіті танысып, ұлы даланың құндылықтарын бойға сіңіруге тырысса нұр үстіне нұр болар еді. Тарих пен тағылым ордасынан түлеп, бұл қасиеттерді сабақтастыра білген жастар елінің нағыз жанашыр азаматтары болып қалыптаспақ.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Айнұр ӘЛИ (сурет)
02 қараша 2021 ж. 1 098 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 048

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031