» » Тентегін тезге салған ел

Тентегін тезге салған ел

qarmaqshy-tany.kz АДАМНЫҢ БАР ҚАДІР-ҚАСИЕТІ – АБЫРОЙЫНДА. АТАМ ҚАЗАҚ СОЛ ҮШІН ДЕ «БАСҚАСЫН АЛСАҢ ДА, АБЫРОЙЫМДЫ АЛМА» ДЕП ТІЛЕГЕН. ӨМІРДІ ӘРКІМДЕ-АҚ СҮРЕР, БІРАҚ МАҒЫНАЛЫ ДА МӘНДІ ЕТІП СҮРУДІҢ ЛӘЗЗАТЫ БАСҚАША. ҰРПАҚТЫ ӘРКІМДЕ-АҚ СҮЙЕР, БІРАҚ ОНЫ ТӘРБИЕЛІ ДЕ ТӘЛІМДІ ЕТІП ӨСІРУДІҢ БАҚЫТ ДӘМІ МҮЛДЕ БӨЛЕК. СОЛ СЕКІЛДІ ЕЛДІ ЕЛ ҚЫЛАТЫН ДА ОНЫҢ АТ-АБЫРОЙЫ. АЛ АБЫРОЙ ҮШІН КӨП НӘРСЕ КЕРЕК ЕМЕС ЕКЕН. БАР БОЛҒАНЫ БІРЛІКТЕ БОЛУ.
Әлеуеті тұралап, шаруасы шатқаяқтаған Ақжар ауылының бүгінгі көрік, келбеті бұрынғыдан көш ілгері. Елден жыраққа жұмыс іздеп кеткендер қайта оралып, туған жердің топырағын түлетуге кіріскен. Елді мекенде еңсесін тіктеген екі бірдей шаруашылық ауылдың қажетіне нар күшіндей жарап-ақ тұр. Еңбек озаттарының көшін де осы шаруа қожалықтарының азаматтары бастауда. Іле-шала өтіп отыратын жиын-тойлардың демеушісі болған шаруашылықтар ауылдың 150-ден аса тұрғынын жұмыспен қамтыған. Оған қоса, мемлекеттік бағдарламалармен кәсіп ашып, өңірге қызмет етіп отырған кәсіп иелері де аз емес. Қаладан көрсетілетін қызметтердің бірқатары бүгінде ауылда да көрсетілетін болған. Ол үшін қала жағалаудың керегі шамалы. Ауылдың ортасынан өтіп жатқан ұзын жолдың бойындағы дүкендер де жергілікті халықпен қатар, жолаушылардың да керек-жарағын алуына септесіп тұр. Қай жұмыстың да нәтижелі болуы талап пен тәртіпке байланысты. Олай болмаған жағдайда жақсылықтың іргесі алыс. Айтпағымыз да – осы. Ауданда осы жылдың 10 айлық көрсеткіш қорытындысы бойынша Алдашбай ахун, Қызылтам елді мекендерінде бірдебір қылмыс тіркелмеген. Бұл қатарды Ақжар ауылы да толықтырады. Тәртіптің басы тентегін тезге сала білетін ауыл ақсақалдарының да ықпалынан байқалса керек. «Мұның бәрі аядай ауыл жұртының ауызбірлігінің арқасы» дейді ауыл халқын ұйыстырып отырған ардагерлер кеңесінің төрағасы Алғашбай Тұяқбаев.
– Жуырда ауылымызға еңбегі сіңген азамат Жарылқасын Байсаловтың 80 жылдық мерейтойы аталып өтті. Оған жер-жерден сыйлы қонақтар, өнер адамдары, іргелес жатқан көршілеріміз келіп қуанышымызға ортақтасты. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дейміз бе, дайындық екі ай бойы жүрді. Елдің ықыласы керемет болды. Ұйымдастырушылар апта сайын бас қосып, ақылдасып, кеңесіп отырды. Тойға адам көп жиналды. Екі күн бойы дүбірлеп өткен той елдің есінде ұзаққа сақталатыны белгілі. Палаткалар құрылды. Қонақасыға 2 жылқы, 1 сиыр сойылып, мол дастарқан жайылды. Келген кісілер де, өзіміз де дән риза болдық. Айтыс, ат жарысы, көкпар, балуандар белдесі секілді ұлттық спорттың бірнеше түрінен жарыс ұйымдастырылды. Мұны айтып отырған себебім, осының барлығы да ауызбірліктің, жанашырлықтың белгісі. Игі істе ақсақалдардың да еңбегі болғанын айта кету керек. Жүрген ортамызда үлкендік көрсетіп, насихат айтамыз. Елмен тығыз байланыстамыз. Битілеу Оразбаев, Бірлік Қойбағаров, Байзақ Төралиев және басқа да ардагерлер көптің арасында ағалық ақылын айтып, тәрбиелілікке шақырып отырамыз. Оның үстіне ауылдық учаскелік инспектор жұмысын жақсы білетін маман. Тынбай жұмыс істейді. Қызметі осында болғасын отбасын көшіріп әкелді, – дейді А.Жалғасбайұлы ауылдың бірлігін сөз ете.

Білуімізше, ауылдың учаскелік инспекторы сол жердің тумасы. Ата-анасы еңбекпен өсіп-өніп, елге сыйлы болған кісілер. Полиция майоры шеніндегі Жеңіс Ұзақбаев отбасындағы он баланың сүткенжесі екен. Артық болмас деген оймен біз одан өзін таныстыра кетуді жөн санағанбыз. «Мектепті бітірген соң шаруашылықта жұмыс істедім. Такси де болып нәпақа таптым. Мамандық алуда Қорқыт ата атындағы университетті бітірдім. Кейін оқудың артығы болмайды деп, «Болашақ» университетінен заңгер мамандығын алдым. 2005 жылы аудандық ішкі істер оганына учаскелік полиция инспекторының көмекшісі болып қызметке орналассам, араға жылдар салып ішкі істердің тергеу бөлімінің бастығы, орынбасары қызметтерін атқардым. 2019 жылдан бастап туған ауылымда учаскелік полиция инспекторы болып еңбек етіп келемін» дейді ол еңбек жолына тоқталып.
– Жыл басынан бері ауылымызда қылмыс тіркелмеді. Шүкір дейміз. Бөлім басшылығының бұйрығымен мал ұрлығына байланысты ісшаралар өтеді. Рейдтік шаралар бар. Түн мезгілінде ел тыныш болсын деп, өзіміз де демалмаймыз. Түнде келген-кеткен көліктерді тексеріп, бақылап, оның үстіне квартал сайын есеп беру жиынында халыққа әрдайым айтып отырамыз. Пада ұйымдастыру, әркім өз малына ие болып, өрістен келмеген жағдайда бірден бізге хабарлауды ұдайы тапсырудамыз. Өйткені ол қылмысты дер кезінде ашуға септігін тигізеді. Қылмысты болдырмауда ауыл тұрғындарымен тығыз байланысып, жастар, үлкендеріміз бар ауызбірлікте жұмыс істеудеміз. Сыртта отыратын малшылармен де аптасына кемінде бір мәрте барып, пікірлесіп, мал-жан амандығын біліп отырамыз. Бөтен көлік көріп жатқан жағдайда хабар беруі керек екенін де олар жақсы біледі. Осындай әрекеттермен жұмыс жасайтынымызды ұрылар да біледі. Әуелі құдай, тыныштық болсын. Мақсатымыз сол – қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, қылмысты болдырмау, алдын алу. Ауыл болғасын мал ұстамайтын түтін кемде-кем. Халық, ел болып әрбір өріске пада ұйымдастырсақ, деген жоспар бар. Егер де қылмыс бола қалған жағдайда, ізін суытпай ашу да басты мақсатымызға кіреді. Тек мал ұрлығы емес, ауылдың тәртібіне, хал-ахуалына, жалпы барлығына жауап береміз. Заңдық тұрғыда айтқанда, теріс қылық болса да жауаптымыз. Алдағы уақытта да алдын алу іс-шараларын күшейте береміз. Ауыл әкімшілігі, ақсақалдар, белсенді азаматтар бар, бәріміз бірге тығыз байланыста жұмыс жүргізе береміз, – дейді полиция майоры.

Ауданда 12 ауылдық округ болса, соның саусақпен санарында ғана биылғы жылдың 10 айлық көрсеткішінде қылмыстық іс тіркелмей отыр. Осы ретте ауыл әкімшілігінің зерттеуі де жоқ емес. Қылмыстың орын алмауында бірнеше фактор себеп болуы мүмкін дейді ондағылар. Енді ауыл әкімі Нұржамал Бектайқызының әңгімесіне құлақ түрсек.
– Біздің пайыммен оған бірнеше нәрсе себеп болуы мүмкін. Біріншіден, төбелесетін жасөспірімдер азайды. Себебі екі жыл болды көкпарды қолға алдық, бала біткен тай ұстап, жылқының соңында жүр. Соның себебінен ауылда жылқы саны артты. 2 жыл бұрын 576 жылқы есепте болса, биыл 700-ге жуықтады. Екіншіден, ауыл тұрғындары арасындағы ашылған чат. Осы чатқа жоғалған, төлдеген, өлген малдарды көрген адамдар салып отырады. Жалпы айтқанда, ортақ әңгіме, жанашырлық, сенім, жауапкершілік қалыптасқан. Халық осы үрдіске қалыптасып, ұрлық деген азайды. Үшіншіден, жастар мен балалар арасындағы спорттың, түрлі үйірменің дамуы да үлкен септігін тигізіп отыр. Бос жүрген бала қалмай барады. Ән, би, тігін, ат спорты, күрес түрлері, жыраулық, сурет, қолөнер үйірмелері ашылды. Балаларды қамту жақсы. Төртіншіден, соңғы байқағанымыз, жастар ішімдікке әуес емес. Ішімдікті кеңес дәуірінен қалғандар көбірек ішеді. Жастардың арасында бір жанашырлық, қоғамға пайдамызды қалай тигіземіз, деген пікір қалыптасқан. Тек осы дүниелерді дұрыс бағыттай білсек, – дейді ауыл әкімі бірнеше факторды алға тартып.
Елден елдің несі артық дегенде, «елім» дейтін ері артық деген екен аталарымыз. Әрбір азамат өз елінің жанашыры болса, абырой да оны іздеп таппақ.
Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК
07 қараша 2023 ж. 1 017 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 300

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 397

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930