» » Игі істер өркен жайған ауыл

Игі істер өркен жайған ауыл

Халықтың әлеуетін көтеріп, ауыл-аймақтарды өркендету – ел алдына қойылған маңызды міндеттердің бірі. Осыған сәйкес, бүгінде білім мен денсаулық, спорт пен мәдениет, басқа да әлеуметтік салаларды дамытуға баса мән беріліп келеді. Соның нәтижесінде, жыл санап жұрттың жүрер жол, ауыз су, жарық пен жылу мәселелері біртіндеп оң шешімін тауып, өнім өндірушілердің бәсекелестік қабілетін арттыруға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бұл өз кезегінде тірлігі тұралап қалған елді мекендердің тез арада еңсе тіктеуі мен аймақтардың гүлденуіне тың серпін беруде.
Мемлекеттік бағдарламалар арқылы көкжиегі кеңейіп отырған елді мекеннің бірі ауданға қарасты – Төребай би ауылы. Бұл мекен аудан орталығынан 32 шақырым қашықтықта орналасқан. Жуырда осы ауылдың тыныс-тіршілігімен танысудың реті түсті. Ауылдағы ағайынның бүгінгі ахуалы жайында ауылдық округтің әкімі атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап берді.
– Ауылымызда 530 тұрғын бар. Тұрғындардың дені ауылдағы мемлекеттік мекемелерде қызмет етеді. Онан бөлек, шаруа қожалығы мен сыртта жұмыс істейтіндер де бар. Жұмыссыз жандарды қолдан келгенше назардан тыс қалдырмауға, мүмкіндік болса екі қолға бір күрек тауып беруге тырысамыз. Ауылда 10 шаруа қожалығы тіркелген. Сонымен қатар кәсіпкерлік бағдарламар арқылы білімін жетілдіріп, жаңадан кәсіп ашып жатқандар да жетерлік. Егін егіп, мал баптауға орналасқан жеріміз аса қолайлы болмағандықтан, кәсіптің жаңа түрлерін меңгеруге басымдық берілуде, – дейді ол.
Мұнда әлі де атқарылар істер ауқымды. Ел үшін жасалар бірқатар жұмыстың жоспары да дайын. Байланыс ауқымын кеңейту, интернет желісінің жылдамдығын арттыру үшін тиісті мекемемен келіссөздер жүргізілген. Бұл ауылда көп жылдар түйіні тарқамай келген аяқ су мәселесінің шешілуіне жұмыстар атқарылуда.
Қазақ ауылда туып, тамырын тереңге тартқан халық. Сондықтан ауыл халқының өмірін оңалту мақсатында мемлекеттік деңгейде қолдау аясы кеңейді. Біздің айтпағымыз, мемлекеттік қызмет түрлерін құзыреттілік шеңберінде тиянақты атқару әрбір жауапты тұлғадан сауаттылықты ғана емес, жанашырлықты да талап етеді. Ауылдың әрбір тұрғынының жағдайын ойлап, атқарылып жатқан істерді тоқтаусыз баяндаған әкімнің тәжірибесі мол. Бұл ауылдағы әрбір жанұяның жағдайын бес саусақтай білетін жанашыр азаматтың пікірінше елдің келешегі бұдан да жарқын болмақ. Бұл үшін тек еңбектену керек.
– Елдің ішкі жағдайының тұрақтылығы, кәсіпкерлікті дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу – алдыға қойып отырған басты мақсатымыз. Ел игілігі жолында еңбек етіп, ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеріп, кәсіптің көкжиегін кеңейтсек – біздің міндеттің орындалғаны. Елдің алғысынан артық не бар дейсіз, – дейді ауыл әкімі.
Шағын ауылдың етек-жеңін қымтап, абыройын асырып, түтінін түзу ұшыруда тыңғылықты еңбектерімен тер төгіп келе жатқан мемлекеттік қызметкерлердің де еңбегін атап өту ләзім. Атқарылар игі істердің жемісін алдағы күндерден үлкен үмітпен күтіп отырған би ата ауылының әрбір тұрғыны еңбекпен келген нанның тәтті боларын жақсы түсінді.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
31 тамыз 2021 ж. 846 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 305

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 402

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930