» » Туған жер өзің дегенде...

Туған жер өзің дегенде...

Кезінде экономикасы құлдырап, әлеуеті әлсіреген ауылдардың жай-күйі бүгінде бойына қан жүгіріп, қайта түлей бастаған. Ауыл адамының арқасына сөмке асынып, қалаға қарай аяңдауының себебі де жоқ емес еді. Ол – қолды байлаған жұмыссыздық, тұрмыстық қиыншылықтар болатын. Ауылда мүйізі қарағайдай жұмыс көзі болмаса да, нобайы көрінсе, қала кезіп несі бар. Қазір ауылдарда шаруа қожалықтар мен серіктестіктер құрылып, бұрыннан бары жетіле түсуде. Жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың еңбекпен қамтылуына ықпалын тигізуде. Сыртқа кеткен көптеген жас туған жерге оралып, елге қызмет істеуге кірісті. Сондай ауыл тұрғынының бірі – біз әңгіме еткелі отырған Нұрбек Асқаров Ақжар ауылының перзенті.
– 2009 жылы жұмыссыз қалып, бала-шағамен Қызылордаға көшуге тура келді. Өзіңіз білетіндей, ер азамат отбасының асыраушысы. Оған қоса, көпбалалы жанұямыз. Сөйтіп, сары­ауыз балапандарымның қамымен қала астық. Десе де, туған жеріңнен артық жәннат бар ма?! Өзіміз қалада жүрсек те, жанымыз ауылда қалып қойғандай күй кештік. Ындынымыз ауылға ауып тұрады. Ауылдың суы да, желі де бөлек қой, шіркін. Уақыт өте келе елді-мекеннің тұрмысы түзеліп, шаруасы жандана бастады. Осы тұстарда, яғни 2016 жылы елге қайтып оралдық. Шағын бас­пана сатып алдық. Ауылдың жүзге тарта адамын жұмыспен қамтып отырған іргелі шаруашылық – "Ораз ахун ЛТД" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне жұмысқа қабылдандым. Онда түрлі техника жүргізіп, былтыр бақша өнімін, картоп егумен айналыстым. 2 гектар жерден 20 тонна 250 келідей картоп жинап, жақсы көрсеткішпен шықтым, – дейді ауыл азаматы.
Нұрбектің әкесі Кәрібай аға да жасы жетпісті желкелеп қалса да, әліге дейін бақша егеді. Алыс-жақыннан қыдырып келетін немерелері де бағбан атаның кішкентай көмекшілері. Көктем шыға қолынан кетпені түспей, шарбағын егінге дайындайтын кәнігі бағбанның еңбекқорлығына ауылдас­тары құрметпен қарайды. Ағамыздың үлкен баласы Бек те шаруаның түр-түрін істеп, елге еңбек сіңіріп келе жатқан майталман.

Тағы бір айтарлығы, Нұрбек Кәрібайұлының отбасындағы береке мен бірлік. Шүпірлеген балалары мектептің озат та белсенді оқушылары. Келіншегі Ақнұр Әділова алты баланың ардақты анасы, күміс алқа иегері. Олардан тараған 4 қыз бен 2 ұлдың алды мектепте білім алып жатса, кенжесі үш жаста. Балалардың тұңғышы Кемел, одан соңғы баланың есімі – Сәлима. Сәлима демекші, сәбидің есімін ырымдап, Еңбек ері, Батыр ана, аңыз адам Сәлима Жұмабекованың құрметіне (анамыздан рұқсат алып) сол тұста ауыл әкімі болған Сапарбек Асқаров қойыпты. Одан кейінгі Сәния, Сұлтан, Нұрсезім ата-анасының қолқанаттары. Ал сүткенже Айтолдының атын әкесі өзі қойып, азан шақыртыпты.
Қазір екі қолды алдыға қойып отыратын кез емес. Мүмкіндікті жібермей, еңбек қыл, бейнет ет. Сонда ғана өмір қызықты да қуанышты болып көрінбек. Осындай қағиданы мұрат еткен отанасы Ақнұр Әділова жолдасының тапқан нәпақасына қарап отырмай, өзі де кәсіп бастап, шаруа қылуда. Ол "Бастау Бизнес" жобасымен қайтарымсыз несиеге ие болып, қой шаруашылығын дамытуды қолға алды.
– Мен ауылдың баласымын. Ағайын-туыс, етжақындарым да осында. Қандай жаста болсын, мейлі қандай биік-биік қызметтер атқарсын, туған ауылыңды әркез қолдап отыруың керек. Ақжарымды әлемнің ең сұлу деген қаласына айырбастамаймын. Ауыл менің тыныс-тіршілігім, болашағым. Оның әрбір құм-тасы сөйлеп тұрған шежіре. Шүйгініне аунап, арығына шомылып өскен ұрпақпын. Ауылым – жұмағым. Оның болашағы – менің болашағым, менің ұрпағымның болашағы. Ауылыма қолымнан келгенінше қызмет ете беремін. Еңбек етсең, бәрі болады. Қайсыбір жылдары жағдайы тұралап қиындағанымен, бүгінгі күні Ақжардың ажары кірген, берекесі тасыған, – дейді Нұрбек Асқаров сеніммен сөйлеп.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
26 наурыз 2022 ж. 885 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 042

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031