» » «Іздібай бауын» жайқалтса

«Іздібай бауын» жайқалтса


ӘРБІР АДАМҒА ТУҒАН ЖЕРІ ЫСТЫҚ. "АУЫЛ – АЛТЫН БЕСІК" ДЕП БЕКЕР АЙТПАҒАН. МЕН САНАЛЫ ҒҰМЫРЫМДЫ ТҮРЛІ САЛАДАҒЫ ҚЫЗМЕТТЕРГЕ АРНАҒАН ЕҢБЕК АРДАГЕРІМІН. БҰРЫНҒЫ ЧАПАЕВ АТЫНДАҒЫ АУЫЛДА ТУЫП ӨСТІК. ЗЕЙНЕТКЕ ШЫҚҚАННАН СОҢ АҚАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНЕ ҚОНЫС АУДАРЫП, ҚАЗІР ОСЫ АУЫЛДЫҢ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫМЫН.
Ақай ауылының өркендеуіне аға буын ретінде өз үлесімді қоса алдым деп ойлаймын. Мұндағы халық мені құрметтеп, төрге шығарады. Дегенмен туған ауыл Ақтөбе – мен, менің отбасым үшін құтты мекен. Себебі барлық қызықты шағым, есейіп, еңбекке араласқан уақытым осында өтті. Қазір ауылға жиі ат басын бұрып, оның тыныс-тіршілігімен танысып отырмасам тағат таппайтыным бар. Елдің көркейгенін көрсек қуанамыз. Оның әрбір талы, тасы, суы мен ауасы әрқашан ыстық. Ауылда халықтың жақсы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Көшелерде шамдар жанып, кешкі ауылды жарқыратып тұр. Екі шаруашылық халықты жұмыспен қамтып отыр.
Бала күнімізде ауыл орталығына сол кездегі бозбала-бойжеткендер, яғни менің құрдастарым 1941-1942-1943 жылы туған ұл-қыздар Саяш Мәтжанов, Елубай Білісбаев, Әділбек Махмұтов, Каналбек Аралбаев, Шәкипал Қияқбаева, Тойтан Көбегенова, Балжан Мәкенова, Тазагүл Сағынтаева, Бибіажар Қарабекова, Бибігүл Тәтпеновалар ағаш отырғыздық.
Сонда «Балажармадан» Іздібай ақсақал өгіз арбамен су тасып, күні-түні сол баудың жайқалып өсуіне атсалысты. Оны еңкейген қария мен еңбектеген балаға дейін біледі. Кейін бірнеше шаршы метрді алып жатқан жайқалған жасыл аймақ қоршалды. Сол кездегі шаруашылық төрағасы Әбен Ниетбаев пен бас агроном Нұрман Қосжанов белсенді жұмыс жасады деп есептеймін.
Бәрі құлдырап, шаруашылық тарап, ауылдан береке кеткен сол бір тұстарда жайқалған бау да қараусыз қалып, сыртындағы қоршаулар ұр­ланды. Көзіміздің қарашығындай, жас­тығымыздың естелігіндей болған әлгі бау жазда мал жайылатын, қыста ағаштары тұрғындарға отын болатын орталыққа айналды. Қазір ол жердің ағаштары кесілген, қоршауы жоқ, сол бір әдемі бет-бейнесі жойылған деуге болады. Маған сол елдің тумасы ретінде маза бермейтін бір ой бар. Қазір шүкір, ауыл халқының тұрмысы түзелді. Шаруашылықтың жұмысы ширады. Қаншама мықты техникалары бар. Көктемгі егіске кіріспей тұрып Іздібай ақсақалдың немересі, «Ақтөбе и К» шаруашылығының төр­ағасы Нұрлан Тұрғанбекұлы әлгі бауды қайта қалыпқа келтіріп, арықтар қаздырып, жаңа ағаштар отырғызып, қоршап, «Іздібай бауын» жайқалтса деген тілегім бар. Бұл ауыл жастарының демалыс саябағы болар еді. Қартайған шағында табиғатқа жанашырлық танытып, ауылдың келешегін ойлап, артымда мал қалғанша тал қалсын деп ниеттеніп, әр талды қолдап суарған ақсақалдың еңбегі еш кетпей, кейінгі ұрпаққа үлгі болуы заңды. Егер бау қайта қалыпқа келсе, бұл нағыз рухани жаңғырудың көрінісін қалыптастырар еді.
Жақсылық ҚЫПШАҚБАЕВ,
Қармақшы ауданының
құрметті азаматы
22 ақпан 2022 ж. 434 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031