Ақай ауылында кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді
Кеше Қармақшыда Ақай ауылының әкімі Эльмира Қазиеваның 2021 жылы атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері туралы халыққа есеп беру жиыны өтті. Есептік жиынға аудан әкімі Қайрат Нұртай және аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Ауыл әкімі алдымен тұрғындар алдында атқарылған жұмыстарды баяндады. Ауылда өткен жылы «Ауыл – Ел Бесігі» бағдарламасы аясында 7 көше жөнделген. «Светофор» сауда орталығы ашылған. Мұнан бөлек, ауылда кәсіпкерлікті дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылған.
– «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 11 жоба несиелендірілді. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 10 жобаға 5 млн 834 мың теңге мемлекеттік гранттар берілді. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 15 жоба 50 млн 340 мың теңге қаржыландырылды. Сонымен қатар, Ақай ауылдық округі бойынша 8 өндірістік жоба іске асырылып, жұмыс жасауда, – деді ауыл әкімі Э.Қазиева.
Жиын соңында аудан басшысы Қайрат Ырзақұлұлы ауыл тұрғындары тарапынан жайылымдық жерлердің болмауы, аяқ су тапшылығы, ауылға табиғи газ қосу мәселелері бойынша қойған нақты сұрақтарына, тиісті жауаптарын берді. Сондай-ақ, ауылға көгілдір отынды қосу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Мұнан бөлек, Ақай ауылы халқының қуанышты жаңалықтарының бірі 2022 жылы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілетін жеткізді.