» » Бақытқа кенелткен адам

Бақытқа кенелткен адам

qarmaqshy-tany.kz Қазақ халқында үлкенді сыйлау, құрметтеу дағдысы ертеден қалыптасқан дәстүр, олардың жүріп өткен өмір өткелі, көкірек көзіне түйген даналығы түпсіз терең теңіз, сарқылмас қазына іспетті.
Талай дарын иесін елге танытқан туған жеріміз ақынға да, сөз зергері шешенге де, талайды мақамымен таңдай қақтырған жырауға да, елді көпке танытқан спортшыға да құтты мекен болған өңір. Сонымен қатар өмірін өнегемен өрнектеген тұлғалар да аз емес. Туған елінің әлеуетін арттыруға сүбелі үлес қосып, ел құрметіне бөленген ер азаматтарымызбен қатар, еңбек еткен қыздарымыз да жетерлік. Ауданымыздың 95 жылдығына орай адал еңбектің үлгісін көрсеткен ұстазым Жұпаркүл Иманбаева туралы айту шәкірттік парызым. Ол Қармақшы ауылындағы №113 «Қаракөл» орта мектебінде ұстаздық қызметті абыроймен атқарып, көптеген шәкірттерінің өмірден өз орнын табуына септігін тигізді. Осы еңбегінің жемісі ретінде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды.
Туған елінің сыйға берген жоғары атағын абыроймен арқалап келе жатқан Жұпаркүл Омарқызының өткен өмір жолына тоқталар болсақ, ол бар өмірін шаруашылық кәсіпке арнап өткен Омар ақсақал мен Күләйім Кәсбайқызының отбасында дүниеге келген. Өсе келе ауылдағы орта мектепте 7 жылдық білім алып шығады. Зерек шәкірт ұстаздарының ұсынысымен білімін одан әрі жетілдіру мақсатында Қызылордадағы киелі білім ордасы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищесіне «Бастауыш сынып оқытушысы» мамандығы бойынша оқуға түседі.
Ол білім мекемесінде ұлағатты ұстаздардан білім нәрімен сусындап, таңдаған мамандығының қыр-сырын меңгеріп шыққан соң, ауылда өзі білім алған мектебіне жолдама алып, алғашқы еңбек жолын бастауыш сынып мұғалімі болып бастайды. Жас маман өзіне жүктелген тапсырмалар мен міндеттерді белсене атқарып, шәкірттері мен ұстаздар қауымының алдында беделін өсіреді. Ол тіпті мектептің ғана емес, ауылдағы қоғамдық жұмыстарды да жауапкершілікпен орындап, мектеп, ауыл әкімшіліктерінің сенімін ақтайды. Көп ұзамай-ақ белсенді жас маманды мектеп жастары бірауыздан комсомол комитетінің жетекшілігіне сайлайды. Бұл қызметті абыроймен атқарған жалынды жас көп ұзамай партия қатарына қабылданып, бастауыш партия ұйымының хатшысы қызметіне тағайындалады.
Жас та болса қоғамнан өз орнын таба білген білікті маман Жұпаркүл Омарқызы ұстаздық мамандықпен бірге партиялық жұмыстарды қоса атқарып, ауылдың тыныс-тіршілігіне белсене араласады. Еңбектен қол үзбей жүріп Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетінде тағылымы терең, ғалымұстаздардан білім алып, жоғары оқу орнын үздікке тәмамдап, білімін жетілдіре түседі.
«Даңққа бір-ақ жол апарады: ол – еңбек» деп атқандай, абырой мен атақ, қадыр мен құрмет, даңқ пен дәреже, бәрі де еңбектің жемісі екені сөзсіз. Осындай елеулі еңбектері үшін де ұлағатты сала майталманы Жұпаркүл Иманбаева 1968 жылы КСРО комсомолының 50 жылдығына байланысты Қазақстан комсомолының, 1969 жылы облыстық білім басқармасының құрмет грамоталарымен марапатталса, 1977 жылы «ҚазКСР-нің Халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісіне ие болады. Сондай-ақ, ол Бүкілодақтық ІІІ съезіне қатысып, редакциялық комиссияның мүшесі болады.
Туған елінің болашағы үшін бар өмірін сарп еткен ұлағатты ұстаздың ерен еңбегі туған халқы мен үкімет алдында жоғары бағаланып, 1971 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің жарлығымен «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталса, 1975 жылы №113 «Қаракөл» сайлау округі бойынша Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланады.
Міне, бүгінде еліміз егемендік алып, халқымыз ата-бабалар аңсап өткен тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуіне де өзінің перзенттік үлесін қосып, абыройға бөленді. Сондай еңбектері үшін де омырауына «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл және 20 жыл», «Қызылорда қаласына – 190 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды. Сонымен бірге Президенттің алғыс хатына және 1997 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің және облыстық мәслихаттың құрмет грамотасына, республикалық ардагерлер кеңесінің дипломына ие болды.
«Жақсы адам ғана басшы бола алады» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, қызмет барысында да оның еңбегі ескеріліп, алдымен мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, ал 1992 жылдан бастап құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққанша, яғни 2006 жылға дейін мектеп директоры қызметін мінсіз атқарды.
Ж.Омарқызы халық қалаулысы қызметінде және одан кейінгі жылдарда да өзінің қатар-құрбылары, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары Ш.Беркімбаева, М.Жүйрікбаева, облыстық мәслихат хатшысы қызметін атқарған А.Божанова, ақын, Қазақстан Республикасы «Білім беру ісінің үздігі» Д.Торғаева және есімі аудан халқына танымал білім саласының майталмандары З.Қамбарова, Т.Әбдиева сынды ел сыйлаған апайларымызбен достасты, қойын-қолтық жұмыстар атқарды.
1975 жылы қарапайым мұғалім Жұпаркүл апайды Қармақшы халқы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат етіп сайлады. Бұл үлкен сенім, жауапкершілік төккен тердің өтелгені еді. Апайдың «Әке туралы толғау» кітабында «Бақыт ғұмыр бойы жиналатын алтын көмбе сияқты. Жүрегің қалаған мамандықтың ұсталық көрігі және қан тамырының бақытты бүлкілі екен. Бақыт құсының маған оңай қонбағаны да белгілі. Адал болсам, азамат болсам дедім, адал еңбекті жолдас еттім. Жұмыс барысында біз аға буын өкілдерінен көп үйрендік, аға буын өте күрделі буын. Әйтсе де, маған кезінде қол ұшын берген қолтығымнан демеген жақсылар мен жайсаңдар аз болмады. Өмір жолында оң қабақ танытқан, жылы сөзімен қанаттандырған жайсаң жандар жайлы жылы лебізім жетерлік десе, өмірдің өзі ерлік. Адал еңбекпен адам байымайды, бірақ абырой атаққа кенеледі, ел алдында жүзі жарқын жүреді» дейді ұлағатты ұстаз.
Міне, осындай өмірі өнегеге толы Жұпаркүл Омарқызы мен үшін де, менен басқа шәкірттер үшін де қадірлі. «Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, қандай мамандық иесі болсын, солардың барлығын аялы алақанына салып, дұрыс жолды таңдауды үйрететін – ұстаз.
Ұстаздардың еңбегін ұлы ететін – шәкірті. Білім нәрімен сусындатып, үйретуден талмаған ұстаздың сан жылдар бойғы еңбегінің жемісі – аяулы әрі білімді шәкірті. Жұпаркүл апайымыз біз үшін ерекше тұлға. Біздер, яғни шәкірттері бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада абыроймен еңбек етіп, ел дамуына үлестерін қосуда. Апайымыз шәкірттерінің қоғамнан өз орындарын табуына көп еңбек сіңірді. Адамгершілікке, еңбекке баулуға, қамқор, адал, шыншыл болуға тәрбиеледі.
«Дүниеде көп адамды бақытқа кенелткен адам – бақытты» деген ұлағатты сөз бар. Қаншама шәкірттің қолына бақыт, білім кілтін ұстатқан ұстаз, туған елі үшін аянбай еңбек еткен, бар ғұмырын халқының болашағына сарп еткен Жұпаркүл Омарқызы туған жердің біртуар перзенті екені даусыз.
Гүлнар БАДЫРАҚ,
шәкірті
19 қазан 2023 ж. 323 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 305

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 402

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930