Ақпарат ақтаңгері
qarmaqshy-tany.kz БИЫЛ АУДАН ЖҰРТШЫЛЫҒЫНА ТОҚСАН ЖЫЛДАН БЕРІ РУХАНИ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІП КЕЛЕ ЖАТҚАН "ҚАРМАҚШЫ ТАҢЫ" ГАЗЕТІНЕ 90 ЖЫЛ ТОЛДЫ. ӨТКЕН ҒАСЫРДЫҢ ОТЫЗЫНШЫ ЖЫЛДАРЫНЫҢ БАСЫНДА "ЕКПІНДІ" АТАУЫМЕН АЛҒАШҚЫ НӨМІРІН ЖАРЫҚҚА ШЫҒАРҒАН БАСЫЛЫМ ӨҢІРДІҢ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІН ЕЛ-ЖҰРТҚА ЖАРИЯ ЕТІП КЕЛЕДІ.
Еңбек жолын 17 жасында «Қызыл Ту» газетінде бастап, 1982 жылға дейін жұмыс істеген Сапабек Махмутовтың өмірге келгеніне де биыл 100 жыл толыпты.Талай дарын иесінің қанатын қақтырған Төрткөл елді мекенінде дүние дидарын ашып, қарапайым шаруа отбасында тәрбиеленген Сапабек Махмутұлы мектепті тәмамдаған соң «Қызыл Ту» газеті редакциясына техникалық хатшы болып жұмысқа қабылданады. Одан кейін бөлім меңгерушісі, хатшы қызметтерін абыроймен атқарады. Білікті журналист түрлі тақырыпта мақала жазып, аудан тұрғындарын елде және аудан аумағында болып жатқан жаңалықтармен таныстыруда аянбай еңбек етеді.
Майталман маманның тәжірибесін ел мүддесіне пайдалануда аудандық партия комитеті алғашқыда аудандық атқару комитетінің хатшысы, одан соң Жалағаш аудандық «Күрішшілер» газетінің жауапты хатшысы, ал 1942 жылдың басында Жосалы Кеңесі атқару комитетінің хатшысы қызметіне тағайындайды.
Тәжірибелі маман ауданның бас шаһарының әлеуетін өркендетуге атсалысып, майданның жеңіспен аяқталуына үлесін қосады. Отан қорғауға аттанған жерлестерінен келген қара қағаздарды көріп, жергілікті басшылықтан майданға аттануға бірнеше рет сұранғанымен, оның өтініші құпталмайды.
Бірақ, ол сол жылдың наурызында аудан басшыларынан рұқсат алып, Отан қорғауға аттанады. Талай ұрыс даласында неміс басқыншыларына қарсы соғысып, ерліктің үлгісін көрсетеді. Ұлы жеңісті шетелде қарсы алған майдангер Сапабек Махмутұлы туған елге 1949 жылы оралады. Өйткені ол әскери басшылықтың бұйрығымен соғыс зардабынан қираған қалаларды қалпына келтіруге атсалысады.
Сұм соғыстан аман-есен елге оралған майдангер бұған дейін өзі қызмет еткен аудандық партия комитетінде жалпы бөлім меңгерушісі, аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің инспекторы, аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Ауданда ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге белсене араласып, ықпалын тигізеді.
Жұмысқа деген жауапкершілігімен, жүктелген тапсырмаларды дер кезінде сапалы орындап, ұжым арасында ауызбіршілікті сақтауда маманның еңбегін бағалаған аудан басшылары оны Ақжар МТС-на партия хатшысы қызметіне тағайындайды. Бұл қызметте де Сапабек әкеміз өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, ел құрметіне бөленеді. Бірақ қаламгерлік қызметті ұмыта қоймаған, өмірінің серігі түсінген Сапабек Махмутов сүйікті газетіне қайта оралады. Газет қызметінде 1957 жылға дейін бөлім меңгерушісі болса, аудандық партия комитетінің тапсырмасымен аудандық атқару кеңесінің бөлім меңгерушісі, аудандық кәсіптік-техникалық училищесі директорының көмекшісі, 1962 жылдан 1963 жыл аралығында «Союзпечать» мекемесінің бастығы қызметтерінде болады.
С.Махмутұлы құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін өзі қызмет еткен «Коммунизм шамшырағы» газетіне оралып, онда бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болып қызмет атқарды. Солбір ұмтылмас жылдардағы қызметте аудан ақпаратының ақтаңгері атанған ол талай қаламы ұшталған қаламгерлермен қызметтес, дәмдес-тұздас болды. Смайыл Ақжігітов, Әбілахат Жанәділов және басқа да қаламгерлермен бірге елде болып жатқан жаңалықтарды жария етіп, көптің көңілінен шықты. Ардагер журналистен тәлім алған Қаршыға Бүркітбаев, Қанибек Молдахметов, Рашид Жарылқасынов, Оқас Тәженов, Айжарық Сәдібеков, Бақыт Қаналиева, Нарша Алданазаров, Шаһизада Әбдікәрімов, Алтай Үсеновтердің өздері кейіннен шәкірт тәрбиелеп, ұстаз мерейін тасытты.
Ұлы Отан соғысының ардагері, аудан ақпаратының өркендеуіне үлес қосып, ел-жұртының құрметіне бөленген Сапабек Махмутұлы коммунистік партия қатарында жүргенде елдің мұқтажын тыңдап, оған көмек қолын созуымен елге танылды. Ол бірнеше рет аудандық, поселкелік кеңестің депутаты болып сайланды. Бірнеше мәрте ҚазКСР Жоғарғы комитетінің құрмет грамотасымен, мадақтамасымен мадақталса, Ұлы Отан соғысы жылдарында Отан қорғаудағы көрсеткен ерлігі үшін «Варшаваны азат еткені үшін», «1941-1945 жылдарғы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», бейбіт күндерде ел әлеуетін арттыруға қосқан үлесі үшін «Еңбектегі ерлігі үшін» және «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Ақпарат саласының ақтаңгері Сапабек Махмутов саналы өмірінде өмірлік жары, аудан кәсіпкерлерінің анасы, Қармақшы ауданының құрметті азаматы Шынар Махмутовамен бірге 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардың қоғамнан өз орнын табуға септігін тигізді.
«Өмір-өзен» дегендей, Сапабек ағамыз 1994 жылы қайтпас сапарға аттанды. Десе де Шынар апайымыз бүгінде жан жарының ізгілік жолын жалғастырып, өңірінен тараған немере-шөбере-шөпшектерінің қолынан су ішіп, бақытты ана атанып отырған жайы бар.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ