» » Мемлекеттің сенімді серігі

Мемлекеттің сенімді серігі


Апта басында ашық диалог алаңы форматында өткен XI облыстық Азаматтық форум жұмысы екі күнге созылды. Айтулы жиынға облыстан және еліміздің  5 өңірінен   үкіметтік емес ұйым мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, бизнес құрылымдары, халықаралық ұйымдар, адам құқықтары және бала құқығын қорғау жөніндегі уәкілдер, мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдары басшылары, биліктің заң шығарушы тармағынан өкілдік ететін серіктестер тартылды.
«Азаматтық қоғам және мәдениет: Қазақстанның жаңаруы бағытындағы құндылықтар мен басым бағыттар»  тақырыбында өткен бұл жиын үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын үйлестірудегі өзекті мәселелерді ортаға шығарып, осы сектордың қоғам дамуындағы маңызды мақсаттарын айқындауға күш салды.
  Пленарлық мәжілістен кейін 3 секцияға бөлініп жұмыс жасаған форумға қатысушылар  «Әлеуметтік өзгерістер жағдайындағы қазақстандық қоғамның әлеуметтік-мәдени капиталы», «Қазіргі ұлттық қоғамның мәдениеті: бұқаралық және ұлттық құндылықтардың қайшылықтары», «Әр түрлі әлеуметтік топтардың мәдени құндылықтары мен қажеттіліктерін қамтамасыз ету мақсатында азаматтық қоғам институттарының  тұрақтылығын дамыту» тақырыптары бойынша пікір алысты.
Ертесіне форум қонақтары Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалдық кешенінде болып, құрылғанына 95 жыл толып отырған аудан тарихына байланысты көптеген мәліметтерге қанықты.
Форум жұмысы елімізде азаматтық қоғамды дамыту ісін жолға қоюда ізденіспен жұмыс жасап жатқан түрлі ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктер мен қорлардың, бастамашыл топтардың соңғы отыз жылдық кезеңде   қол жеткізген жетістіктерін жан-жақты ашып көрсетті. 
Елде экономиканың тұрақты өсуі, экологиялық қауіпсіздіктің сақталуы, ішкі саяси ахуалды тұрақтандыру мен дін мәселелері жөніндегі көптеген бастамаларды жүзеге асыруда жасалған жан-жақты ізденістерге қолдау білдірілді.
Форумда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңіріміздегі азаматтық қоғам институттарының жұмысына оң баға берді. Ол өзінің  форум жұмысындағы кіріспе сөзін   облыстық қоғамдық кеңестің құрамы негізінен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінен қалыптасқандығын жеткізуден бастады.
Үкіметтік емес секторды қаржылық қолдау деңгейі жыл сайын өсіп, биылғы жылы 1 млрд теңгенің көлемінде болып отырғандығын айтты.
 Қызылорда қаласының алғашқы астана болған кезіндегі үкімет кеңсесі болған ғимараттың тарихи пішіні сақтала отырып салынған сол жағалаудағы  сәнді үйдің қалалық музей мен  үкіметтік емес ұйымдар ресурстық орталығына берілуі де облыс басшылығының азаматтық қоғам ұйымдарына деген қамқорлығының жемісі демеске болмас.
Қаланың ажарына ажар, көркіне көрік қосып тұрған осы ғимарат сыртқы пішінімен де, ішкі мазмұнымен де  тұрғындар мен қала қонақтарын өзіне баурап, санасына сәуле құяды, көңіліне ерекше жылылық ұялатады.
 «Әділетті Қазақстанды бірге құрамыз, әріптестікпен жұмыс жасаймыз» деген облыс әкімінің сөзінен Сыр еліндегі халық игілігі үшін атқарылып жатқан   барлық істер осы форумның жұмысына арқау болғандай, азаматтық қоғам ұйымдарының барлық мақсат-мүддесімен астасып жатқандай әсер алдық.
Алдағы жылы облыстың 7 ауданында құрылысы бір мезгілде басталып, бір мезгілде пайдалануға берілуі жоспарланып отырған рухани жаңғыру орталықтары да сөз жоқ азаматтық қоғамды дамыту жолындағы жұмыстарға жаңа қарқын беретін игі іс екен деген ойға табан тіредік.
Жақында ғана пайдалануға берілген «Анаға тағзым», «Неке сарайы»  сияқты ғимараттар қаланың көркі болумен бірге жастардың отбасын құрудағы жауапкершілігін арттыруға, ұрпақтың ұлттық рухта дамып, қалыптасуына игі ықпалын тигізетін бірегей архитектуралық өнер туындалары екенінде дау жоқ.
Ұлттық құндылықтарымызды қастерлеу жолындағы дәстүрлі «Қорқыт және ұлы дала сазы» фестивалі облыста биылғы жылы алтыншы рет өткізіліп, атадан балаға жалғасып келе жатқан саф өнеріміздің өміршеңдігін тағы бір рет дәлелдеді. Жыраулық өнердегі Жиенбай, Рүстембек мектептері, Нұртуған, Нартай мектебі шәкірттерінің қатары толығып, Сыр өңіріндегі  осынау сирек дарындар өзінің сенімді мұрагерлерімен тұлғалана түскендігін көрсетті.
Жаңадан жастар театрының ашылуы, шығармашылық, мәдениет және өнер саласындағы қайраткерлердің бас қосып жұмыс жасауына арналған «Өнер ордасы» мәдени ошағының дүниеге келуі де көз қуантып, көңіл көншітер істердің қатарын толықтырып тұр.
Форумға қатысушылар облыс басшысының осындай тұшымды ойларымен бірге мемлекеттік мекемелердің бірінші басшыларының азаматтық қоғам өкілдерімен диалогын жүйелі ұйымдастыруға байланысты жоспарларына да қызығушылықпен құлақ түрді. Бұның өзі халық үніне құлақ асатын үкімет қағидасын жүзеге асыруға бағытталған елеулі шара деп бағаланды.
Сонымен бірге «Тәуелсіз еліміздің тарихында демократиялық құндылықтар мен азаматтық бастамаларды дамытуда, реформаларды жүзеге асыруда, мемлекеттік органдармен байланыс орнатып ел мүддесі жолында қызмет етуде Азаматтық альянстың алар орны ерекше. Аймағымыздың Азаматтық альянсын басқарған Дариха Ақмағамбетқызы, Әлима Жақыпқызы үкіметтік емес ұйымдарды біріктіре отырып, өңірімізде азаматтық қоғамның дамуына елеулі үлес қосты. Азаматтық қоғам мен атқарушы билік арасында байланыс орнатып, жарқын істердің үлгісін көрсетті. Бүгінде қауымдастық төрағасы Анар Жарылқасынқызы аға буын салған ізгі жолды жалғастыруда. Альянстың бастамасымен жыл басынан бері 372 үкіметтік емес ұйымға кеңес беріліп, 37 ауқымды шара өткізілді. Ауылдық үкіметтік емес ұйымдардың форумы өткізіліп, қажеттіліктер картасы жасақталды. 2020 жылдан бері ҮЕҰ басшыларының әлеуетін арттыруға арналған Жазғы құқықтық мектеп жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді» деді аймақ басшысы.
Жиында сөз алған жерлесіміз, Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов форум жұмысына сәттілік тілей келіп, азаматтық қоғам қалыптастырудағы елімізде жүргізіліп жатқан маңызды жобаларға тоқталып өтті.
Қоғамдағы азаматтық сектордың үлесі айтарлықтай өсіп келе жатқандығына баса назар аударған ол халық пен атқарушы биліктің   мүдделері тоғысқан жерде кез келген мәселенің түйіні оңай тарқатылатынына сендірді.
«Гегельдің пәлсапалық тұжырымдарында азамат деген сөздің өзі еркіндік ұғымын береді» деді ол. Азаматтардың мемлекеттік істерге еркін араласуына қажетті заңнамалық құжат дайындалды. Ол – Қазақстан Республикасының «Қоғамдық бақылау туралы» заңы. Мұның өзі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының әр жолдауларында мән беріп, ерекше атап көрсетіп жүрген азаматтық қоғам құруға байланысты пікірлерінен туындаған елеулі құжат.  
Бұдан кейін сөз алған Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Гүлбара   Сұлтанова, жерлесіміз, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жырау Алмас   Алматов, әлеуметтік жобалардың фандрайзингі саласындағы халықаралық тренер, аға эксперттік сеньор Норберт Штольдт, «Кітап құрттары» қозғалысының лидері Талғат   Меңдібаев өз салалары бойынша мақсат-міндеттері мен алдағы жоспарларын ортаға салды.
Жиынды қорытындылаған Қазақстанның Азаматтық альянсы президенті Бану Нұрғазиева өңірде жүзеге асырылған игі бастамаларға қолдау білдіріп, әріптестерінің жұмысына сәттілік тіледі.
Соңында түрлі бағыттарда табысты қызмет етіп, өңірдің қоғамдық дамуына белсене атсалысқан азаматтар марапатталды.
                                  Шегебай ҚҰНДАҚБАЙҰЛЫ,
                                 «Үкіметтік емес ұйымдар Алянсы Ассосациясы»
                                  ЗТБ-ның Қармақшы ауданы бойынша өкілі
08 қазан 2023 ж. 291 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 307

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 406

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930