» » Қармақшыда Ізбановтің ізі қалған...

Қармақшыда Ізбановтің ізі қалған...

qarmaqshy-tany.kz Аққозы Ізбанов жиырма жасынан бастап шаруашылық, кейін қоғамдық маңызы бар саяси қызметтерді атқарады. Ол 1905 жылы Маңғыстау облысындағы форт-Шевченкода өмірге келеді. Мектеп бітірісімен Ленинградтағы қаржы институтына оқуға түсіп, оны бітірісімен Маңғыстау өңірінде алғашқы қызметін бастайды. Ленинград пен Мәскеуде фабрикалар мен зауыттарды көріп, Қазақстанда осындай өндіріс болуын армандапты. Армандап қоймай, бұл ой-пікірін жоғары ұйымдарға жеткізген. Өзі қызмет атқарған аймақтардағы адамдарға азық-түлікпен көмектесіп, жай-күйін біліп тұрады екен.

Ол туған жерінде қызметін бастағанмен жоғары партия, Кеңес органдарының ұйғарымымен партиялық жұмысқа жіберілген. 1931- 1935 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысына қараған, қазіргі Қармақшы аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына сайланады. Мұнда да белсенділік танытып, Жосалы механикалық зауытының техникалық базасына назар аударып, өндіріс орнының дамуына асқан іскерлікпен қарайды. 1933- 1934 жылдардың бірінде Сырдария өзенінен алыс жатқан ауылдарды аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында Қурайлы өзекшесін кеңейту мен жаңадан «Ақжар» жармасын қазуға басшылық жасап, біраз күн басында тұрған деседі.
Атақты шайыр, діни қайраткер Тұрмағамбет Ізтілеуов өзінің ризашылығын білдіріп «Қаздырып берді Ізбанов» деген өлең шығарған. Шамамен 1935 жыл.
«...Қаздырып берді Ізбанов,
«Ақжар» атты жарманы.
Бітетұғын болды енді,
Аш, арықтың арманы.
Жасасын жолдас, қайткенмен,
Түзетіп берді шаруаны», – деп аудандық партия хатшысы А.Ізбановқа риза болып, осы өлеңін арнаған.
«1933-1934 жылдардың бірінде сонау №16 ауылдан (Жаңаталап ауылы) атпен райком бюросына келудің өзі бір қиын іс болды. А.Ізбанов басқарған райком бюросында шыбын ызыңы естілмейтін. Өзіне де, өзгеге де қатал талап қоюшы еді. Сөзшең, батыл сөйлейтін кісі болатын. Сол қиыншылықтарға шыдамай партбилетімді тастап кеттім. Менің тақыр кедей болғанымның арқасында сотталмай аман қалдым» дейтін әкем Майлыбай Бекбергенұлы.

Екінші деректі көп жер шалған кеңшар директоры болған Камал Бердәулетов былайша әңгімелейді. «Үкімет басшысы Ұзақбай Құлымбетов, халықағарту комиссары Темірбек Жүргенов Түркістан ауданында болады. Сол тұста Түркістан аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Аққозы Ізбанов болатын. Бала да болсақ, А.Ізбановтің беделін сезіндік. Олар сол түні Аққозының үйіне қонды-ау деймін» деген-ді. Ал белгілі жазушы, өзі де талай зобалаңды басынан өткізген Жайық Бектұров: «...1935 жылдың күзінде Арыс ауданына келді. Тіпті алыстағы Монтайтас бекетіндегі шағын мектепке соғып, жағдайын білген-ді. Т.Жүргенов Әбдібек досының үйіне түсті» депті.
Аққозы Ізбанов Кеңес өкіметіне қарсы жау ретінде 1937 жылы ұсталып, абақтыға қамалған. Өтірік жаланы мойындатып, 1938 жылдың маусым айында Оңтүстік Қазақстан облысы сотының үкімімен атылған. Жалған жаланың құрбаны болған іскер азамат білікті басшылардың бірінен саналған А.Ізбанов осылайша өмірден өтті.
Біздер де белгілі азаматтың рухына тағзым ете отырып, ауданда Аққозы Ізбановтің ісі мен ізі қалды демекпіз.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
зерттеуші, этнограф
04 қазан 2023 ж. 334 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 307

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 406

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930