Бабадан бата алған жер
qarmaqshy-tany.kz Сыр өңіріндегі киелі де қасиетті аймақ Қармақшы елі. Мұнда Жосалы төбесі мен Қорқыт ата бейіті тұсынан теміржол өтіп, көп нәрсеге қол жеткізілді.
Өңірде Қарақ жалы (Қара әулие), Қорқыт ата, Қармақшы, Жетіасар, Алтынасар, ШірікРабат, Жәрімбет, Бисембай әулиелер, Марал ишан, Алдашбай ахун, Садық ахун, Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Шораяқтың Омары, Жиенбай мен Шегебай сияқты ақынжыраулар тобы бар. Басында Сыр сүлейлерінің ұстазы атанған Балқы Базар мен Дүр Оңғар тұр. Бұлармен қатар Көшер, Шонай, тағы басқа байларды, Арыстанбай, Қарақисық, Қыстаубай, Тоғанас, тағы басқа батырлар және билік шешімдерімен елге танылған билер шоғыры да мол. Пішән, Ағытай, Сәлтеке, Барқы, Тобжан, Төребай, Бостан, Бимырза, Есетбай, Шынарбай, Сарман, Аймырза Қосқадамов, Барболдылар болып жалғанып жатыр.
Ресей патшалығы кезінде Қармақшы Қазалы уезінің бір бөлімі болған. 1868 жылғы уездегі 11 болыстың 45еуі ғана Қармақшыға қараған. 1917-1924 жылға дейінгі болыстарды Кеңестік болыстар деуге болады. Олардың қатарында Омар Шораяқов, Бектібай Шонаев, Сойырғас Жүсіп болыс, тағы басқалар бар.
1924 жылы Қармақшы өңірінде революциялық комитет құрылады. Оны Қанибай Баймұратов басқарып, мүшелері сайланған. Олар өз кезегінде бірсыпыра келелі жұмыстар атқарған. Төңкеріс комитетінен бастау алған Қармақшы ауданы Бүкілодақтық атқару комитетінің шешімімен Қызылорда округі құрылады. Оның құрамында Қармақшы мал шаруашылығы ауданы қараған (Қармақшы ірілендірілген болыс негізінде 1928 жылы 3 қыркүйекте құрылған). Қармақшының ерекшелігі сол Қарсақбай мыс қорыту зауытымен (372 шақырым) байланыста болуы. Келген жүктер Жосалы теміржол бекетінен түсіріліп, атарба көліктермен Қарсақбайға жөнелтілетін. Оның үстіне 19251926 жылдары Жосалы механикалық зауыты салынып, онда 350 орындық көлік базасы жұмыс істеген. Айтпақшы, 1929 жылы Садық ахун (1860-1937) Қодарұлы атақты кенші, академик Қаныш Сәтбаевты емдеген.
1911-1913 жылдардағы деректерде Аққыр болысына 9 ауыл, Жамансырға 10 ауыл, Қармақшы болысына 12 ауыл, Қуаңдария болысына 11 ауыл қараған.
1928-1929 жылдарда 6637 центнер астық жиналған, оның шамамен 2079-ы бидай, 894-і арпа, 1845-і тары, 304 центнері жүгері, 1789-ы күріш өнімі. Сондайақ, жүн жуу кәсіпорны, 160 522 сомның өнімін дайындаған. 11 мектеп, 562 оқушы, 25 орындық аурухана, бір балалар алаңы, поштателеграф жұмыс істеген. 1930 жылы Қуаңдария өзенінде су болмаған. Нарысбай, Қурайлы, тағы басқа су көздерін пайдаланған. Ауданда 13 шығыр, 200 арық, 159 соқа, 100 мала, 2 шөп оратын құрал, 2 тырма, тағы басқа ауыл шаруашылық құралдары болған. Осы жылдарда 114,3 тонна жүн дайындалған, бұл жоспардың 14,16 пайызын құраған. Ауданның тағы бір ерекшелігі мұнда 1895 жылы 2 сыныптық училище ашылған. Білім ошағының ашылу салтанатына 4 болыс басқарушылары мен молда Сапи Әбдікәрімов қатысқан. Алғашқы мектептің тұңғыш меңгерушісі болып Максим Тарасович Широков бекітілген. Бектібай Қуанышбаев, Қары Қалыбаев, Мұхтар Искаков, тағы басқалары мектепті алғаш бітірген. Осы өңірде Сырдарияның Қараөзекпен шектесетін жерінде қармақ салып, күн көрген қайырымды балықшы болыпты. Қармағымен өз несібесін тауып жүрген қарияны жұртшылық Қармақшы атандырыпты (аңыз әңгімелерде айтылады). Сонымен кезінде Қазалы уезіне қараған болыстық Қармақшы ауданы аталды. 1932 жылдың 3 наурызында Оңтүстік Қазақстан облысының құрамына Қармақшы ауданы да кірген. Біздің қолымызға ауданды құрған басшылар туралы нақты деректер түсе қоймады. Дегенмен ревкомда қызмет атқарған Қанибай Баймұратов пен Жақсан Шүленовтер басшылықта болған сияқты. Өйткені олардың есімдері 1934-1935 жылдарда атқару комитетінің төрағасы болғандығы жайлы жазба деректер бар. Қармақшы ауданында 1928-1929 жылдарда 526 елді мекен, 6291 шаруашылық, 29 983 адам, оның ішінде 26 998 қазақ есепке алынған. Ауданда 12 433 бас жылқы, 8 861 мүйізді қара, 24 456 түйе, 138 456 бас қой мен ешкі, 246 есек бар екен. Алайда 1928-1929 жылдардағы байларды тәркілеуден бұл цифрлық саны азайған. Ауданның жер көлемі 32 998 шақырымды құраған. Қазір де осы көлемде. Жоғарыда аталған кітапта аудан оңтүстігінде Жалағаш, солтүстік батысында Қазалы, оңтүстік батысында Қарақалпақ пен Өзбекстан Республикасының Бұхар, Науай облыстарымен шектеседі. Қармақшы ауданының құрылуына белсене атсалысқан Хамза Жомартов, Тұңғышбай Сегізов, Исахан Ибрагимов, Тапбай Құлқашев, Ермахан Крекесов, Әбен Мұхамедияров (әнші Рая Мұхамедиярованың әкесі), Қанибай Баймұратов, Ідіріс Егізбаев, тағы басқалар болды. Бұл тізімді жалғастыруға да болады. Олардың басым көпшілігі клуб салу, сахнада ойнау сияқты өнер, мәдениет саласында көріне білді. 1932 жылы аудандық атқару комитеті Телбаев, 1934-1935 жылдары Сапуанұлы, Қ.Баймұратовтар басқарған. Осы кезде 2123 ауылдық кеңес болыпты. Бір жылдай Жақсан Шүленов атқару комитетін басқарған. 1929 жылдың 1 наурызында Қызылорда округтік съезі өтеді. Атқару комитеті ауданның есебін тыңдаған. 1962 жылдың 24 қазанында Жалағаш Қармақшы ауданына қосылды. 1965 жылдың 16 желтоқсанында Жалағаш жеке аудан болып шықты. 1935 жылғы Оңтүстік Қазақстан облысы туралы құжатта аудандардың басшылары туралы мәлімет берген. Онда Қармақшы аудандық атқару комитетінің төрағасы Баймұрынов екенін және оның 1903 жылы туғанын, партия мүшесі екенін, қызметші отбасынан шыққандығы аталған. 1934 жылы белгілі ақын Әбдікәрім Оңалбаев өзін журналистер мектебіне оқуға жіберуді сұрайды. Қармақшы аудандық партия комитетінің 1-ші хатшысына өлеңмен арыз жазған.
«Сондықтан сізге өтінем,
Құрметті Н. ағайым.
Қызметтен биыл босатып,
Оқуға жібер, барайын», – депті. Осындағы «Н» ағайы Н.Орманов болмаса Н.Сәрсенбаевтың біреуі (1 хатшы) болуы мүмкін. 1935 жылы Жақсан Шүленов атқару комитетінің төрағасы болса, 1930-1934 жылдары Аққозы Ызбанов аудандық атқару комитетінің бірінші хатшы қызметін атқарған. 1937 жылы Жәнібек Өсеров Қармақшы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалды. 1938 жылдың шілде айында Қазақ КСР ұлттар советіне депутаттыққа ұсынылды. Ол 1905 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Пахта Арал ауданында туған. 1938 жылы Қармақшы ауданында 55 колхоз болған.
1938 жылы Қызылорда облысы құрылғанда осы жылдың 15 мамырында Қармақшы ауданы қайта жасақталған. Сол тұста Ақтөбе, Бозарқаш, Дауылкөл, Жосалы, Көктөбе, Ленин, Майкөл, Қызыл әскер, Қармақшы, Қашқансу, Құмөзек атты ауылдық кеңестер қараған. 1941-1945 жылдардағы соғыс кезінде Қармақшыда 1 хатшы болған Жаңаберген Дүйсеновке (1945) жырау Тұрымбет Салқынбаев «Хатшыға хат» атты өлеңін жазған. Онда ақын облыстық ақындар бәйгесінде 1-ші орын алып, алты қанат ақ боз үй берілетіні хабарланып, оны орындау Ж.Дүйсеновке тапсырылыпты.
«Бәйгеден мен бірінші ем орын алған,
Ақындар менен басқа мақтанып жүр.
Айтылған бәйгелерін қолына алған,
Алдымен атым бұрын аталса да,
Бәрінен мен боп тұрмын кейін қалған», – деп өз өтінішін білдірген. Қармақшы өңірін қалай мақтаса да жарасады. Ақын, журналист Сәнтөре Пірмановтің «Қармақшы өнер ордасы» атты өлеңінде:
«Сырда туған Абайдай,
Тұрмағамбет туған жер.
Жыраулардың маршалы,
Жиенбай, Базар, Ешнияз.
Жырымен белін буған жер», – дей келе:
«Тоғанас, Тайлақ, Қыстаубай,
Жауына жалғыз барған жер.
Қожеке, Қисық, Сәлтеке,
Ел қорғауға шыққан жер.
Бабадан бата алған жер,
Қармақшы біздің осындай,
Әруақ кие қонған жер, – деп тебірене толғаған.
Расында Қармақшы осындай өңір. Аудан жайлы менде дерек пен дәйек мол. Дегенмен, осымен тоқтайын. 19401941 жылдардан кейінгі құжаттар архивте бар. Оларды зерттеп, зерделеуді кейінгі ұрпаққа қалдырдым.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
Қармақшы ауданының
Құрметті азаматы