» » БҮЛДІРУ МЕН СЫНДЫРУ – қоғамға қауіп төндіру

БҮЛДІРУ МЕН СЫНДЫРУ – қоғамға қауіп төндіру

qarmaqshy-tany.kz «Өз күніңді өзің көр» деген саясат жақсы болды. Әркім өз қорасын түгендеп әлек. Меншігіндегі мүлкі бүтін болса болды. Алайда, қоғамдық меншікке атүсті қарайтындар көп. «Күл болмаса, бүл болсын» дейтін көзқарас пен пиғыл басым бізде. Ересек түгілі балалардың өзі мемлекеттің меншігіне, қоғамдық меншікке жанашырлық танытпайды. Қасақана бүлдіруге құмар. Өйткені, «Алма – алма ағашынан алысқа түспейді» деген бар. Отбасындағы тәлім де, тәрбие де осыдан бастау алып тұр. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген тағы бар. Әке мен шешеден не көрсе, соны істейді. Сіз сеніңіз, сенбеңіз. Бала – ата-ананың айнасы.
Осынша тәмсілді әңгімені неге қозғап отырмыз? Қоғамдық орынмен жүрсеңіз мемлекеттің һәм қоғамның мүлкі жан аярлық күйде. Аллеяға барыңыз, ондағы орынтақтардың жағдайы мүшкіл. Онан бөлек, аспалы шамдар мен қоқыс жәшіктеріне қараңызшы, айтуға ауыз бармайды. Бірі сынып, енді бірі қисайған. Бәрі осы біздің «арқамызда» болып жатқан дүние. Мемлекетті қойыңызшы, ол қоғам мен адам үшін бәрін жасап бағуда. Бірақ, біз бөтеннің мүлкі дегендей жанашырлық танытпаймыз ештеңеге. Түптеп келгенде осынау әңгіменің астарында вандализм жатыр.

Вандализм – дегеніміз не? Қоғам мен өзгенің мүлкіне атүсті қарау. Шама келсе бүлдіру, қирату, бұзу дегенді білдіреді. Вандалдар деп – ежелгі Римде осындай бұзақылық жасайтындарды атаған. Сол бұзақылар Рим дәуірінен бүгінгі дәуірге өтіп келгендей. Ашығын айтсақ, былтыр ғана кентімізде пайдалануға берілген дүниелерге жау тигендей. Көрікті жерлеріміз аянышты күйге айналып, сәні кетіп тұр. Соның бірі – темір жолдың арғы бетіндегі Тайшық би көшесі. Бұған дейін бұл көше шаңы шыққан қара жол ғана еді. Кейін әкімнің қолдауымен жүргінші жол күрделі жөндеуден өтеді дегенде ауданның халқы болып қуандық. Тіпті, алдын ала сызылған құрылыс жоспарын көргенде біркісідей қолдадық. Осылайша би атындағы көше жөндеуден өтіп, танымастай болып өзгерді. Жаяу жүргіншіге арналып үлкен жол салынды. Демалушыларға орынтақтар қойылып, әрқайсысына қоқыс жәшігімен бірге жарық шам орнатылды. Көлік жүретін жолға тас төселіп, балалардың қауіпсіздігі үшін арықтардың беті жабылды. Қасына балалар ойын алаңы салынып, осылайша көпшілік алдында ел игілігіне берілді. Көшенің түнгі жарығы кентімізге сән беріп, алыстан көргендерді менмұндалады. Сырттан келгендерді қызықтырмай қоймады. Бірақ, уақыт өтпей жатып қоғамның меншігі бұзақылардың көзіне жаудың мүлкі болып көрінгендей. Қазір кентке көрік берген көшенің сыйқы адам аярлық. Орынтақтардың ағашы сынып, қираған. Кейбір қойылған қоқыс жәшіктер тіпті орнында жоқ. Жарық шамдардың жартысы сындырылған. Осыған қарап тұрғындар үшін туған жердің қадірі кеткен бе деген ой оралды санамызға. Қаскөйлік пе дейсің кейде. Әйтпесе, осынша жабайылық көрсететіндей не күн туды басымызға. Мәдени ортада өмір сүріп жатырмыз деп кеудемізді қаққанға мәзбіз. Ешкім сырттан келіп мүлкімізді қиратпайды. Үйдегі тәрбиеден безген бұзақылардың қолынан жасалған іс екені айдан анық. Ата-ана дұрыс жол сілтеп, баласын бақылауда ұстаса мұндай қадамға бармайды. Дәл осындай қалпымызбен ұрпақ тәрбиелесек, қоғамға қауіп төндіреріміз сөзсіз.

Айтпаса сөздің атасы өледі. Айтпағаннан талай «ата» өлді. Қарнымыз ашқаннан емес, жанымыз ашығаннан шырылдаймыз ғой. Қоғам игілігін бүлдіргенше, оған қолдан келгенше қамқорлықпен қарағанымыз жөн-ақ. Сіз өз меншігіңізге бей-жай қарамайсыз ғой. Сондықтан мемлекет мүлкін де жеке мүлкіміздей қарасақ мұндай абестік болмас па еді?!
Ерсін СӘДУҰЛЫ

18 мамыр 2023 ж. 663 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 324

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 417

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930