Білім баспалдағы
qarmaqshy-tany.kz Халқымыз ежелден-ақ бала тәрбиесіне басты назар аударған. Сол арқылы тәлім мен тәрбиенің озық үлгісін көрсеткен. Балаға тәлім-тәрбие беру туғанынан, тіпті құрсақта пайда болғанынан басталуы тиіс дейді ғалымдар. Расымен де, нәресте көтеріп жүрген ана тәрбиелі жинақы жүрсе, дұрыс сөйлеп, дұрыс ойлап, салауатты өмір салтын ұстанып өтсе, құрсақтағы сәбиіне оның барынша оң ықпалы болары анық. Ата-бабамыз өз ұрпағына, яғни біздерге қандай керемет тәлім-тәрбие, өнеге-мұра қалдырған десеңізші. Оның дәлелі – әдетғұрпымыз, салт-дәстүріміз, діліміз-дініміз.
Қазіргі біздің тіліміздегі балабақша орнын сол замандарда басқа да әлеуметтік институттар алмастырғаны белгілі. Атап айталық, мәселен ата-әже институты, медіресе мектебі, имандылық, инабаттылық ұйытатын дәстүрлі дініміз, салт-дәстүрлеріміз сияқты әлеуметтік институттардан бала аттап өте алмайды.
Ал, қазір бала тәрбиесінде балабақшаның маңызы өте зор. Ата-аналардың жұмысбастылығы себепті баланы арнайы қосымша тәрбиелеуге қажеттілік артуда. «Бала естігенін айтады, көргенін істейді» деп қазақ халқы бекер айтпаған. Кішкентай сәби ата-анасының, тәрбиешісінің, достарының мінезінен, жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен, істеген ісінен үлгі алуға тырысады. Балабақша – баланың жүйелі түрде білімтәрбие алатын ең алғашқы қоғамдық ошағы. Ауданымызда болашақ ел ұрпағын тәрбиелеп, алғашқы білім баспалдағы болып отырған балабақшалар жетерлік. Осындай берекелі ұйымның бірі – кент орталығындағы «Сәтті бала» балабақшасы.
Аталған балабақша 2015 жылы бой көтерген. Осы уақыттан бері біршама бүлдіршінді қанаттандырып үлгерген. Алғашқы түлектері бүгінде мектептің озық оқушылары қатарында. Жалпы балабақша 50 орынға арналған. Қазіргі уақытта мұнда 3-6 жас аралығындағы 50 бүлдіршін 2 топта тәрбиеленуде. Білім ордасының негізгі құрылтайшысы – Несібелі Агаева. Ал, берілер білім мен тәрбиеге жауапты меңгеруші – Феруза Ахметова.
Балабақша ғимараты және ауласы заман талабына сай жабдықталған. Құрылтайшы бүлдіршіндердің сапалы білім алуына барынша жағдай жасаған. Баланың ойөрісін дамытатын түрлі дүниелер мен білікті мамандарды жинаған. Жалпы балабақшада 17 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 6 педагог, 11 техникалық қызметкер бар.
– Бала тәрбиелеу – біздің өміріміздегі ең маңызды міндет. Біздің қызметіміз де, өміріміз де бала өмірімен өте тығыз байланысты. Бүгінде балабақшада тәрбиеленген баланың ерекшелігі байқалып қалатынын жасыра алмаймыз. Біз қанша дамып басқа өмір саласындағы жетістіктерге жетсек те, бала тәрбиесі бір сәтте назардан тыс қалмауы тиіс. Сәби жанын небір жақсылық нәрімен суару – оны өсіруші, тәрбиелеуші тәрбиешінің міндеті. Бүлдіршіндердің сезімдері өте нәзік, әсершіл келеді. Оларға айтқан, көрсеткен нәрселердің бәрі – сұлу, әсем, жарасымды болуы керек. Тәрбие қалып тәрізді. Егер қалып қисық, олпы-солпы болса, сол қалыпқа салынған зат та оңды болмайды. Бала тәрбиесі де дәл сол сияқты. Сондықтанда бала бойына жас кезінен бастап рухани құндылықтар, мейірімділік, инабаттылық, сұлулық, жақсылық, еркіндік сияқты қасиеттерді қалыптастыру – тәрбиешінің міндеті. Сонда ғана бала бой көтеріп, бәйтерекке айналады. Қазақтың белгілі ақыны Мағжан Жұмабай: «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда да ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер» дейді. Бізге қойылған талап балаларды ойын арқылы оқыту және тәрбиелеу. Ойын арқылы бала өмірден көптеген мәлімет алады. Тәрбиешілер ойын ұйымдастыра отырып, балаларға барлық білімді береді. Балабақшамызда әрбір мерекелік іс-шара өз деңгейінде ұйымдастырылады. 1 қыркүйек, ұстаздар күні, Қарттар күні, Алтын күз, Жаңа жыл, 8 наурыз, 22 Наурыз секілді мерекелік іс-шаралар балалар мен ата-аналарымыздың қатысуымын ерекшеленіп өтеді. Біз ұрпақ жолындағы ұлағатты ісімізді әрі қарай да жалғай береміз. Бастысы білім ордасынан білімді, бақытты, өнерлі баланы қанат қақтырып, ел болашағының жарқын болуына аз да болса үлес қосу, – дейді балабақша меңгерушісі Феруза Балтабекқызы.
Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА