» » Болашақтың баспалдағы

Болашақтың баспалдағы


БАЛАБАҚША – БАРЛЫҚ ТӘРБИЕНІҢ ТҮПКІ НЕГІЗІН ҚАЛАЙТЫН ОРЫН. ТІПТІ БОЛАШАҚТЫҢ ҚАҚПАСЫ ДЕСЕК ТЕ ҚАТЕЛЕСПЕЙМІЗ. АЛ БҰЛ ҚАҚПА – ӘРБІР ТАБАЛДЫРЫҒЫН АТТАҒАН БҮЛДІРШІННІҢ ЕРТЕҢІНЕ ДЕГЕН НЫҚ СЕНІМ ОРНАТЫП, ЖҮРЕКТЕРІНДЕ ПАТРИОТТЫҚ СЕЗІМДЕРІ ЖАЛЫНДАҒАН ҰЛТ ҰРПАҒЫН ТӘРБИЕЛЕЙТІН, БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕ БЕРЕТІН АЛТЫН ҚАҚПА БОЛУЫ ТИІС.
Баланың болашақ тұлға, өз елінің патриот азаматы ретіндегі қасиеті, оның негізі мектепке дейін-ақ қаланады. Осындай жауапкершілігі мол істі алып келе жатқан кенттегі балабақшаның бірі – №20 Толғанай бөбекжай-бақшасы.
Аталған балабақша 2009 жылы пайдалануға берілген. Бүгінде 5 топта 90 бүлдіршін тәрбиеленуде. Мұнда 2 бөбекжай топ, 2 ортаңғы топ, 1 мектепке дейінгі даярлық тобы бар. Балабақшаның ішкі бөлмелері көз тартарлықтай әдемі безендірілген, тәрбиешілердің қолынан шыққан көр­кемдік бұйымдар әр қабырғаға ретімен орналастырылған. Әрбір тәрбиешінің үздік шәкірттерімен түскен суреттері де балабақша қабырғасынан орын алған.

– «Бала естігенін айтады, көргенін істейді» деп халқымыз бекер айтпаған. Мектеп жасына дейінгі балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің маңызы зор. Кішкентай сәбилер ата-анасының, тәрбиешісінің, достарының мінезінен, жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен, істеген ісінен үлгі алуға тырысады. Бала бо­йына адамгершілік қасиеттерді ойын, салт-дәстүр, мақал-мәтелдер, ертегілер, жұмбақтар, өлеңдер, көркем сөз арқылы сіңіру – біздің басты міндетіміз. Баланың болашаққа қадам басып, жан-жағымен, қоршаған ортасымен танысып, ең бірінші білім, тәрбиемен сусындайтын орны балабақша болғандықтан тәрбиешілерге қояр талабым да бөлек. Олар бүгінгі күннің жаңалығынан сырт қалмай, үнемі ізденіс үстінде жүруі керек, – дейді балабақша меңгерушісі Гүлзат Қарабисенова.

Негізінде балабақшада 33 қызметкер еңбек етеді. Оның 15-і педагог, 18-і техникалық қызметкер. 15 педагогтың 14-і жоғары білімді. Балабақша тәрбиешілердің бала тәрбиесіндегі негізгі методикасы – баланың жан-жақтылығын ашып, оларды белгілі бір өнерге баулу. Біріне ән айтқызса, келесісіне би билетеді. Сондай-ақ балалардың өнерін балабақшаның табалдырығында ғана шектеп қоймай, облыстық, республикалық байқауларда бақ сынауға жетелейді. Сондай-ақ мұнда бүлдіршіндерден құрылған оркестр және қосымша би үйірмесі жұмыс істейді. Тәрбиеленушілер жыл сайын ата-анасы мен тәрбиешілерін түрлі бағыт бойынша республикалық, облыстық додаларда топ жарып, қуантып келеді.
Тәртіпті бірінші орынға қоятын білікті басшы бұл балабақшаға 2015 жылдан бері меңгерушілік қызмет етеді. Саналы ғұмырының 30 жылын балалармен жұмыс істеуге арнаған Гүлзат Өтегенқызының жас ұстаздарға үйретері мол. Әрбір сабақта ұлттық құндылықты насихаттап, ойын түрлеріне ұлттық ойын ойнатуды маңызды деп біледі. Себебі әрбір бүлдіршін еліне, жеріне, Отанына деген сүйіспеншілікті балабақшадан бастап бойына сіңіргенін жөн санайды.

– Біз негізінен Білім министрлігі бекіткен стандартқа, ондағы көрсетілген 5 бағытқа байланысты жұмыс істейміз. Балалар жылына орай арнайы жоспар құрылып, іс-шаралар мерзіміне сай ұйымдастырылуда. Айына төрт рет міндетті түрде тәрбиешілердің сабағына ескертусіз қатысамын. Сондай-ақ, тәрбиешілер кезекпен айына 2 рет ашық сабақ өткізеді. Әрбір айдың соңында кеңес өткізіліп, сабақтар талданады. Кем-кетігі пысықталып, ұсыныс-пікірлер беріледі. Ата-аналармен де тығыз байланыстамыз. Бәрі ризашылықтарын айтып, балғындарға ықыласпен қарайтын ұжым қызметкерлеріне алғыстарын білдіріп келеді. Сондықтан өмірінің алғашқы баспалдағы басталатын тұста балаларға шынайы тағылымды тәрбие беру үшін біз де аянбай өз үлесімізді қосудамыз, – дейді ол.
Балабақша бөбектерінің арасында отбасында еркелеп, өз дегенін, өз қалауын орындатып қоятын ерке балалар да кездеседі. «Балалардың барлығы бірыңғай тәртіпті болып туылады, тәртіпті болып тәрбиеленеді» деген қатып қалған ереже жоқ. Бірақ, балаларға бірдей тәрбие беріп, бірыңғай тәртіпке жетелейтін балабақша тәрбиешілері өздерінің алға қойған мақсаттарын жүзеге асыра отырып, егемен еліміздің ертеңін тәрбиелеуде үлкен жауапкершілікті мойындарына жүктеген. Сондықтан, баланы жас­тайынан еңбекке үйрететін, білімдар болуға ұмтылдыратын, тәлімді тәрбие алуға баулитын тәрбиеші қауымының ұлт болашағына ықпалы зор екеніне ешкімнің дауы жоқ.
Біздің бүлдіршіндеріміз – біздің бола­ша­ғымыз. Олай болса, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту баланың ғана емес, елдің де жарқын болашағының кепілі. Бірлігі жарасқан, білікті мамандардан тәрбиеленген ұрпақтардың тәрбиелі де ақылды, өнерлі да өнегелі, рухани адамгершілігі мол тұлға болатынына сенім мол. Өйткені, балабақша ұжымы әрбір балдырғанның тәрбиесіне назар аударып, қабілетін ашуға, өнерін, білімін шыңдауға жұмыс істеуде.

Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
Ерсін СӘДУҰЛЫ (суреттер)
15 ақпан 2022 ж. 565 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031