Берекесі бекем батыр ауылы
qarmaqshy-tany.kz Жақында аудан тұрғындарын өңірдегі елді мекендер әлеуетін арттыруда атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстыру мақсатында Тәйімбет Көмекбаев ауылдық округінде болған едік.
Ауылдың алғашқы төрағасы Қаратай Қуаңбаев атындағы аллеяға кіргенімізде аудан орталығынан келген жылжымалы рентген көлігі маңында тұрғындармен әңгімелесіп тұрған ауыл әкімі Нұрлан Ахметовты көріп, сол жаққа бет бұрдық. Амандық-саулық сұрасып, ауылға келу сапарымыздың мақсатын айтқан соң Нұрлан Дастанұлымен бірге ауыл әкімдігіне кірдік.
Әкім бол – халқыңа жақын бол
Біздер әкімнің кабинетіне кіріп үстелге жайғасқан соң, ол ауыл экономикасын нығайту, тұрғындардың әлеуетін арттыруға арналған жұмыс жоспарларын тізбектеп берді.
Нұрлан Дастанұлы өз сөзінде бүгінгі таңда аудан орталығынан шал¬ғай орналасқан Тәйімбет Көмекбаев ауылы мен оның құрамындағы «Шобанқазған», «Кекірелі» елді мекендерінде 253 отбасы мал шаруашылығы және егіншілікпен айналысатынын айта келе, №185 орта мектеп, №18 «Қуаныш» бөбекжай бақшасы, аурухана, клуб үйі мен пошта, мешіт ауыл тұрғындарына қызмет көрсететінін жеткізді. Сонымен қатар, ол: «Өткен жылы ауыл тұрғындарынан түскен мүлік, көлік, жер және басқа да салықтық төлемдері 117 пайызға орындалды. 4-ші деңгейлі бюджет есебінен ауылды абаттандыруда Абай Құнанбаев көшесі бойынан «Жасыл желек» бағдарламасы аясында егілген көшеттерге қоршау жасауға, тұрмыстық қалдықтар тастайтын жәшіктер дайындауға, сонымен қатар ауылға кіреберісті қоршауға, абаттандыруға да қаржы бөлініп, олар толығымен жүзеге асырылды. Өткен жылы ауылдың 61 тұрғыны «Меңей», «Майданбай», «Ащыбұлақ» өңірінен бақша еккен болса, биыл да олар бақша егуге талап қылуда. Ал, «Қаратай» шаруа қожалығы жылдағы дәстүрмен жоңышқа егіп, оның өнімдерін ауыл тұрғындарына нарық бағасынан арзанға сатуға жұмыс істеуге әзір. Енді тұрғындар мен жеке қожалықтар бағымындағы төрт түлік басына келсек, жыл басында ауылда мүйізді ірі қара 1423 бас, қой мен ешкі басы 7640 бас, жылқы 1942 бас, түйе 861 бас және құс 970 болып тіркелді. Мұның бәрі ауыл тұрғындарының тынымсыз тірлігінің арқасы деп білемін. Тағы бір айта кетерлік жайт, бұл бағытта «Сайлау», «Қаратай», «Әділет», «Ғабиден», «Ақмырза» сынды шаруа қожалықтарының да еңбектері орасан десем артық айтқаным емес. Кәсіпкерлік саласын өркендету ауыл үшін ең бірінші кезекте тұрған мәселе. Бұл тұрғыда тұрғындар күнделікті тұрмысқа қолданатын заттармен, мал асыраумен, балық өнімдерін өндірумен, такси, жүк тасымалы, тігіншілік кәсібімен қамтамасыз етіп жүрген кәсіпкерлер де жетерлік. Ауыл кәсіпкерлері арасында «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жылқы малын өсіруде ауыл тұрғыны Әсет Пишембиев несие алып, кәсібін жүргізіп жатса, «Еңбек» нәтижелі еңбекпен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында Есенкүл Бисенова, Азамат Сайлауов, Данияр Айтмағамбетов, Саламат Жақсымбетов сынды азаматтар сиыр, жылқы өсіру, наубайхана ашып, тұрғындарды нан және нан өнімдерімен қамтамасыз етуде грант арқылы кәсіптерін жүргізуде. Сонымен қатар, ауылдағы 10,35 шақырым құрайтын 11 көше жарықтандырылған болса, ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағыттында жұмыс жүргізіп жатқан «ОДСП Арал» мекемесі биылғы жылы ауылдағы су құбырын жаңғыртуда жұмыс жүргізуде. Аяпов, Жаңақала, Хайруллаев, Балқы Базар көшелері тұрғындары ауыз сумен қамтамасыз етілуде. «Қарақ» және «Қоңыраулы-Көлдей» су тоспасы құрылысы да өз шешімін табуда, мамыр айында бұл жұмыстар аяқталады деп күтілуде. Енді бір айтарлық жайт, спорт алаңы жөнделіп, ол балалар игілігіне пайдалануға берілді. 7 су ұнғымасы мемлекеттік тіркеуге алынды. Ауыл орталығындағы аллея абаттандырылды. Ал, мәдениет саласына тоқталсақ, ауылдың мәдени орталығында тұрғындарға арнап түрлі мерекелік, мәдени іс-шаралар өткізіліп келеді. Ауылдық клуб үйінде жас өскінді өнердің түр-түріне баулу мақсатында жыраулық, би, көркөмсөз, ән үйірмелері тұрақты жұмыс істеуде. Осы мамандардың тындырымды жұмыстарының арқасында көптеген жастарымыз аудандық, облыстық, республикалық өнер байқауларында жасындай жарқырап, абырой биігінен көрінуде. Спортшыларымыз да түрлі жарыстарда биік белестерді бағындырып, ауыл тұрғындарын қуантуда. Солардың қатарында өткен жылы қазақ күресінен «Қазақстан барысы-2022» республикалық жарысында аймақ абыройын асқақтатқан Мақсат Исақабыловты жерлестері зор қуанышпен қарсы алып, тұлпар мінгізді. 2022 жыл ауыл тұрғындары үшін өз ерекшелігімен есте қалды. Жыл сайын ауылда өткізілетін мерекелердің бірі – әз Наурыз мерекесі. Олай дейтінім, бұл ұлық мереке ауданымызда бірінші болып біздің ауылда әр жылғы тумалардың ұйымдастыруымен өткізіліп келеді. Және де ол дәстүрге айналған. Мерекеде қазақы салт-дәстүрді ұлықтауда ауыл тұрғындары сахналық қойылымдар, ата дәстүрді дәріптейтін көріністер, ұлттық спорт ойындарын ұйымдастырды және мұндай тағылымды іс-шараны келесі жылы өздерінен кейінгі жастарға аманаттауда. Бұл үрдіс өзге елді мекендерге де үлгі болды. Өткен жылы ауылдың іргетасын қалаушы, қоғам қайраткері Қаратай Қуаңбаевтың туғанына 100 жыл толуына байланысты мәдени-спорттық шара, жыраулар фестивалі, жас жазба ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, түйе палуан, ат бәйгесі, басқа да ұлттық спорт ойындарымен айшықталды. Іс-шара аясында айтыскер-ақын Серік Ідірісовпен кездесу өтті», – деді ауылдың тыныстіршілігін суреттеп берген ауыл әкімі Нұрлан Ахметов.
Кәсіп – береке бастауы
Келесі кезекте біз ауыл әлеуетін арттыруға үлес қосып, тұрғындар құрметіне бөленіп жүрген кәсіпкерлер қауымымен жүздестік.
2012 жылы Қарақалпақстанмен шекаралас орналасқан «Шобанқазған» елді мекенінен мемлекеттік бағдарлама арқылы Тәйімбет Көмекбаев ауылына отбасымен қоныс аударған Гүля Жәмитова жаңа тұрғын үйге ие болды. Жолдасы Жолдасбаймен бірге 8 ұрпақ өсірді. Арада жылдар салып отағасы ауыр науқастан өмірден өткенмен Гуля еңбек етіп, балаларын жетілдіреді. Олардың бірі жоғары, бірі арнаулы оқу орындарын бітірді. Кәсіпкер иелігінде мүйізді ірі қара, түйе, уақ мал бағып, өсіруде. Бұл жұмыстың бәріне де өзі басшылық етеді. Айтпақшы, оның қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамының бірі – тандыр нан пісірудің шебері екенін білдік.
Бірақ, оның негізгі кәсібі тігіншілік. Ол бұл өнерді анасы Ұлбосыннан дарыған кәсіп дейді. Құрақ көрпе, қыз, бесік жасаулары, ұлттық үлгідегі киімдер мен тұрмыстық заттар, әшекейлер, бұлар қолөнер шеберінің сүйіп жасайтын кәсібі.
«Мен тігіншілікке бала жасымнан келдім. Марқұм анам Ұлбосын өте шебер тігінші болды. Оның қолынан неше түрлі ұлттық киімдер, көрпе-жастықтар мен көрпешелер, сондай-ақ бесік пен қыз жасауы, басқа да ұлттық нақышта жасалған тұрмыстық заттар шықты. Оларға деген сұраныс та көп болды. Оған да бұл кәсіп анасынан дарыған екен. Оны өзі айтып отыратын. Бүгінде менің кәсібімнің дамуына қызым Жанел көмектеседі. Оның да бұл өнерге деген құлшынысы зор. Қазіргі кезде түрлі киім үлгілері мен қазақы ұлттық нақыштағы заттарды жасап жүр. Әрине, ол мені қуантады. Негізінен мен өнімдеріме қолданатын материалдарды Жосалы кентінен, Қызылордадан сатып аламын. Өнімдеріме деген сұраныс та жоқ емес. Кейде ауыл тұрғындары өздері қалаған тапсырыстарына көкейлерінде жүрген ою-өрнектерді салып, әшекейлеуді сұрайды. Ондайда тұтынушылар талабын орындауға жұмыс жасаймын. Өніміміз тұтынушы талабынан шығып, ризашылықпен алғыс айтқанда әрине марқаямыз, еңбегіміздің еленгеніне мақтанамыз. Менің бұл кәсібім шағын ғана ауыл тұрғындарына арналғанымен тіккен киімдер, дайындаған ұлттық нақыштағы қолөнер заттарыма сырттан қызығушылар бар. Алайда, мен анамнан қалған кәсібімнің өрісін қолдан келгенше кеңейтуге жұмыс жасағым келеді. Ауыл әкімшілігіндегі мамандар да көмегін аямай, қолдау көрсетуде», – дейді қазақтың салтдәстүрін асқақтатқан тігінші.
«Білікті білім жинап, кәсіп етер, Білімнің дәмін татып, өсіп өнер», – деп шығыс ғұламасы Иүгінеки Ахмед айтқандай, кәсіпті өміріне серік етіп келе жатқан ауыл тұрғындарының бірі – Әсем Бекеева.
Ауыл тұрғындарының құрметіне бөленген жас кәсіпкер Әсем Өркенбекқызы осыдан екі жыл бұрын ауыл орталығынан «Еңлік» атты сауда орталығын ашты. Жарық та заман талабына сай ашылған орталықта азық-түліктен басқа ауыл тұрғындары үшін күнделікті қажеттілікке арналған тұрмыстық, құрылыс тауарлары, оқушыларға арналған оқу құралдары, киім-кешек, ойыншықтар сатылады.
«Мен кәсіпке келгенге дейін Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата мемлекеттік университетінде химия-биология пәні мұғалімі бойынша жоғары білім алдым. Содан кейін біршама жыл метериологиялық стансада еңбек еттім. Алайда, мен көптен арман болған кәсіпкерлікті жолдасым Нұрболмен ойласа келе іске асырдым. Алғашқы жылдары оңай болған жоқ. Бірақ, ерінбей еңбек еткен адамға қай кезде де жол ашылады екен. Бірінші кезекте әрдайым қасымнан табыла білген жарымның, екіншіден, тынбай еткен еңбектің арқасында қиыншылықтың бәрі артта қалып, жұмысым оңға басты. «Еңлік» атты жеке кәсіпкерлік құрып, сауда орталығын аштық. Айтпақшы, бұрындары ауылдың кейбір тұрғындары аудан орталығына, Қызылорда қаласына, тіпті Қазалы ауданына қарасты Сарбұлақ ауылына барып, азық-түлік сатып алушы еді. Бүгінде сарбұлақтықтар біздің орталыққа келіп, саудамызды қыздырып жатқан жайы бар. Тіпті, Қуаңдария ауылының да тұрғындары келіп, сауда жасайды. Ал, кәсіпті кеңейту жағына тоқталсақ, тұшпара өндіруді қолға алсам деген ойда бар. Ол да алдағы уақыт еншісінде. Жақын арада сауда орталығын кеңейтуді жоспарлап қойдық. Орталық жанынан тағы бір ғимарат салып, оны ауыл тұтынушыларын қажетті тауарлармен толықтырғымыз келеді. Әрине, бұл жоба аясында жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет тарапынан да төмен пайызбен несие алсақ деген де үмітіміз бар», – деді ол.
Кәсіпкер Әсем Өркенбекқызы ауылда өткізіліп жатқан түрлі мерекелік іс-шаралардың белсенді қолдаушысы. Оны әрдайым жақсылықты істердің басы-қасында жүретін қамқоршы жан деп таниды ауыл тұрғындары. Ал, жары, кәсібінің өрге өрлеуіне бірден-бір себепкер Нұрболға келсек, бұған дейін шекара қызметінде абыройлы қызмет еткен. Бүгінде Әсеммен бірге отбасылық кәсіпті кеңейту мақсатында жұмыс істеуде. Тіпті, ол сауда-саттық кәсібімен бірге дәнекерлеушілікті де қоса меңгерген. Осы саланы әрі қарай дамытуды қолға алғысы келеді. Бұл тұрғыдағы жұмыстарды жандандыруды алдағы жылдарға мақсат етіп қойған. Алла қаласа алдағы уақытта елге қызмет көрсетсем бе деген талабы бар.
Келешекке кемел біліммен
Ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуде жемісті еңбегімен танылып келе жатқан №185 орта мектептің тарихы тереңде. Оның іргетасы 1964 жылы қаланған болса, 2000 жылдың аяғында заман талабына сай пайдалануға берілген білім беру ордасын Гүлжамал Ахметова сынды білікті маман басқарады. Бүгінгі күні онда 304 жас білімгер 48 түрлі санаттағы ұстаздардан жанжақты тәрбие мен білім алуда. Бұған дейін осы мектепті Палайым Жұматаева, Роза Қаратаева, Мирамкүл Қоспаева, Ақтоты Мәрдісадықова, Нұрила Нақыпбекова, Жаннұр Әбиева, Айжұлдыз Жылқыбаева сынды шәкірттер «Алтын белгімен» тәмамдады. Мектептегі ұстаздардың арасында І санатты – 23, ІІ санатты – 10, жоғары білімді – 46 ұстаз, арнаулы білімді – 5 мұғалім қызмет етеді. Мектеп жанынан ашылған интернатта Шобанқазған және Кекірелі елді мекендерінен 6 оқушы білім алуда. Интернатта 2 тәрбиеші мен оларға 2 көмекші көмектеседі. Ал, мектеп жанынан ашылған шағын орталықта 39 бүлдіршін тәрбиеленуде. Оларға 6 тәрбиеші мен олардың көмекшісі тәрбие беру бағытында еңбек етуде. Сонымен қатар, мектеп жанынан ашылған «Машарап Әли» жыр үйірмесінде жас маман Ақсұңқар Бүркітбайдың жетекшілігімен 18 балғын жыршыны жыраулық өнерге баулуда, мектепте ардагер ұстаз Сақтапберген Қосбаевтың ұйымдастыруымен жүзеге асырылған мұражайда ұлттық жәдігерлері сақталған. Ол ауданымыздағы ең құнды жәдігерлер сақталған мұражай қатарында. Ал, оған пән мұғалімі Қуанышбек Қанатов жетекшілік етеді.
Мектеп ұжымының, оның ішінде оқушылардың түрлі бағытта қол жеткізген жетістіктері де жетерлік. Соның бір айғағы, жақында Жанна Әбдіраманова жетекшілік ететін 4 сынып оқушысы Назым Бешмағамбетова Астана қаласында өткен «Қазақстан дауысы» өнер байқауына қатысып, мектеп мерейін тасытса, дарынды спортшыларымыз да түрлі деңгейдегі жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, абырой биігінен көрінуде. «Мың бала» республикалық олимпиадасында Жібек Бақытбекызы, Рақымжан Қилыбаев, Рамазан Исабеков сынды шәкірттер жүлдемен оралды.
«Ұжым қызметкерлері мен шәкірттер қай кезде де ұйымшылдығымен, еңбексүйгіштігімен, дарындылығымен танылып келеді. Білім беру ордасында елеулі еңбегімен елге танымал болған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов, жыршы-жырау Алмас Алматов, айтыскер-ақын Серік Ідірісов, білім саласының майталманы Ақзира Қасымова және басқа да елімізге есімдері танылған ауыл тумалары білім алып, үлкен өмірге қанат қаққан. Көптеген ұстаздарымыз бен шәкірттеріміз түрлі пәндік олимпиадалар мен өнер байқауларында, спорттық сайыстарда жасындай жарқырап, мектеп мерейін тасытуда. Шәкірттердің жанжақты білім мен тәрбие алуына үлкен қолдау көрсетілуде. Олар заман талабына сай жабдықталған кабинеттерде білім нәрімен сусындауда», – деді ол.
Балабақша – тәрбие бесігі
Мектеп жасына дейінгі балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің маңызы зор. Кішкентай сәбилеріміз атаанасының, тәрбиешісінің мінезінен, жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен, істеген ісінен үлгі алуға тырысады. Ол сәбидің қиялына қанат бітіріп, бойындағы игі қасиеттердің қалыптасуына жол бастайды. Батыр атындағы ауылдың тыныс-тіршілігімен танысудағы сапарымыз №18 «Қуаныш» бөбекжай-бақшасындағы тәрбиеленушілерді білім мен тәрбиеге баулудағы жұмыстармен танысумен жалғасты.
Бізді бөбекжай-бақшасы алдынан күтіп алған мекеме басшысы Мадина Нүкесариева тәрбиеленушілерге беріп жатқан білім мен тәрбие жайында әңгіме тінін тарқатып, жетістіктерді сөз етті.
Мекеме басшысының айтуынша бүгінде бөбекжайбақша қоныстанған ғимарат бұған дейін шаруашылық кеңсесі болған екен. Ал, шаруашылық тараған соң ғимарат балабақшаға берілді. Қазіргі таңда онда 3 топ, яғни «Қарлығаш» мектепалды, «Балапан» ортаңғы және «Ботақан» кіші топтарында 65 бала тәрбиеленуде. Оларға 12 педагогикалық білімі бар және 12 техникалық қызметкер жан-жақты тәрбие беруде.
«Біздің бөбекжай-бақшада ауыл тұрғындарының үкілеп өсіріп отырған 65 сәбиі тәрбиеленуде. Ал, түрлі санаттағы тәрбиешілер мен мамандар бүлдіршіндерге саналы білім мен сапалы тәрбие беруде аянбай еңбек етуде. Тәрбиеленушілерге әріп пен есеп сандар танытудан бастап ұлттық салт-дәстүр бойынша да өнегелі жұмыстар атқарылуда. Ән салуға, би билеуге, қолөнерге де баулуда. Жетістікке қол жеткендер де бар. Бақшада түрлі тақырыптағы мерекелерде сайыстар мен байқаулар ұйымдастырылады. Мамандарымыз да білім-біліктілігін жетілдіруде арнайы курстардан өтуде. Ұжымда өнерлі қызметкерлер де жоқ емес. Олар ауыл, аудан, облыс орталықтарында өткізілетін салалық байқаулар мен түрлі мерекелік шараларда өнер көрсетіп, құрметке бөленуде», – дейді мекеме басшысы.
«Ауылым – алтын бесігім» дегендей, Қызылдың қиясында орын тепкен құтты мекен Т.Көмекбаев атындағы ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі сүйсінерліктей. Өйткені, бұл ауылға аудан тұрғындары өнегелі тірлігі, бірлігі мен татулықты ту еткен ауыл деп баға береді.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ