» » «Қазақтың қызымын, ұлтымның айнасымын»

«Қазақтың қызымын, ұлтымның айнасымын»

qarmaqshy-tany.kz Жосалы кентінен 18 шақырым қашықта жатқан "Қорқыт ата" кешеніне бара қалсаңыз, міндетті түрде ондағы тарихи-өлкентану музейіне ат басын тірейсіз. Мұражайдың сол беткейінде орналасқан тарихи орында құнды жәдігерлер мен құжаттар әрбір келушінің қызығушылығын тудырып, сонау алыс ғасырларға жол тартып кетеді. Жергілікті халық бар, алыс, жақын шетелден келетіндер бар, солардың бәріне Оғыз заманынан бастап, кешеннің бүгінгі күніне дейінгі тарихын тәптіштеп түсіндіріп беретін бір маман бар – ол заманауи тілмен айтқанда гид деп аталады. Осы қызметті бірнеше жыл төңірегінде абыроймен атқарып келе жатқан Айгүл Бермаханованың есімі Сыр еліне кеңінен таныс десек, қателеспеген болар едік.

А.Боранбекқызы еңбек жолын 2006 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты "Қорқыт ата" музей филиалының зал қараушысынан бастаған. 2010 жылдан бастап музей экскурсоводы, 2019 жылдан бастап осы кезге дейін "Қорқыт ата" атындағы мемориалды музейінің ғылыми қызметкері қызметін атқаруда.

– Мәдениетке, әсемдікке жастайымнан құштар болып өстім. Әдемі дүние көрсем, соған қызыға қарайтынмын. Нәзік жанның жүрген жері әдемі, әсем болу керек деген ой маған сол балалық кезден қалыптасты. Мүмкін, осы мәдениет, оның ішінде туған жердің тарихына деген ынтам, құрметім осы салаға әкелген болар деп топшылаймын. Жалпы адам баласы өзінің табиғатына жақын мамандық таңдаса, еңбек еткенінде одан жақсы нәтиже шығарған болар еді. Ұнатып істеген істен адам рухани ләззат алады. Оның рақатына кенеледі. Жемісін көреді. Мектептен бастап ағылшын тілі пәнін жақсы көремін. Осы мамандықты таңдағанымда мұғалім болмаса стюардесса боламын деп ойлағанмын. Бұйырғаны шығар киелі мекенде Қорқыт ата музейінде жұмыс табылып, ең алғашқы зал қараушы болып жұмысқа орналастым. Экскурсия жүргізгенде бірінші кезеңдерде қиналасың. Сөйтіп үйрендім. Көптеген адамдарды көресің. Атақтысы бар, атақты емесі бар. Қызметім өзіме сондай ұнайды. Бұл жердегі жұмыстың ерекшелігі – келген адамдар алғысын айтып, тілектерін білдіріп жатады, – дейді ғылыми қызметкер бізбен әңгімесінде.

Кейіпкеріміздің айта кетерлік ерекшелігі, шетелден келетін мейман, саяхатшылармен емін-еркін сөйлесе білуі. Түркістан облысындағы Халықаралық гуманитарлы-техникалық университетінен "Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі" мамандығы бойынша білім алған оған мұндай жұмысты атқару ешбір қиындық келтірмейді. "Бір тіл білсең – бір адам, екі тіл білсең – екі адамсың..." деген бар емес пе?!

"Айгүлдің музей ісін жетілдірудегі жетістегі аз емес. Саланың мәртебесін жоғарылату және беделін арттырудағы еңбегі үшін оның есімі музей ісінің үздіктерін анықтау мақсатында ұйымдастырылған "Музей ісінің үздіктері" жобасы негізінде шығарылған энциклопедиялық кітапқа енген. Ол облыс аймағында жүргізілген археологиялық экспедициялар құрамында бірнеше рет болып, ортағасырлық Оғыз қалашықтарына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарына қатысса, қазақ, орыс, ағылшын тілде жүргізілетін тақырыптық экскурсия, жылжымалы көрме, тарихи-мәдени ескерткіш орындарына танымдық саяхат жасау, түрлі мәдени-тарихи кеш, кездесу, мерекелік іс-шаралар және мектептермен байланыс орната отырып өткізілетін лекциялар оқуда белсенділік танытып жүрген тәжірибелі маман. Оның еселі еңбегін 2017 жылғы халықаралық көрме аясында өткізілген экскурсияны ерекше атап өтуге болады" дейді әріптестері.

"Еңбегіне қарай – өнбегі" дегендей, ғылыми қызметкердің саладағы атқарған жұмысы бір түйеге жүк болардай. Атап айтқанда, мәдениет саласында ұйымдастырылған іс-шараларда белсенділік танытып, тәуелсіз еліміздің дамуы мен қалыптасуына қосқан үлесі үшін облыстық тарихи-өлкетану музейінің, ауданның әлеуметтік-экономикалық өрлеуіне қосқан еселі еңбегі үшін облыс, аудан әкімдерінің, сондай-ақ Сыр өңірінің мәдениеті мен өнерінің дамуына қосқан айрықша үлесі үшін облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталған. Облыстық "Үздік экскурсовод" байқауының ІІ орын жүлдегері атаныпты. "ЭКСПО-2017" халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астана қаласындағы облыстың мәдениет күндерін жоғары деңгейде ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін де облыс әкімінің, Астана қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне байланысты "Рухани қазына – 2018" республикалық байқауында алғыс хатпен мадақталған. Республикалық көшпелі көрме жобасы аясында "Музей саласындағы ақпараттандыру" атты ғылыми-тәжірибелік семинарда сертификатқа, 2020 жылы ұлттық өнеріміз бен мәдени мұрамызды насихаттаудағы еңбегі үшін облыс әкімі орынбасарының Алғыс хатына, осы жылы кәсіподақ күніне орай кәсіподақ қозғалысын дамытудағы және нығайтудағы үлесі үшін Құрмет грамотасына ие болған.

– Туған елімнің өркендеуіне қызмет ету мен үшін бақыт. Өмірге әкеліп, бағып-қаққан ата-анамның сенімінен шықсам деймін. Музей қызметкері тек қана жинақталған құндылықтарды таныстырушы ғана емес. Ол ұлттың өкілі әрі айнасы іспеттес. Менің де ұстанатын басты қағидам – мен қазақтың қызымын, ұлтымның айнасымын. Былайша айтқанда, шетелдік саяхатшылар, Қорқыт атамыздың кешеніне сонау ит өлген қияннан тамашалауға келетін мейман-қонақтар бізді ұлт тұрғысынан қабылдайды. Қазақтың ұл мен қызы деп біледі. Сол үшін де намысқа тырысып, қазақ қызының мына дүбірлі әлемде өзіндік орны бар екенін, оның мәдениетті, білімді, парасатты екенін көрсетуге барымызды салып келеміз, – дейді Айгүл Боранбекқызы.

Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕК

24 сәуір 2023 ж. 282 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 329

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 419

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930