Мұражай – құндылықтар мекені
Халқымыздың сан ғасырлардан тамыр тартатын өткені мен бүгіні, жылдар қойнауындағы құндылығы мен тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа жеткізуде мұражайдың маңызы зор. Мұражай – бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін жинақы түрде ұрпақтан-ұрпаққа жалғап отырған бірден-бір институт. 18 мамыр – Халықаралық мұражай күніне орай аудандағы тарихи-өлкетану мұражайында "Музей – мәдени құндылықтар мекені" атты мерекелік кеш өтті. Осы күні музей түрлі жастағы адамдарды тоғыстырып қана қоймай, олардың көңіл көкжиегін кеңейтіп, төл мәдениетіміздің нәрімен сусындатты.
Алдымен Қорқыт ата атындағы мемориалдық кешенінде Ашық есік күні мен "Қорқыт: Ақиқат пен аңыз" атты іс-шара ұйымдастырылды. Мәдени шараға аудан әкімі Әділбек Ерсұлтанов қатысып, мұражай қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады. Мерекелік кеште жас жыршылар жырдан шашу шашса, қазақы дәстүр бойынша "Тұсау кесер" салтының көрінісі қойылып, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізілді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Суретшілер одағының мүшесі, саяхатшы М.Төтеевтің шеберлік сағаты көрініс тапты.
Мұнан соң айтулы мерекенің іс-шарасы аудандық тарихи-өлкетану мұражайында жалғасты. Онда келген қонақтарға "Қасиет қонған Қармақшы" композициялық көрінісі қойылды. Ғимаратта жаңадан көркем сурет залының ашылу салтанаты болып, қармақшылықтар жаңа бағдарлама бойынша мұражайдың қор коллекциясы негізінде құрылған көрмелер мен аудан қолөнершілерінің қолдан жасаған туындыларын тамашалады. Сондай-ақ, Сыр сүлейлері Тұрмағамбет Ізтілеуұлының – 140 жылдығы және Балқы Базар Оңдасұлының – 180 жылдығына орай жырдан ән сыйлады. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Рәміздерінің 30 жылдығы аясында музей жанынан құрылған "Жас өлкетанушылар" үйірме мүшелерінің әзірлеген флэшмобы көрермен назарына ұсынылды.
Ал "Музей түні" жобасы аясында көрермен үшін кешкі сағат 17.00-ден бастап түнгі сағат 00.00-ге дейін ғимараттың есігі айқара ашылып, халыққа тегін экскурсия қызметі көрсетілді. Жалпы шараның мақсаты – тұрғындардың мұражайға деген қызығушылығын ояту, бабадан қалған құнды жәдігерлерді дәріптеу.
Ерсін СӘДУҰЛЫ