» » Әке көрген оқ жонар

Әке көрген оқ жонар


qarmaqshy-tany.kz Домбыраны сылқытып «Еркем-айға» салып отыратын осы бір жүзінен мейірім төгілген ақ көңіл, аңқылдаған жігітті қатар-құрбылары құрметтеп, әрдайым төрден орын беруші еді. Осыған орай ол да өзін жоғары санамай, отырған ортасына аса ізеттілікпен қарап, кештің сәнін, отырыстың дәмін келтіріп, жастық шақтың бір жарасымды қалпымен жарқырап отыратын. Әсіресе, домбыраның қос шегін кезек-кезек сипай отырып, қоңыр дауысымен Қасымның «Өзім туралы» әнін үзілдіріп, тыңдаушысын үздіктіріп сызылта жөнелгенде кез келген ортаны өзіне баурап алатын.

Онсыз да қалың біткен қою қастың ортасындағы қара мең мен маңдай тұсқа ұйыса біткен қайратты шаш қараторы өңін ажарландыра түсіп, әлгіндей өнерімен ұштасқанда қатар өскен қыз-жігіттердің арасында бұл туралы «отырыстың гүлі», «жігіттің төресі» деген айшықты теңеулер жиі айтылып жататын.

Осындай көрікті келбет, көркем мінезге күнделікті атқарған ісі сай келген айтулы азамат, Сырда туып, Жетісу жерінде қоныс тапқан Боханов Қазыбек Аяғанұлының да арамыздан кеткеніне жыл толып қалыпты. Бүгінгі күні аяулы жары Фарида, үлкен ұлы Азамат, одан кейінгі Қолғанат, Әділеттер әке арманын арқалап, оның аузынан шыққан әрбір сөзді өсиет тұтып, өнегелі ғұмыр кешуде. Ұрпақ жалғастыруда.

Қазыбек 1954 жылы Жалағаш қыстағында дүниеге келді. 1961 жылы сондағы Воршилов атындағы орыс мектебінің 1 сыныбына барып, өзінің алғырлығымен, оқу білімге деген ықыласымен алдыңғы қатарлы оқушылардың бірі болып, «үлгілі бала» атанды. Кейін әкесі Боханов Аяғанның Қармақшыдағы тұтынушылар қоғамына қызмет ауыстыруына байланысты оқуын Жосалы қыстағындағы №27 орыс орта мектебінде жалғастырды.

Бұл жерде де өзіне пікірлес Алтынбек, Тимур сияқты балалармен жақсы достасып кетті. Оқу бітіріп, үй болып, азамат атанғаннан кейін де сыныптас азаматтарының бірсыпырасымен отбасы болып араласып тұрды. Жастықта сыйлас, сыралғы болған достар көңілден кетер ме?!
Әкесі Аяған ақсақал Ұлы Отан соғысына қатысқан, ауданның белгілі тұлғаларының бірі еді. 1963 жылдан 1973 жылға дейін 10 жыл бойы осы күнгі Дүр Оңғар ауылындағы Энгельс колхозын басқарып, шаруашылықтың экономикалық, әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосты. Ауыл ақсақалдарымен, еңбекшілермен ерекше сыйластықта болып, ауылдың мәдени-тұрмыстық жағынан гүлденуіне, ауыл азаматтары арасынан жақсы кадрлар даярлауға ерекше назар аударды. Шаруашылықтағы мектеп, балабақшалардың материалдық базасын жақсартуға көмек қолын созды.

Кейін аудандық халықты әлеуметтік қамсыздандыру бөлімін басқарып, аудандық партия комитетіне, атқару комитетіне мүше болып, елмен етене араласты. Қоғамдық өмірдің белсенді мүшесі болды. Ата дәстүр, ағайын-туыстық сыйластықтың мәнін жете түсініп, ретті жерінде сол арқылы қиюы келіспеген мәселелердің де екі жаққа тиімді шешімін таба білді. Өзінің кеңпейілділігімен, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық танытып, жан баласын жанына жақын тартты. Сөйтіп, басшылыққа да, елге де жайлы болып, ұзақ жылдар бойындағы жемісті еңбегінің нәтижесінде республикалық дәрежедегі дербес зейнеткерліктің дәмін татты.

Сондықтан да болар, өзі туып өскен Жалағаш ауданының орталығынан, өмірінің мәнді де мазмұнға толы жылдары өткен Қармақшы ауданының орталығынан бұл кісінің атына көше беріліп, есімін есте сақтау мақсатында бірқатар мазмұнды іс-шаралар өткізілді.
Отбасында осындай тәлімді әкеден тәрбие алған Қазыбек те қай жерде жүрмесін, қай қызметте болмасын адамгершіліктің жоғары сатысынан көрінді. Не істесе де еңбегін елімен байланыстырды. Қол астында болған қызметкерлерінің барлығын бірдей көріп, әрқайсысын өз орнына пайдалана білді. Қызметте де, отбасында да, жора-жолдас, ағайын туыстар арасында да өзінің бауырмалдығымен, асқақ адалдығымен, биік парасатымен сый-құрметке ие болды. Адал жар, жақсы әке атанды. Өзінің өмірлік тәжірибесінен алған сабақтарын құдайдың берген ұлдарының санасына сіңіріп, оларды білімді де білікті маман, елі мен жерін сүйген отаншыл азаматтар етіп тәрбиеледі. Отбасына келін түсіріп қуанды, немере сүйіп жұбанды. Құдайдың бергеніне шүкіршілік етті.

Мектеп бітірісімен 1971 жылы Қазақ политехникалық институтына оқуға түсіп, оны өнеркәсіп және құрылыс мамандығы бойынша бітірді. 1975 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылып әскери қызметін, алғашында Түркіменстан астанасы Ашхабадта радиостансада байланысшы, кейін Балтық бойында өтеп келді.

Еңбек жолын 1977 жылы Жосалы кентіндегі №149 селолық кәсіптік училищеде шебер әрі әскери жетекшілік қызметінен бастап, 1980 жылы Алматы қаласындағы СМУ-15 «Алматы құрылыс» тресіне құрылыс шебері болып ауысты. Тап осы жылдары Қазақ Мемлекеттік университетінің студенті Фаридамен кездесті. Танысып-білісе келе жүрек қалауымен бір-біріне риясыз ықыластарын білдірді. Өмірдің барлық кезеңдерін қол ұстасып бірге өткереміз деп шешті. Албырт жастардың сол кездегі үрдісімен жас отау, жаңа отбасын құрды. «Бір-бірін тауып қосылған әдемі жұп» деп, шын көңілмен сүйсінген тілектес достарының берген бағасына лайық болған адал жарымен мәнді де мағыналы ғұмыр кешті. Өнегелі отбасы атанды.

Отбасылық өмірдің алғашқы жылдарында Алматы қаласында жұмыс бастағанмен сол кездегі қазақ жастары үшін өте қиын болған пәтер жағдайына байланысты елге келіп, аудан орталығындағы «1602 жылжымалы-механикаландырылған колонна» мекемесінде құрылыс прорабы қызметін атқарды. Бұл кезең 1983-1991 жылдар аралығы болатын. Мекеме басшысы Қаршыға Есдәулетов және басқа құрылыс мамандарымен қоян-қолтық араласып, жұмыс жоспарын уақытылы әрі сапалы орындауға күш салды. Аудандағы басқа да құрылыс мекемелерінің білікті мамандарымен танысып, тәжірибе алмасып отырды. Белгілі құрылыс маманы, құрылыс саласының үздік қызметкері Сақтапберген Медеуовпен де достық байланысы осы кезеңдерден басталған.

Бұл азаматтар бүгінде арасынан ерте кеткен қызметтес жолдасы, бірінің інісі, бірінің құрдасы, замандасы болған Қазыбектің достықта адал, қызметте талапшыл азамат болғандығын, әр істің қиюын тауып, құрылыстың әр кірпішін өз орнына қоя білетін маман болғандығын айтады. Кент орталығында сонау сексенінші жылдардың басында салынған екі қабатты тұрғын үйлердің бәрінде Қазыбектің де қолтаңбасы бар.
Экономиканың барлық саласында нарықтық қатынастардың дүниеге келуімен бірге құрылыс саласында да бұрынғы қарқын болмай, жүйе өзгерген уақытта Алматы қаласына көшіп, «Шаңырақ» құрылыс орталығында директордың орынбасары қызметін атқарды. 1995-2000 жылдар аралығында Әуезов ауданы әкімшілігінің құрылыс саласын бақылайтын бас маманы қызметінде, кейін Алматы қалалық тұрғын үй департаментінде бөлім бастығы қызметінде болып зейнеткерлікке шықты.

Шегебай ҚҰНДАҚБАЕВ,
Қармақшы ауданының құрметті азаматы

24 сәуір 2023 ж. 297 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 331

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 420

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930