Өнер қуған өрендер
«Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді». Осы әуенді ер адамның екі дауыста нақышына келтіріп орындап жатқанын ести сала клуб үйіне жақындай түстік. Домбыра мен гитараға үйлескен ерекше дауыстарға еліктей «бұлар кімдер екен?» деп келеміз. Иә, манадан бері тамаша әнді тамылжыта орындаған ерекше дауыс иелері – Бақтияр Сабырбаев пен Ислам Жорғабай. Олар Төретам кентіндегі клуб үйінің өнерпаздары.
Талантты жігіттердің бұл салаға келгендеріне көп болмапты. Десе де өнерімен талайды тамсандырған. Бақтияр 1999 жылы осы кентте дүниеге келген. Жастайынан түрлі аспаптарға жақын өсіп, кейін өнер жолын таңдаған.
– Бала кезден гитара, домбыраны қолымнан тастамадым. Нотаны білмесем де естіген дыбыс бойынша аспаптың пернесінен тауып ойнайтынмын. Кейін тез үйреніп алдым. Кішігірім отырыстарда ән сала бастадым. Сөйтіп көпшілік алдында ашылдым. Ең алғаш сахнаға 2016 жылы шықтым. Ақтөбе қаласында оқып жүргенімде «Алаш бэнд» триосының құрамында болдым. Одан кейін «Алтын дауыс» фестиваліне қатысып, Гран при жеңіп алдым. Қазір туған жеріме келіп, мәдениет саласының дамуына үлесімді қосудамын, – дейді өнер иесі.
Ал әке жолын қуған Ислам Жорғабай кішкентайынан музыка мамандығының иесі болуды армандаған. Ол Алматы қаласының тумасы. Мектепті бітірген соң бала кездегі арманына қол жеткізіп, өнер иесі атанады.
– Әулетімізде әкем өнерге жақын болды. Ол кісі әртүрлі аспаптарда ойнай беретін. Мен әкеме еліктеп өстім. Сөйтіп домбыра мен гитараны үйрендім. Қаланың баласы болсам да әкем туып-өскен жерге қызмет етуді шештім. Әрі ағайын-туыс, бауырларым осы жақта тұрады. Мектеп қабырғасында жүргенде сахналық көріністерді ойнадық, кейін кішігірім театрлардан көріне бастадым, – дейді ол.
Тамаша әңгімеден соң қос өнерпазға тағы да ән салып беруге қолқа салдық. Біздей тілшілердің сұқбатына шабыттанған өнерлі жігіттер ойланбастан аспаптарының құлағын келтіріп, манағы ауыл әнін қайта орындады. Қоңыр үндерімен көңілдегі сағынышты маздатып, ауылдың төріне бір апарып қайтты. Мұндайда «бәрекелді» дегеннен артық қандай қошемет керек? Ең бастысы – өнерлері өрге жүзсін.
Ерсін СӘДУҰЛЫ