» » » Әншілік қырымды танытқан – "Қысмет"

Әншілік қырымды танытқан – "Қысмет"

"Әу" демейтін қазақ жоқ шығар. Алайда әнді нақышына келтіріп, шебер орындау кім көрінгеннің қолынан келе бермейді. Бар жан-тәнімен ән салатындар – нағыз шеберлер. Ұлы Абай айтқандай, салған әні "құлақтан кіріп, бойды алатын" әншілерге бұл өнер басына біткен бақпен тең. Сондай сыңғыр дауыс иесінің бірі – ІІІ Интернационал ауылының жас әншісі Назым Әбілқасым. 13 жасар Назым қазіргі таңда ІІІ Интернационал ауылының мәдениет үйі жанындағы "Ән салу" үйірмесінің шәкірті. Бірақ ол ән салуды үйірмеге келместен бұрын да жанына серік еткен.

– Кішкентай кезінен айна алдында ән салып, жұлдыздарға еліктейтін. Кейінірек мектептегі іс-шараларда өнер көрсетіп жүрді. Ең алғаш рет көпшілік алдында 4 сыныпта "Қыз сынында" ән салғаны әлі есімізде. Одан соң да түрлі мерекелік шарада өнер көрсетуде, – дейді жас әншінің анасы Дархан әпкеміз.

Ал ән үйірмесіне оны ең алғаш рет алып келген сол кездегі мәдениет үйінің директоры Талғат Асылбеков. Ол кішкентай қыздың ән салғанын ауылдағы тойда байқап, үйірмеге шақырған. Содан кейін 9 жасында аудандық "Бозторғай" балалар шығармашылық байқауында "Қысмет" әнін шырқап, облысқа жолдама алады. Әр ауданнан жиналған жас өнерпаздар арасынан оқ бойы алға шығып, І орынды қанжығасына байлап қайтады. Аудан мерейін осылайша үстем еткен жас әнші шығармашылық жолын сәтті бастайды. Одан кейін 2017 жылы республикалық "Жұлдызай" ерекше қажеттіліктері бар балалардың шығармашылық байқауында ІІ орынды иемденсе, екі жылдық дайындықтан соң осы байқаудың жеңімпазы атанып, халықаралық байқауға жолдама ұтады.

– Назым – өте сезімтал әрі талғампаз. Оның бұл қасиетін өлең таңдау кезінде анық байқаймыз. Бірақ көбіне байқауға өлең таңдарда алғашқы тәлімгері Талғат ағайға жүгінеміз. Себебі ол Назымның қай әнді шебер орындап шығатынын біледі. Таңдалған өлеңмен кем дегенде бір ай дайындық жүреді. Жас әншінің тағы бір қабілеті жіберілген қателікті бірден дұрыстайды. Осындай дарынды жастың шығармашылығын дамыту – біз үшін үлкен мәртебе. Біз әрдайым оның жолының ашық болғанын, екі аяғына тіктеп тұрып кеткенін қалап та, тілеп те жүреміз, – дейді Назымның қазіргі тәлімгері Гүлжан Әбдірова.

Айта кетерлігі, алдағы уақытта ауылдық мәдениет үйінде вокалды-инструменталды ансамбльдің балалар тобын құрып, Назымды солист қылып таңдау жоспарлануда. Демек, алдағы уақытта ауылдың жас өнерпазы түрлі шарада жанды дауыста ән шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленбек.

– Ең бастысы аяғыма тік тұрып кеткенімді қалаймын. Өнерім арқылы ата-анамның, ұстаздарым мен туған ауылымның атын әлемге танытсам деймін. Болашақта шығармашылығымды әрі қарай жетілдіріп, түрлі байқауда жеңімпаз атанғым келеді. Барлық әншінің арманына айналған "Еуровидениеге" қатысып, әлем жұрты алдында өнер көрсету арманым, – дейді кішкентай әнші.

Мүмкіндігі шектеулі болса да, өмір мен өнерге деген махаббаты ерекше қыздың бар қиындықты еңсереріне барлығы сенеді. Әкесі де үйіндегі үш сұлудың бақытты да баянды өмір сүруі үшін күндіз-түні тынбай еңбектенуде. Ал аналары отбасында оларды жігерлендіріп, алға қарай ұмтылуға күш береді.

Назымның өнеріне бүгінде тек ІІІ интернационалдықтар ғана емес, дүйім жұрт тәнті. Ауылдастары тарапынан қолдау да аз емес. Жақында әнші арудың отбасына ауылдағы шаруашылық кең баспана салып беріп, қуаныштарын еселеді.

Түйін
Қазіргі таңда Назым ән айтудан бөлек, қолөнерге ден қоюда. Ол өзіне қолдан ойыншық тоқып, сөресін сүйкімді бұйымға толтырып қойған. Жақында облыстық "Бозторғай" өнер байқауынан жүлделі ІІ орынды иеленген ару алдағы жарысына үздіксіз дайындалуда. Кезекті сапарымызда Назымның үйінде жанды дауыста салған әнін тыңдап, болашақта зор жетістікке жетуіне тілектестік білдірдік. Бұйыртса, оның өнерін көгілдір экраннан тама- шалайтын күн де алыс емес болар.

Аслан НҰРАЗҒАЛИ
26 қыркүйек 2020 ж. 803 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031