» » » Өнер көгінің қарлығаштары

Өнер көгінің қарлығаштары

«Құлақтан кіріп бойды алар, әнді сүйсең менше сүй». Һакім Абайдың ән атаулыға бір ауыз сөзбен берген анықтамасы. Расында, құлағыңнан кіріп, тұла бойыңда тулаған әсем әуеннің, гәкку әннің сазы ғаламат бір күйге бөлейді. Құйқаң шымырлап, бойың балқып, шабытың шалқып, «әп-бәрекелдіге» бастайсың, айналаңдағы қу дүниені бір сәтке тастайсың. Көз алдыңа туған жердің тұмса табиғаты келіп, балақтан шалшық су кешіп, қуыспақ ойнап, құла белдің басында, сары құмның етегінде көлге балықша шомылған сәттерің ойға оралады. Шіркін-ай, әуеннің құдыретін қойсаңшы, сезіміңді тілмен жеткізу қайда?! Ш.Төлепова атындағы мәдениет үйінің сахнасына сән келтіріп, көрерменнің көңілін серпілткен «Музаның» бес жылдығындағы ғажап сезімге осылайша бой алдырдық...
Ақмарал Кішкентаева ең алғаш «балағының биті бар» деп таңдау түсіріп, болашағын болжай білген жастардың бірі еді осылар. Жас дейміз-ау, осыдан бес жыл бұрын, 2013 жылы топтың үлкені жоғары сыныпқа енді қадам басқан, қалған екеуі бір сынып төмен оқитын. Топ құрылғанда дүниеге келген бала әріп тануға кеп қалды, ал топтың үлкені Тоғжан Бақбергенқызы Бахытова Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінде білім алып жүр. Танымал жыршы Айдос Рахметовтің тәлімін алып өсіп келеді. Ал Бибімәриям Серік пен Зарина Ибрагимова №250 мектеп-лицейде оқиды. Содан бері талай дүбірлі додада топ жарды. Қанжығасы майланып, қоржын толтырып қайтқан кезі көп. Аудандық, облыстық, республикалық додаларда бәйгенің алдын бермеді. Ұстаздары марқайды, ата-аналар сәт сайын тақым қысып отыратын. Елге таныла бастаған таланттардың болашағынан тұтас Қазақия үміт күтеді.
– «Бұлақ көрсең, көзін аш» дейді дана қазақ. Бір кездері бүлдіршіндерден құралған топ бұл күнде бой жетіп, ел алдында делебеңді қоздырар ән айтады. Сан мәрте абыройымызды асқақтатып, аудан атын шығарып жүр. Бес жылдық деп есеп беру концертін өткізіп жатыр, елдің мақтанына айналды. Қыздарымыздың болашағы жарқын болсын, – деп ізгі ниетін білдірген Нұршат Наурызбаева жас таланттарға аудан әкімінің орынбасары Е.Меңлібаевтың алғыс хатын табыстады.
Еңбек еленсе, ынта мен құлшыныс артады. Ел ағалары қолдап, арқадан қақса, талант тас жармай қайтсін?! Сахна төрінде «Өз елім», «Қазақстан», «Арайлы Астана» әндері шырқалып, үріп ауызға салғандай үш бойжеткен мың бұралып билегенде көрермен қошеметі ерекше болды. Айдарынан жел ескен балақайлардан бастап, ақыл айтар даналарға дейін көрермен залына жайғасып, өрендердің өнерін тамашалады. Жастайынан сахна сәніне айналған жастардың бұл концертіне «Нұр Отан» партиясы да бей-жай қарамады. Партияның алғыс хатын табыстап, өнерпаздарға құрмет көрсетті.
Шарада сондай-ақ, аудан өнерпаздары жас әншілерге өнер жолында сәттілік тілеп, олармен мақтанатынын жеткізді. Қырандай самғаған қанаты талмай, биіктерді бағындыруын тілеген алдыңғы толқын көрерменге ән шашуын тарту етті. Жоғары деңгейде өткен шарадан аудан халқы көтеріңкі көңіл-күймен қайтты.
Аян СПАНДИЯР.
04 тамыз 2018 ж. 1 299 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 056

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031