» » » Көмейіне бұлбұл ұя салған азамат

Көмейіне бұлбұл ұя салған азамат

Даңғыл жолды қуалап келе жатқан көлік ішінде тұтастай үш сағат бойына магнитофонның үні өшті. Сенесіз бе? Екеуара әңгіме де айтылмады. Бірақ бір жас жігіттің аузында тыным болмады, қалған алтауымыз соған қарадық та отырдық, құлақ түрдік. Ол жай сөйлемеді, ән айтты. Ән айтқанда құйқаңды шымырлатып, делебеңді қоздырады, шіркін. «Пай-пай» дедік те отырдық. Жан сарайыңа үңіліп, ән шіркін құлақтан кіріп бойды алуда. Абай солай деп еді ғой... Әнді Абайша сүйген қазақ едік, сүйдік, құладық, ынтықтығымыз да, мауқымыз да басылмады. Қызылорда мен Жосалының арасында ән қалқып, тұтас дала билегендей болды. Апырмай, мұндайды бұрын-соңды көріп пе едік?! Бізді таң-тамаша қылған ІІІ Интернационал ауылының тумасы, жиырманы енді ғана толтырған балаң жігіт Руслан Рызманов еді...
«Көзімнің қарасы», «Айттым, сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» деп Абайша толғатып, сезімді тулатқан жас «Атамекенді» айтқанда құдды бір қасымызда тау тұлғалы Ескендірдің өзі отырғандай еді... Зұлқарнайын емес әрине, қазақтың мақтанышы Хасанғалиев. Руслан ән айтқан сайын қасы-көзі керіліп, тыңдаушының эмоциясына көз жүгіртіп отырады екен. Бәлки, асыра сілтеген шығармыз, бірақ «Ескендір Хасанғалиевтің» зор дауысын осылай тыңдадық. Шетелдің рок, рэбін тыңдап қалған, Савичевадай сары қыздың, Максимнің баяу әуеніне ынтыға өскен кей жандардың өзі құлаққабын суыра сала «мынау неткен дауыс» деп таңырқай қарады. Сары даланың жусаны мен жантағына дейін, сексеуілі мен шеңгеліне дейін бір сәт құлақ түре тыңдап қалғандай еді. Жолдағы көлік біткеннің бәрі Руслан айтқан әнге ырғалып бара жатқандай сезіндім.
– Бұл жігіт сан мәрте топты жарып, өнерін дәлелдеп, ел-жұрттың ықыласын алған. Қай топқа салсақ та суырылып шығып жүр. Елбасының қолын алып, алғысын да арқалап қайтты. Өзгелер қиналатын талай әнді нақышына келтіре орындап жүр. Болашағынан зор үміт күттіретін азамат, – деді аудандық мәдениет үйінің ұйымдастырушы Нұркен Әлиасқаров.
Нұркен айтқан мақтаулы жігіт әлем музыкасын айналдырған жеті нотаға сыйдырып, елге талай әсем әуен сыйлап жүрген композиторлардың мерейін шығарып жүр. Әйтпегенде, «әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылды» дер еді былайғы жұрт. Ескендір айтқан есті әндерді көп әнші айта алмайды. Ондай зор дауыс екі әншінің бірінде жоқ. Қазақ дауысын Эйфель түбінде әлемге мойындатқан Әміредей жас таланттың шығып жатқаны шындық. Руслан Рустамұлы ІІІ Интернационал ауылындағы №108 орта мектепте оқып жүріп-ақ өзінің болашағын айқындаған жас. Ең алғаш осы білім ошағында айтқан «Жеңіс күні» («День победы») әні оған алғыс сыйлаған.
– Екінші сыныпта оқитынмын. Мұғалім балаларды жинап, ішінен «балағының биті барларын» іріктеп алды. Ішінде мен де болатынмын. Жеңіс күніндегі шарада мен әйгілі «Жеңіс күнін» («День победыды») айтып бергенмін. Өнеріме тәнті болды ма, әлде алғыс хат құлшындырады деді ме, әйтеуір директордың алғыс хатымен марапаттады. Әлбетте, ол алғыс хат менің өмірімде ерекше орын алды. Бұл – менің өмірімдегі ең алғашқы марапат болатын, – деді Р.Рызманов.
Онан бері мектеп қабырғасында жүріп сан мәрте аудандық ән байқауында, жігіттер сайысында, өнер додасында топ жарып жүрді. «Сыр сұлтаны» атанған сырбаз кейіннен Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіне оқуға түскен. Бұл күнде аталған оқу ордасының 4-курс студенті. Бұрын ауылдан ауданға шығып жүрген жас талант енді облыстың намысын арқалап сонау Арқа төсіндегі сайыстарда өнер көрсететін болды. Астана қаласында өткен республикалық «Абай оқуларының» ІІ орын иегері атанса, ХХХІХ вокалистер конкурсында (Астана қаласы) ІІ орын еншіледі. Семейде өткен М.Төлебаев атындағы, Жаңақорғанда өткен Т.Тоғжанов атындағы сайыстарда топ жарды. Таяуда ғана жас дарын «Өнерім саған, Қазақстан» конкурсында І орынды иеленіп, көпшіліктің ықыласына бөленді.
– Өнерім биікке жетелеп жүр. Жыл басында Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына да қатысып келдім. Елбасының алдында ән шырқап, қолын алдық. Алғысқа бөлендік. Мен талантыммен әлі де биік шыңдарды бағындыратыныма сенімдімін. Алдыма қойған мақсат та – осы, әншілік өнердің асқар шыңына шығып, атымды қалдыру. Алла қолдап, мақсатыма жетермін, бұйыртса, – деді түбі бір түрік бауырымыз.
Алғаш көргеннен-ақ, амандық-саулық сұрасқанның қолын қыса жөнелетін ілтипатшыл бауыр «ұлтым бөлек» деп тұрған жоқ. Қазақпен бір туған қара баланың талантына тағы бір мәрте куә болдық. «Бәрекелді» деп, қол соқтық.
Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы».
22 шілде 2018 ж. 1 865 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 062

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031