» » » СЕГІЗІНШІ ҒАСЫРҒА САПАР ардагерлер көңілін марқайтты

СЕГІЗІНШІ ҒАСЫРҒА САПАР ардагерлер көңілін марқайтты

Тас-түйін бекініп, тарих қойнауына ендік те кеттік. Кешегі тұлпарлар дүбірлеп өткен, Қыз Жібек пен Төлеген бір-бірін өпкен, әр күні көктем туған жердің тұмса табиғаты бойыңа шалқар шабыт сыйлап, жаныңды жадыратып тұрады. Шаң басқан көңілді киіз қарпығандай сілкіп-сілкіп жіберіп, дарияның бойына отыра кеттім. Шіркін, көңіл сарайыңдағы әсем әуеннің тиегін ағытып, мына қарбалас тірлікті ұмытып, сол бір өткен бабалар болмысы жоғалмаған, рухани дүниесі тоналмаған сонау бір кезеңдерге тартып кетсем ғой деп қиял әлемінде қанат қағып кеткен ем... Ойдағым орындалып, сегізінші ғасырға сапар шектік. Алдағы мақсат – Сортөбеге күн қызбай жету.
Көш басында – аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұршат Наурызбаева. Бір сәтке ардагер ағаларымызға тарту жасап, Сортөбеге жүргізіліп жатқан қазба жұмыстарымен таныстырмақ ниеті екен. Ә дегеннен әңгіменің әлқиссасын бастаған Жосалы кентінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Жақсыбай Жәкиев: «Маған жина деп тапсырды, жинадым барлығын. Мындағы кісілер түгелдей дерлік кезінде қызмет істеген, әрбірі ел мүддесі жолында еңбек еткен жандар. Құрметке лайықты. Осылай бізді тарихи мұрамызбен танысуға апарып, шараларды ұйымдастырып жатса, қандай ғанибет. Ұйымдастырушыларға алғыс зор. Өркендері өссін», – деді жол бойында әңгіме-дүкен құрып.
Бір-бірімен қауқылдасқан қариялар қалжыңға да кет әрі емес. Уытты әзілдің найзасын түйреп, сөзден жығылғаны найзадай кірпіктері төмен қарап, қағытқаны кеудесін көтеріп, бір масаттанып қояды. Қарт адам бала секілді деген осы екен де. Даңғыл жолға шыққан көлік жүйткіп келеді. Бұл да талай сапарда серік болып, өнер майталмандарына қызмет істеген автобус. Нұршат Наурызбаева «Талай гастрольдің, үгіт-насихат тобының табанын жерге тигізбей діттеген жеріне жеткізген көлік» деп бір мақтап қойды. Сірә, темірді адамға қызмет қылатын етіп қойған өнертапқыштың арқасы ғой. Жолда небір ой келді, санада сан сұрақ. Сортөбеге қашан жетеміз? Бұрын-соңды аяқ баспаған жерім еді, қалай екен? Сұлбасын өзімше көз алдыма келтіргім-ақ келеді. Қайдан?!
Автобаннан төрт табандап түсіп, қара жолға түскен бетіміз. Таяқ тастам жерден мұнара көрінді. Топшылағаным дәл келді, аудан орталығынан ат шаптырым жер жүріп, жеткеніміз де осы – Сортөбе. Қаланың үлкен көлемді болғанын биіктігі айтып-ақ тұр. Бертін келе дария арнасы ауысып, қаланың бір бұрышын алып кеткен. Әзірге сақталғаны үш бұрышты орны ғана. Оның өзі алып қорған тәрізді екен.
– Бұл жерде қаланың орны бар екенін айтып, құрып бара жатқанын мәселе етіп, 2011-2017 жылдар аралығында жергілікті басшылыққа жеткізуге тырысып келдік. Тарихи жәдігерімізді дәлелдеп, оның қаншалықты маңызды екенін айта келе, 2017 жылдан бастап қаражат қаралатын болды. Сол жылы алғаш рет Мадияр Елеуов пен Жолдасбек Құрманқұлов бастаған экспедиция келіп, қазба жұмыстарын жүргізді. Қазір де жалғастырып жатырмыз. Жоғарғы қабаты ІХ ғасырға тиесілі, онан кейінгісі ІІ кезең – Оғыз дәуірі. Шамамен 850-860 жылдарды қамтиды, – деді археолог Сейдалы Біләлов.
Сортөбе бес құрылыс кезеңінен тұрады екен. Ертеректегі кітаптарда 1884 жылы бұл аумақ Кушкорган деп аталған. Оның не Қышқорған, не Құсқорған екенін ешкім тап басып айта алмай отыр. Орыс ғалымдары картаға осылай түсірсе керек. Қорғанның ішкі беттерінде осы күнгі орталықтағы тандыр самса пісіріп жүрген пешке ұқсас жылу нысандары тұр. Олардың барлығы зерттеушілердің назарын аударып, әрбіріне жіті мән беріліп отыр.
– Сортөбе-2 қалашығы мында орналасқан. Алғаш қазба жұмыстары кезінде осы қаланың жоғары қабатынан бес адамның мәйіті табылды. Ол бергі кезеңдерде жерленсе керек. Алып, жол шетіндегі қорымға апарып арулап, көмдік. Бұл қаланың тарихы Оғыз дәуірінен басталады. Қорқыт бабаның замандасы. Яғни, баба бейітіндегі және осындағы дәстүрлер мен табылған құрылыс материалдары ұқсас келеді. Сондай-ақ, Жанкентпен де ұқсастығы көп. Демек бір кезеңде салынған болуы мүмкін. Ал қаланың соңғы кезеңдері Монғол шапқыншылығы дәуіріне тура келіп тұр, – деді Қорқыт ата атындағы ҚМУ Археология-этнография ҒЗО жетекшісі Әзілхан Тәжекеев.
Тарихи жәдігерлерге тұнып тұрған қасиетті Қармақшы топырағында мұндай орындар жеткілікті. Тек олардың барлығын бір уақытта зерттеп біту мүмкін емес. Сол себепті, әрбірінің уақыты әрқилы. Уақытында бөлінген қаражат та құнды жәдігерлерді аман алып қалу жолында сеп болмақ.
– Біз қазір Сортөбені дария жағалауынан бастап зерттеп жатырмыз. Өйткені, ертеңгі күні дария арнасынан асса, тағы біраз мұрамыз суға кетуі мүмкін. Сондықтан, тым құрыса зерттеп үлгеруіміз керек, – деді Сейдалы Біләлов.
Сортөбе қаласы аумағынан ата-бабамыз қолданған қол диірменнің бірнешеуі шығыпты. Онан бөлек кәдімгі жылқының, түйенің шағылған сүйектері шыққан. Осы кезеңдегідей жілікті шағып, майын жеп, сүйекті мүжіген. Мұндай ұқсастықтар жетіп артылады екен. Құндылықтарымызды көзбен көріп, санамызға сіңіріп, кейін қарай қайтқалы тұрғанда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Есдәулетов зерттеушілерге алғысын білдірді.
– Археолог-тарихшылар арқылы тарихымызды түгендейміз. Ата-бабаларымыздың өміріне көз жүгіртеміз. Оларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – деді ол.
Қайтар жолда өзгелерден қалыс қалып, Шегебай аға Құндақбаевпен біраз сөйлескенбіз. Жол ұзақ. Уақыт бар. Арда ағам ойлана қарап тұрды төбешікке.
– Дәулетжан, ертеректе әкелеріміз ана жерге барма, жаман болады, пәлен бар, түген бар деп қорқыта беретін. Мазарлардың басына да жібермейтін. Ол жаққа бір адамды бекітіп қояды. Егер балалар тіл алмай сонда баратын болса, әруақ тәрізді болып алдарынан шығады. Содан соң ол жерге қайтып барып көр. Сөйтсек, олардың бар ойы маңызды жерлерді сырт көзге қауіпті, құбыжық мекені етіп көрсету арқылы, ондағы мұраларды кейінгі зерттеушілерге қалдыру екен ғой. Талай қорымның басынан құнды кітаптар табылды емес пе?! – деп өткенге көз жүгіртті ол.
Ойланып қалдым. Рас. Атам қазақтың көрегенділігінің тағы бір дәлелі емес пе бұл.
Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы».
02 шілде 2018 ж. 859 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 048

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031