» » ҚОБЫЗҒА ТІЛ БІТІРГЕН БОЙЖЕТКЕН

ҚОБЫЗҒА ТІЛ БІТІРГЕН БОЙЖЕТКЕН

Әлемге әйгiлi әртіс Айман Мусаходжаева осыдан оншақты жыл бұрын Қорқыт ата кесенесіне зиярат етіп келіпті. Ол кезде шырақшы Талғат Жаңабергенов болатын. Қорқыт атаның тарихын таныстырған шырақшыдан Сыр өңірінде өнерге жақын, қобыз тартуға бейінді жастарды сұрайды. Қобызшы табан тіреген өңір болсақ да өкінішке орай, осы аспаптың құлағында ойнайтын бірде-бір өнерпазды таппапты сонда. Тағы бір сапарлап келгенінде Талғаттың 7-сыныпта оқитын қызы Зияданы көреді. Қаршадай қыздың қанша бұлақтың көзін ашып, қанша жұлдызды жарқыратқан өнер қайраткерінің көзіне түсуі тегін емес.  Ойнап жүрген баланы жанына шақырып, әңгімеге тартыпты. – Қандай өнерің бар? – деп сұрайды ол. Сонда «еш өнерім жоқ деп ұяла айтқаным әлі есімде», –  дейді Зияда.
Мектепті жақсы оқитыны болмаса расымен де оның ән айтуға, не биге икемі жоқ-тын. Оқушы қыздың саусақтарын көріп, есту қабілетін бақылағаннан кейін келер жылы өзі басқаратын Қазақ Ұлттық өнер университетінің мектебіне әкеліңдер деп ұсыныс айтыпты. Кішкентайынан қобыздың үні құлағына сіңген жастың бұл аспапты терең меңгеретініне сенген сыңайлы. Осылайша небәрі 1 жылдың ішінде бұрын-соңды сахнаға шығып көрмеген, қобыз аcпабын қолға алмаған Зияданы 8-сыныбында Қазақ Ұлттық өнер университетінің жанындағы мектепке қабылдаған.  Ата-ана жанынан жырақ­қа шық­паған жасқа күрделі аспапты меңгеру оңай болған жоқ. Алғашында қатты қиналғанын еске алса көңілі түседі. Алған бетінен қайтпайтын өжеттігімен намысқа тырысқан.  Қорқыттың жамбасы тиген мекеннен барғандығы демеу болып, қобызға деген сүйіспеншілігі уақыт өте арта түсіпті. Бір кездері жойылып барып, қайта жанданған қобыз өнеріне деген қызығушылық танытқан жастар  осылайша көбейіп келеді. Аудан, аймақ емес елімізде де қобызшылар көп емес.  4 жыл өнер мектебін, 4 жыл университетте өнердің қыр-сырын меңгерген  Зияда қобыз класын «бес» деген бағамен тәмамдаған. Сол уақыттан бері жанына серік еткен аспапты бір сәтке де тастаған емес.
Аудандар ішінде алғаш болып былтыр жыраулар үйі жанынан «Қылқобыз» үйірмесі ашылған. Осы үйірмеге жетекшілік ету Айман Мусаходжаеваның тағылымды тәрбиесін көрген жас маманға бұйырды. Қазір үйірмеге тұрақты қатысып жүрген онға жуық шәкірті бар. Туған жерге келіп, Қорқыт бабамыздың қасиетті аспабымен күй өнерін насихаттаған Зияда Жаңабергенованың талантын біз әрдайым жоғары бағалаймыз. Бабадан қалған асыл мұраның қасиетін терең түсінетін жастардың болғаны қандай жақсы.
Кеше ғана жұмысқа қабылданған ол мәдениет пен өнер қызметкерлерінің төл мерекесінде аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Әкім қабылдауында Қорқыттың «Қор­қыт» күйін орындаған жасқа зор қошемет көрсетілді. Сұлтан Ысқақұлы Зияданың ерекше талантына тәнті болып, жұмысына шығармашылық шабыт тіледі. Қобыз оркестрін құруға жұмыс жасауды тапсырды.
Зияда қобызын қолына алғанда бір қарағанда титімдей ғана көрі­нетін аспаптан мың сан әуен төгіліп сала берді.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА,
«Қармақшы таңы».
29 мамыр 2019 ж. 1 892 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031