» » » ӘЙГЕРІМНІҢ ӘЛЕМІ

ӘЙГЕРІМНІҢ ӘЛЕМІ


2007 жыл. Жаздың аптапты күні. Қорқыт кешенінде адамның көптігінен ат тұяғын серпер орын жоқ. Халықаралық деңгейде өтіп жатқан «Қорқыт – Ұлы дала сазы» фестивалі ұлан-ғайыр даланы ұлы дүбірге бөледі. Түркі әлемінің түкпір-түкпірінен келген өнер дүлдүлдері амфитеатрды ғажайып күйге ендірді. Еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін рухани жаназығын алуға жиналған. Түбі бір түркі ағайынның да қуанышын байқау аса қиын емес. Кешеннің қос қапталына жайғасқан қазақы үйлер мен қазақтың ұлттық салт-дәстүрін әлемге паш ететін «Қыз қуу», «Теңге алу» ойындарын меймандар таң-тамаша қалыпта, сүйсіне қызықтады. Бұл Сыр елі төрінде өткен Қорқыт абыздың құрметіна арналған тұңғыш халықаралық шара болатын. Бұл күн кімді тамсандырмады, кімді жасандырмады десеңші.
Қарапайымда «Қармақшы – қасиетті топырақ» дегенді көп айтамыз. Расында да, қобыз атасы – Қорқыт бабаның мәңгілікке тыныстаған өлкесіне тәу етпейтін адам жоқ. Алғаш қобызды дүниеге әкелген Абыздың тарихы да әріде. Қобыз сарыны – айшылық алыс жерлердегі науқасына шипа таба алмағанды дертінен жазып, құлан таза айықтырған дейді кей әпсана. Оны тыңдаған адам – ерекше күйге бөленері сөзсіз. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Әйгерім Нұрғазықызы да қазақтың қасиетті қобызына осылай ғашық болған. Мектепте оқып жүрген кезінде оны ата-анасы музыка мектебіне баян сыныбына береді. Мұны бітірген соң Әйгерім Қазанғап атындағы музыкалық колледждің қобыз сыныбына оқуға түседі. Өйткені, ол бұған дейін өз талабымен қобызда ойнауды үйренген-ді. Арғы атасы гармонды ұршықша иірген бойжеткеннің дарынын дөп басып таныған ұстаздар Әйгерімді колледжге қабылдауға келісті.
– Әке-шешем басқа салада еңбек етеді. Бірақ, өнер қанымда бар қасиет. Қобызды өте жақсы көрдім. Қобыз үнін бірінші рет құрбымнан тыңдағанымда-ақ ке­ле­шегімді шешіп қойдым. Құрбым күй ойнағанда «шіркін, мен де осылай күй тартып, ән айтсам екен» деп армандадым. Аспапты қалай болғанда да меңгеремін, деп өзіме серт бердім. Міне, сол арманыма жеттім. Халқымыз ұлттық аспаптан кенде емес. Әйтсе де, оның ішінде қобыздың орны бір бөлек. Қобыздың бірнеше түрі болады. Менің таңдауым – прима-қобызқа түсті. Колледжде Гүлзира Әбжапбаровадан тәлім алдым. Білікті маман бар білгенін үйретті – дейді өнер әлемінің ханшайымы.
Әйгерім – жас болса да бір­қатар жетістікке қол жеткізген. Оның репертуарында Қорқыттың «Қоңыр», Ықыластың «Аққу», К.Күмісбаевтың «Көктем лебі», С.Рахманиновтің «Вокализ», Е.Бру­силов­скийдің «Скерцо» және бас­қа да сазгерлердің қырыққа жуық шығар­масы бар. Өнерді жетілдіріп, шыңдап отырмаса – еңбектің босқа кеткені. Әйгерім мұны жақсы біледі. Оның 2012 жылы республикалық олимпиадаға қатысып, «Қобыз» номинациясы бойынша жеңімпаз атанғаны әлі есінде. Ол колледжден соң қазақтың өнер жұлдызы, әлемге танымал өнер иесі Айман Мұсаходжаева басқаратын Қазақ Ұлттық өнер университетінде білім алды. Ұстазы Саджана Садырбекқызы қобыздың қыр-сырына баулыды. Оқу орнында ансамбль, оркестр құрамында болып, талай өнер туындысына қанат бітірді. Ол кездегі қағілез қыз бүгінде өзі де ұстаз. Биылғы оқу жылынан бастап аудандық әуез мектебінде балаларға сабақ береді. Дильназ, Нұрсая, Айсұлу, Шынар, Шұғыла, Ақниет секілді оқушыларды қобызға баулуда.
– Шәкірттерімнен көп үміт күтемін. Алла қаласа, олардың арасынан қазақтың даңқын көтеретін шебер қобызшы шығарына сене­мін. Кеше келген мені бауырына басып, жылы қабылдаған ұжымым мен ата-анама айтар алғысым шексіз, – дейді қобызшы.
Түйін.
Көрермен қауым айтулы шарадан түн баласында бір-ақ тарқасты. Түнгі екінің кезінде мен де үйіме жетіп, жастыққа басым тиді. Көзім іліне бастаған екен. Құлағыма алыстан қобыздың сарыны келді. «Біздің үйде түннің бір уағында қобыз тыңдап жатқан кім болды екен?» деп әр бөлменің сыртынан тың тыңдап қоямын. Жоқ, бәрі қалың ұйқыда. Сөйтсем жел екен. Табиғат та «қобызымен» күй шертуде.

С.КЕНЖЕҒАРА.
28 желтоқсан 2018 ж. 928 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031