Қызылордада қобызшылар байқауы ұйымдастырылды (видео)
Сыр өңірінде «Қорқыт. Қобыз» атты қыл қобызшылар мен қобызбен жыр айтушылардың республикалық байқауы болып өтті.Ұлттық өнерді дамыту, дәстүрлі өнерпаздардың шығармашылығын насихаттау және оларға жан-жақты қолдау көрсетуді мақсат тұтқан шара елімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.Сан ғасырлар өтсе де сыны мен сырын жоғалтпай, саф алтындай сақталып келген халықтық асыл мұрамыз – дәстүрлі музыка жаңғырған байқауда 17 өнерпаз бақ сынады. 17-55 жас аралығындағы республиканың әр өңірінен келген қылқобызшылар Қорқыт күйлерін шертсе, қобызбен жыр айтушылар Қожа Ахмет Яссауидің хикметтерінен және Тоныкөк, Күлтегін, Оғызнама, ортағасырлық дәуірдегі көне жыр үлгілерінен үзінділер орындады.Ұлжан Байбосынова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:- Байқау қобыз өнерінің, қобыз дәстүрінің қайта жаңғыруына үлкен себеп болады деген ойдамын. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудағы игі бастама деп айтамын.Жеребе арқылы берілген тапсырмалар бойынша прима қобыз, фортепиано сүймелдеуімен сазды күйлерді нақышына келтіре орындаған өнерпаздар арасынан астаналық Шолпан Шарапатова шашасына шаң жұқтырмады.Шолпан Шарапатова, бас жүлде иегері:- Міндеті түрде «Қорқыт», «Қоңыр» секілді Қорқыттың күйлері орындалды. «Қобызға арналған пьеса» орындадым. Ол негізі прима қобыз аспабына арналған. Прима қобыз скрипка сияқты ғой. Классикалық ретінде қазақы қобызға өте қиын шығарма.Қобыздың сырлы, сиқырлы шанағынан шыққан сазды күймен сырбойылықтардың жүрек қылын тербеткен мәдени, рухани шара дәстүрлі түрде өткізілетін болып шешілді.