» » Тұрғындар қауіпсіздігі – басты назарда

Тұрғындар қауіпсіздігі – басты назарда

qarmaqshy-tany.kz Сәрсенбіде аудандық К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде аудан әкімінің орынбасары Біржан Далабаевтың, мәслихат депутаттары, ардагерлер, кент, ауылдық округі әкімдері, жастар және сала қызметкерлерінің қатысуымен жиын өтті. Онда аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Бақытбек Жарқынбаевтың осы жылдың бірінші тоқсанында атқарылған жұмыстарының есебі тыңдалды.
Жиында алдымен полиция қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастыру, олардың күнделікті жұмыс сәтінен көрініс беретін бейнеролик көрсетілді. Содан соң жиын ауданның бас полицейінің есебіне ұласты.

Ол сөзін «Бүгін жиында аудан көлеміндегі қоғамдық қауіпсіздік жағдайы, оны тұрақтандыру бойынша атқарылған шаралар туралы айтылатын болады» деп бастап, әрмен қарай есепті кезеңде атқарылған жұмыстарды тізбектеді.

– Өткен жылы аудан көлемінде тіркелген қылмыстар саны 23,1%, оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар 100%-ке, мал ұрлығы 78,6%-ке, тонау 100%-ке, бұзақылық 33,3%-ке, ұрлық 32,6%-ке, алаяқтық саны 16,0%-ке төмендеді. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 18,2%, мас күйінде жасалған қылмыстар 40,0%, топтасып жасалған қылмыстар 11,1%, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар 100%-ке азайды. Ал, ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылу проценті 69,2-ге жақсарды. Биылғы жылдың I тоқсан қорытындысымен тіркелген қылмыстар саны 48,7%- ке, яғни 39-дан 20-ға төмендеп отыр. Оның ішінде, ауыр қылмыстар 6-дан 4-ке, мал ұрлығы 2-ден 0-ге, алаяқтық қылмыстар 11-ден 2-ге, интернет алаяқтық 4-тен 0, есірткі қылмыстары 3-тен 1-ге дейін төмендеген. Қоғамдық орында 14,3%-ке, көшеде жасалған қылмыстар 50,0%-ке кеміген.

Қылмыстылық деңгейінің оң динамикасы байқалады, мысалға, соңғы 5 жылда қылмыстар саны 65%- ке, яғни 285-тен 100-ге азайған, – деді Б.Зейнуллаұлы.

Сонымен қатар, ол полиция қызметі көпсалалы болғандықтан, бірқатар өзекті бағыттарға, оның ішінде ауылдық жерлердегі мал ұрлығымен күрес мәселесі әлі де өзекті екенін жеткізді.

«Жоспарға сәйкес, «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізудеміз. Қабылданған шаралардың нәтижесінде былтыр жыл көлемінде 3 мал ұрлығы қылмысы орын алса, биылғы жылдың есепті мерзімінде бірде-бір мал ұрлығы қылмысы тіркелген жоқ. Өткен жылы ветеринария қызметімен бірлесіп, тиісті құжатсыз мал тасымалдаған 15 жүргізушіге, биыл 2 жүргізушіге ӘҚБтК-нің 406-бабына сай ветеринария саласындағы заңнаманы бұзу бойынша шара көрілді» деді ол өз сөзінде.

Қазіргі таңда дес бермей тұрған қылмыстың бірі – интернет алаяқтық болып саналады. Бөлімнің криминалды полиция қызметкерлерімен халық көп жиналатын жерлерде үнпарақтар таратылып, әлеумет¬тік желілерде бірнеше рет бейнеролик арқылы түсіндірме жүргізілгеніне қарамастан тұрғындарымыз алаяқтардың алдау-арбауына түсіп қалуда. Атап айтқанда, өткен жылы интернет-алаяқтықтың 11 дерегі тіркеліп, оның 2-еуі ашылған. Осы ретте, бөлім басшысы алаяқтықтың құрбаны болмас үшін бірқатар сақтық шараларын ұсынды. Олар – ешқандай жағдайда банктердің немесе құқық қорғау органдары қызметкерлерімін деп ұсынған алаяқтардың нұсқауларын орындамауға, жеке деректерді хабарламауға, күмәнді сілтемеге өтпеуді сұрады. Одан бөлек, еліміздегі кешенді күрес жүргізіліп келе жатқан қылмыстың түрі – есірткі саудасы айналымы. Бұл ретте, Мемлекет басшысының Жолдауы аясында республикада нашақорлық және есірткі бизнесімен күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы қабылдануда. Есірткі алқаптары егілетін жер телімдерінің басым бөлігі ауыл әкімдіктеріне қарасты. Жиында Бақытбек Жарқынбаев далалық жерлерді бақылауда ұстап, ауыл әкімдерін учаскелік полиция инспекторларымен бірге етене жұмыс істеуге ұсынысын білдіре келе, осы бағыттағы атқарылған іс-шараларды атады. Өткен жылдың 1 маусымы мен 30 қазан аралығында есірткінің заңсыз айналымымен күрес бағытында республика көлемінде «Қарасора – 2022» атты кең ауқымды жедел профилактикалық шарасы өткізілген. Рейд барысында 13 (2021 жылы 12 дерек) есірткі қылмысы анықталса, биылдың 3 айында есірткіге қатысты құқық бұзушылықтың 2 дерегі анықталып отыр. Жалпы нашақорлықтың профилактикасы және есірткінің заңсыз айналымына қарсы тұру мәселесі ерекше бақылауға алынған.

Қоғамда түрлі пікір тудырып отырған мәселенің бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайтынын атап өтіп, алдын алу бағытында тиісті шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Өткен жылы жанұя жанжалын шығарған 78 (2021 жылы – 70) тұлғаға әкімшілік кодекстің 73-бабымен шара көрілсе, 13 (2021 жылы – 9) құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талап орнатылып, алкоголь өнімін қолдануға, қару алып жүруге не сақтауға тыйым салынған. Отбасы тиранынан жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 82 (2021 жылы – 63) қорғау нұсқама шығарылған. Осы жылдың есепті мерзімінде жанұя жанжалын шығарған 12 тұлғаға әкімшілік кодекстің 73-бабымен шара көріліп, 3 құқық бұзушының мінез-құлқына ерекше талап орнатылған. Жәбірленушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 20 қорғау нұсқамасы шығарылған. Ауданда 20 УПИ, 5 көмекші, 7 ЮПИ, 1 әйелдер зорлықзомбылығының алдын алу инспекторы қызмет атқарады. Тиісті рейдтік шаралар қорытындысында заңмен белгіленбеген мерзімде алкоголь өнімін сатқан 5 дүкен иелеріне айыппұл салынып, шара көрілген.

– Қылмыстарды болдырмауда «Тұрмыс», «Қадағалау», «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ», «Квадрат» алдын алу шаралары ұйымдастырылды. Айта кетерлігі, 2022 жылдың қорытындысында ауданда отбасы саласындағы қылмыстар орын алған жоқ. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды – Балалар жылы деп жариялады. Осы орайда, кәмелетке толмағандар мен маргиналды жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуда «Бала және отбасы», «Түнгі қаладағы балалар», «Демалыс», «Мен және менің полицейім», «Абайлаңыз балалар» профилактикалық іс-шаралары ұйымдастырылып, күнделікті аудан әкімдігі, білім бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп, «Жасөспірім», «Түнгі қала», «Квадрат» рейдтік жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде өткен жылы кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстардың бірде-бір дерегі тіркелген жоқ. Ал, ағымдағы жылдың 3 айында кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар 0-ден 1-ге, оларға қарсы жасалған қылмыстар 0-ден 2-ге көбейген. Былтырғы жылы профилактикалық жұмыстар бойынша 341 құқық бұзушылық анықталып, қаңғыбастыққа салынған 1 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды. Сонымен қатар, өз міндеттерін орындамаған 19 ата-анаға әкімшілік хаттама рәсімделді. Рейдтік шаралар нәтижесінде кәмелетке толмағанның түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 8 кәсіпкерге әкімшілік хаттама толтырылды. Құқық бұзушылық жасағаны үшін 9 жасөспірім және өзінің міндеттерін орындамаған 4 ата-ана полицияның есебіне алынды. Ал, 2023 жылдың есепті мерзімінде 85 құқық бұзушылық анықталып, құқық бұзушылық жасағаны үшін 7 жасөспірім және өзінің міндеттерін орындамағаны үшін 7 ата-ана есепке алынды.

Келесі өзекті мәселенің бірі – жол көлік оқиғалары. 2022 жылдың 12 айында аудан көлемінде 29 (2021 жылы – 23) жол-көлік оқиғасы орын алып, жол апатының салдарынан 43 (2021 жылы – 27) адам дене жарақатын алып, 14 (2021 жылы – 7) адам қайтыс болды. Орын алған 29 жолкөлік оқиғасының 17-і республикалық маңызы бар тас жолдарда, 7-еуі кент орталығында және 5-еуі елді-мекендерге баратын тас жолдарда болған. Мақсатты шаралар атқарылу нәтижесінде жолкөлік оқиғасының алдын алуда тікелей әсер ететін 59 өрескел құқық бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, көлік құралын масаң күйде басқарудың 51 дерегі, көлік құралын жүргізуші куәлігінен айырыла тұра көлік басқарған 8 азаматқа (612 баптың 3-бөлігімен) тиісті шаралар көрілді. 2023 жылдың есепті мерзімінде 4 жол-көлік оқиғасынан 4 адам дене жарақатын алса, 2 адам қайтыс болды. Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 608-бабымен 5 азаматқа әкімшілік шара көрілді. Осындай жол-көлік оқиғасының алдын алуда тұрақты түрде жедел профилактикалық іс-шаралары жүргізілуде. «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Заңсыз жолаушы тасымалдаушы», «Құқықтық тәртіп» жедел профилактикалық шаралары мен «Абайлаңыз, балалар», «Жолда қабылдау» акциясы өткізілді. Мемлекет басшысының саланы реформалауға байланысты берген тапсырмасына орай бүгінде полиция қызметі сервистік модельге көшірілуде. Сервистік полиция – қылмыспен күресте полициямен бірге мүдделі органдармен проблемаларды бірлесіп шешу дегенге саяды. Биылдан бастап барлық өңірде полиция қызметін сервистік тәсілге көшіру басталды. Соның аясында полиция қызметі жаңа форматқа көшіп жатыр. Аудандық полиция бөлімі осы жылға қажетті ұйымдастырушылық жоспарын құрды. Біздің мақсатымыз – полиция қызметінің негізгі жұмыс критерийі халыққа жақын болып, ІІО-на сенімін арттыру десек, аудан тұрғындарының қауіпсіздігі жолында аянбай қызмет атқара беретін боламыз, – деді аудандық полиция бөлімінің бастығы Б.Жарқынбаев есебін қорыта келе.

Жиында Иіркөл ауылдық округінің әкімі Жағыпар Төлегенов мал ұрлығының алдын алуға, Ақжар ауылдық округінің әкімі Нұржамал Тұрсынбаева көркейту-көгалдандыру, тазалық жұмыстарына, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Асқар Мереков теміржол өтеліндегі көлік кептелісіне, аудандық «Қармақшы таңы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Райымбаева жастар мен жасөспірімдер арасындағы топтық төбелестің алдын алуға байланысты, №108 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Берік Тоқабаев көрші мемлекеттерден қонаққа келгендерге қанша күн рұқсат берілетіні жайлы сұраса, қойылған сұрақ-сауалға бөлім бастығы тарапынан жан-жақты жауаптар берілді.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Біржан Далабаев қорытындылап, алдағы уақытта полиция бөлімінің жұмысына сәттілік тіледі.
Сәрсенкүл АҚКІСІ
15 сәуір 2023 ж. 220 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 331

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 420

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930