Ветеринария – салғырттықты көтермейтін сала
qarmaqshy-tany.kz ТАРИХ ҚАЛТАРЫСЫНДА ҚАЛЫП БАРА ЖАТҚАН КЕҢЕС ҮКІМЕТІ ТҰСЫНДА КЕҢШАРЛАР МЕН ҰЖЫМШАРЛАРДАҒЫ ФЕРМАЛАРДА МЫҢДАҒАН БАС ҚОЙ, СИЫР, ЖЫЛҚЫ, ТҮЙЕ ӨСІРІЛДІ. ӘРБІР АУДАНДАҒЫ ШАРУАШЫЛЫҚТАРДА КӘСІБИ МАЛ ДӘРІГЕРЛЕРІ ЖҰМЫС ІСТЕДІ. ОЛАР ЕЛ АРАЛАП МАЛДЫҢ АУРУҒА ШАЛДЫҚПАУЫН ҚАДАҒАЛАДЫ. АУРУ МАЛ ШЫҚСА, ДЕРЕУ БАҚЫЛАУҒА АЛЫНЫП, ӨЗГЕ ӨҢІРГЕ ТАРАП КЕТПЕУІ ҮШІН ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛДІ. АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛУ МАҚСАТЫНДА ВАКЦИНА ДА ЖЕТКІЛІКТІ БОЛДЫ. АЛ, ЕНДІ БҰРЫНҒЫ МЕН ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙДЫ САЛЫСТЫРСАҚ, БҮГІНГІ КҮНІ МАЛДЫҢ САУ БОЛУЫ АЛДЫМЕН ИЕСІН АЛАҢДАТАТЫНЫ РАС
Қазір бір ауданда қанша мал басы бар, соған сәйкес дәрі-дәрмек беріледі. Есепке енбей қалған малдың бірінен ауру шықса, не ол басқа жақтан әкелінген болса әлбетте ол ауруын басқа малға жұқтырады. Осы кезде сол ауруға ұшыраған төрт түлікті емдеуге біздер міндетті түрде сала маманының қызметіне жүгінеміз.
Малдәрігерлік қызметі де адам денсаулығына жауапты денсаулық сақтау саласы сияқты ешқандай салғырттықты көтермейтін мамандық. Ветеринар да адам емдейтін дәрігер сияқты өзіне жүктелген аса жауапты міндетті орындайды.
Сондай қолы шипалы, бүгінгі күнге дейін екі мыңнан астам түрлі үй жануарына ота жасап, көптің алғысына бөленіп жүрген маманның бірі – аудандық ветеринариялық стансасы директорының орынбасары Ринат Сүлейменов.
1984 жылы Жосалы кентінде дүние дидарын ашып, Шоқан Уәлиханов атындағы №26 орта мектепті тәмамдаған Ринат Таңатарұлы жүрек қалауымен алдымен Алматыдағы аграрлы колледжін, содан кейін Қазақ Ұлттық Аграрлы университетінде «Ветеринар-фельдшер» мамандығы бойынша жоғары білім алып шығады.
Алғашқы еңбек жолын қазақтың ветеринариялық ғылыми зерттеу институтының «Құс аурулары» зертханасында аға лаборант болып бастаған ол жылдар өте сол зертхананың кіші ғылыми қызметкерлігіне ауысады. Кейіннен институт әкімшілігінің шешімімен паразитология зертханасының кіші ғылыми қызметкері болып тағайындалады.
Жас маман өміріне серік еткен мамандығын одан әрі меңгеруде көптеген ғылыми зерттеу жүргізіп, білімін жетілдіреді. «Жас ғалым-2007» республикалық ғылыми-практикалық конференциясында лекция оқып, І дәрежелі дипломмен мадақталса, Санк-Петербургтегі ветеринариялық медицина академиясында протозоология бағдарламасы бойынша, Омбы қаласындағы «Биоцентр» орталығында «Токсоплазмаз және протозоологиялық паразиттік штаммдарын сақтау» бағдарламасы аясында біліктілігін арттырады.
Ол осы жылдар аралығында қазақтың ветеринариялық зерттеу институтында ветеринариялық микробиология, иммунология, вирусология, эпизоотология және құстардың инфекциялық патологиясы бойынша бірнеше ғылыми мақала жазып, 5 инновациялық патенттің иесі атанады. Осы уақытқа дейін 2000-нан астам түрлі жануарға (жылқы, ірі қара және уақ малға, құс пен үй жануарлары: ит пен мысыққа) хирургиялық, травматологиялық оталар, тіпті акушерлік, яғни кесір тілігін сәтті жасаған. Әлі де жеке тұлғалардың шақыртумен Қызылорда, Тараз, Алматы қалаларына барып ауру жануарларға ота жасап жүр.
«Мамандық таңдау – өмірлік парыз. Мен өміріме серік болған, мәртебе санайтын мамандығымды өте жақсы көремін. Бұл кәсіп менің туған атам, Ұлы Отан соғысына қатысушы, бар саналы өмірін ветеринария саласына арнап құрметке бөленген Білісбай Сүлейменовтен жалғасып келеді. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дегендей, бүгінде өмірімнің мәні де мақтанышым болған мамандығымның қыр-сырын терең меңгеріп келемін. Өзім қызмет ететін мекемеде оның басшысы Нұрлан Бисембаевпен бірге ауданда есепте тұратын жануарлардың инфекциялық ауруларының алдын алуда теориялық білімді практикалық жұмыстармен ұштастыра зерттеулер жүргізіп, жұмыстар істеп жатқан жайымыз бар» деді Ринат Таңатарұлы.
«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дейді дана халық. Осындай мәртебелі мамандықты ұлық еткен Ринаттың қоғамнан нықтап орнын сайлап алуына қолдау көрсеткен сонау орта мектептегі ұстаздары мен жоғары оқу орнындағы ғылыми жетекшілеріне деген ықыласы ерекше.
«Ветеринария саласы қиыншылығы мен қызықшылығы қатар жүретін құпиясы көп сала. Және де салғыттықты көтере бермейтін мамандық. Осы мамандықтың қыр-сырын зерттеп, оның құпияларын ашуға қолдау көрсеткен ұстаздарым да жетерлік. Атап айтқанда, сонау студенттік кезімде дәріс берген, одан кейінгі жылдары республикалық ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеп жүрген кезімде батасын беріп, зерттеу жұмыстарыма қолдау көрсеткен Зейнулла Қожабеков, Қадір Бияшұлы, Күмісқали Жаңабеков, Олег Ананьев, Гүлмира Жаңабекова, Абылай Сансызбай, Лариса Косиченко, Әбдіхалық Әбішев, Қыдырбай Майхин, Қайрулла Әбеуов, Ғалымжан Жүсіпов, Болат Қаратаев, Ғалымжан Өтеповтей есімдері ТМД және қазақ еліне танымал профессоракадемиктерден дәріс алдым. Шетелдік ғалымдар, яғни ресейлік ветеринария ғылымының академигі Анатолий Стекольников, Алексей Нинштиль, өзбекстандық Рустам Баймурадұлымен, беларусь Анатолий Рукольмен үнемі байланыстамын. Олардан сала бойынша ақыл-кеңес алып тұрамын. Ал, қазіргі уақытта сала майталмандары – Әбдірахман Құлдүйсенов, Рысбек Әбдірахманов, Үміткәрім Досымов, Әбдірей Махамбетжанов, Роза Ибраева, Рамаз Досмамбетов сынды аға-апаларымның қамқорлығында болып, қолдау тауып келемін» дейді ағалар салған сара жолдың иесі.
Кешегі жас маман жоғарыда есімдері аталған сала мамандарынан жинақтаған тәжірибелерін санасына сіңіріп, бүгінде аудандағы білікті де білімді, құрметті ветеринар қатарынан саналады.
Жас та болса өз ісінің шебері атанған ол өзі қызмет ететін аудандық ветеринария стансасындағы әріптестері Мұқан Бәлібаев, Нұрсұлтан Жұмабаев, Нұрдәулет Үміткәрімов, Ғалымжан Жаркеткенов, Мұрат Мырзабеков, Мәди Сарыбаев, Асылбек Қалжанов, Аманкүл Оралбаевалармен бірге ауданда ветеринария саласының өркендеуіне үлесін қосып, тұрғындардың ілтипатына бөленуде.
«Ұстазсыз шәкірт – тұл, шәкіртсіз ұстаз – тұл», – деп дана ақын Абай Құнанбаев айтқандай, шипалы қолымен талай жануардың еміне септігін тигізген ел құрметтісі Ринат Сүлейменов осындай мәртебелі мамандықты меңгеруде көптеген шәкірт тәрбиелеп, олардың қоғамнан өз орнын сайлап алуына еңбек сіңіріп келеді. Олардың қатарында Дастан Базарбаев, Еркебұлан Шәлтіков, Нұрдәулет Шалабаев, Ердана Тұрымбетовтей жас мамандар ұстазының тәжірибесін өзгелерге паш етуде.
Расында да, «Елім деген ер болса, ерім деген де ел табылар» дегендей, елжандылығымен, іскерлігімен қармақшылықтардың құрметіне бөленген ініміздің туған елінің өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі еленбей қалған емес. Ол бірнеше рет облыстық салалық басшылық пен аудан әкімдерінің алғыс хатымен марапатталды.
Адам баласы өмірде екі нәрседен жаңылмауы керек екен. Яғни мамандық пен жар таңдаудан. Біздің кейіпкеріміз – Ринат Таңатарұлы мамандық таңдауда да, жар таңдауда да жаңылмаған азамат. Ол Жосалы кентінің байырғы тұрғындары, Құмкөлдегі мұнай өндіру мекемесінің бірінде ұзақ жыл басшылық қызметті абыроймен атқарған Таңатар аға мен аудандық пошта торабында еселі еңбегімен ел құрметіне бөленген Нұрсұлудай ардақты ананың бақытты да шаттыққа толы шаңырағының ибалы келіні, ұлағатты ұстаз, Үсен Томанов атындағы №183 орта мектептің биология пәні мұғалімі Жадыра Сатылғановамен үш ұл тәрбиелеп отыр.
Үлкен ұлы Әлхамидулла таэквондодан жасыл белбеу иегері, Олжасы әуез мектебінде сазгер-домбырашы Жарқынбек Тұрымбетовтың дарынды шәкірті, сонымен қатар ол түрлі маркалар мен әр елдің ақшасы мен тиынын жинаушы коллекционер, ал осындай бақытты отбасының кішкентайы Сұлтаны балабақша тәрбиеленушісі.
Түйін Мамандық таңдау – адамның өміріндегі ең жауапты кезеңдердің бірі, өйткені оның болашақ өмірі осыған байланысты. Әлбетте, мамандық таңдаушы келешекте өкінбеу үшін бұл мәселеге немқұрайлы қарамауы керек. Ең бастысы – таңдалған мамандық адамға ләззат әкелуі тиіс. Уақытымыздың көп бөлігін жұмысқа арнағандықтан, өзіміз таңдаған кәсібіміздің қуаныш әкелгенін қалаймыз. Адам жұмысқа ақша қажеттілігі үшін емес, өз ісін ұнатқандықтан баратын болса, ол оны бақытты етеді. Өмірде бәрі өзара байланысты болғандықтан дұрыс таңдалған кәсіптің адам өміріне әсері зор. Таңдаған мамандығыңыз қаншалықты сәтті болса, сіздің өміріңіз де қызықты әрі табысты болары хақ.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ