» » ХАЛЫҚТЫҢ МАЛ ЕМДЕУ МҰРАСЫ

ХАЛЫҚТЫҢ МАЛ ЕМДЕУ МҰРАСЫ

Қай кезде де қазақ халқы бір-бірімен амандасқанда алдымен мал-жан амандығын сұраған. Бұл амандасудың мәнісі неде? Расында да, неге ата-бабамыз амандық-саулыққа келгенде бірінші адамнан емес, міндетті түрде малдан бастаған?


Қазақ халқы төрт түлікті өте қадірлеген. Төрт түлікпен өмірін өткізген. Халқымыз Кеңес Одағының бодандығында болғанға дейін ұлтымыздың негізгі кәсібі мал шаруашылығы болғаны белгілі. Қазақ халқы өзі баққан әрбір малының төлін баласындай күтіп, тіпті баласына да сол төрт түлік төлінің атауын, яғни «Ботам», «Құлыным», «Қошақаным» деген сияқты теңеулер берген. Мал ауырса баласындай күтіп, ем-дом жасап жазған. Ал, енді халқымыз ауруға шалдыққан малын қалай емдеген? Сол жайындағы әңгімеге ойыссақ.

Мал да адам сияқты ауырады. Оларда да аурудың түрі көп. Мысалы, ежелден қазақ халқы үшін қасиетті болып келкен жылқы іш кебумен ауырғанда  оның ас қорыту жолын тазалау үшін ащы айранға ас тұзын езіп, ішкізген немесе қан жылым суды тікішек арқылы айдап, қартасын шайған, тіпті желдіріп ішін айдатқан. Сондай-ақ, жөтел ауруымен ауырған жылқыға киіз жауып, басына дорба толы қайнатылған арпа суымен булаған болса, маңқаға шалдыққан жылқының ауру жайлаған жерінің терісін ортасынан тіліп, оны екі жағына қарай тігіп, маңқасын сылып алып тас­тау арқылы ем жасаған. Ал, мішаяқ сырқатына шалдыққан жылқының безін сығып, арнаулы аспаппен қан шығарған болса, зорыққан жылқының танауының екі жағындағы шеміршегін алып, қан шығару арқылы емдеген. Тағы бір ауру түрі ол сарыпты емдеу үшін дерттің дәл үстінен қандауырмен тіліп, кесірлі түйіршікті алып тастаған және тілінген жерге буыртықтай уқорғасын немесе бидайдың тотияйынын тығып емдеген.

Жылқы малында да ауру түрі көп, олар үш түрге, яғни  жұқпалы, жұқпайтын және құрт ауруы болып бөлінеді. Нақтырақ айтқанда, құтыру, делбе, сіреспе, жегі, күл, желімсау, боғмала, қыршаңқы, буын-құрт, өлі тию, жауыр, жем түсу, өкпе ісіну, қарақаптал және басқа да ауру түрлері бар.

Ал, мүйізді ірі қара малында кездесетін ауру түрін, оның ішінде ауыз қуысының кілегейлі қабыну арқылы тілінің үсті бүршіктеніп майда бөртпелер пайда болғанда, яғни ветеринариялық тілмен айтқанда стоматитпен  ауырған малдың тілін пышақпен қырып, тұзды сумен ауызын шайған. Көздің  шырышты қабатының қабынуы ауруын көзі жасаураған малдың көзін жуып, шайналған қантты көзге бүркіген.
Сонымен бірге, төрт түлік төресі түйе ауруларына да қолданған қазақы ем түрі көп-ақ. Мысалы, түйенің аяғы сынғанда мысты үгітіп, ем жасаған болса, бота анасын ембей қалған кезде оның тілін тұзбен сылаған. Ал, аусыл дертіне ұшыраған мүйізді ірі қараның тілінің іріген жерін тұзбен ысқыласа,  сары аурумен ауырған сиырға құрбақа жұтқызған. Сонымен бірге,  қылау дертіне ұшыраған бұзаудың тіліне тұз салып, шүберекпен ысқылаған. Тағы бір айта кетерлік жайт, ертеде өте қатерлі мал аурулары орын алған жағдайда, оның ішінде оспа, оба, сібір жарасына қарсы қазақ халқы жиырма-отыз жерге айналдыра от салып, лапылдап жанған от арасынан ауырған малды айдап өткен. Емшілердің пайымынша, от ауруды өзімен алып кетеді деп сенген-мыс.

Расында да, қазақ  халқы дәстүрінде жануарларды, оның ішінде үй жануарларын  емдеу жолдары тереңде жатыр. Ерте заманда малды емдеу әдісі қазақ халқының ғасырлар бойы жинаған тәжірбиесінің арқасында жинақталған. Жалпы малды емдеу жолын қазіргі ветеринария саласындағы емдеу әдісі секілді сыртқы және ішкі ауруларға жіктей білген. Сондай-ақ, ауруларды жұқпалы және жұқпалы емес деп бөлуінің өзі қазақ даласында дәстүрлі емдеудің  шарықтап дамығанын көрсетеді.
Міне, қазақ қазақпен «Мал-жаның аман ба» деп амандық сұрасқанда төрт түлік малдың көшпелі жұрт үшін маңызы қандай екенін аңғартады.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ
26 қараша 2018 ж. 7 306 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031