» » ЕСІ КЕТКЕННЕН ЕШКІМ ЕШКІ БАҚПАЙДЫ

ЕСІ КЕТКЕННЕН ЕШКІМ ЕШКІ БАҚПАЙДЫ

Кеңес үкіметі тұсында қай шопанның ауылына барсаң да «Серкесіз қой отары болмайды» дегендей, өрісте жайылып жүрген қой отарында алдымен текені және қоймен бірге өріп жүрген ешкіні көретін едік.
Расында да, ешкі өсіру бір кездері қазақтың ата кәсібі болды. Әсіресе,Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ халқы ешкі бағып, майданды етпен, сүтпен, тіпті түбітпен қамтыған.
Жалпы, ешкінің сүті мен етінің қасиетін әлемдегі дамыған елдерде бір ізге қойған. Америка Құрама Штатында ешкі сүтін жас нәрестеге беру мақсатында арнайы орындарда дайындайды екен. Тіпті, ешкі өсіріп, одан айтарлықтай табыс табатын ел де жетерлік. Нақтырақ айтқанда, статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жер бетінде 1 млрд. жуық ешкі бар болса, оның 180 миллион Қытайда, сондай-ақ Үндістанда 130 млн., Пәкістанда 50 млн., Иранда 30 млн. ешкі, Бангладеште 40 млн., Нигерия 30 млн., Суданд, Эфиопия, Индонезия мен Сомали халқы әрқайсысы 20 млн-нан ешкі өндірумен айналысады екен. Ал, Қазақстанда 160 мың Сексен ата ұрпағы еліміздің ұлан-ғайыр дархан даласында жайылып жүр.
Ал, енді осы Сексек ата тұқымының түрлеріне тоқталсақ, әлбетте ол етті-сүтті, түбітті-жүнді болып бөлінеді. Ешкінің етті тұқымы Қытай мен Үндістанда, ал сүттісі Біріккен Араб елдері мен Еуропада, түбіттісі Түркия мен Америка Құрама Штаттарында өсіріледі.
Ертеректе адамзат баласы ешкі сүтін шайға қосуға пайдаланып, түбітінен түрлі киім, қолғап, шұлық тоқып киген болса, бүгінде ол ұмытылып бара жатқаны рас. Негізінен ешкі сүті – жоғарғы азықтық және биологиялық құндылығы ерекше тағам өнімі. Өзбекстанда арнайы емдеу орындарын сүтпен қамту үшін сүтті ешкі өсіреді. Ал, бізде ше?
«Ешкі сойып жесең бір күндік, сауып ішсең мың күндік», – дейді дана халқымыз. Тіпті, ешкілі үйдің ағы, көп сиырлы үймен тең деген де сөз бар. «Бір лақ, екі адамды талтаңдатады». Себебі, бұл күнде 4-5 бас сиыр өсіргеннен, 6-7 ешкі өсіру тиімдірек.
Иә, мал баққанға бітеді. Ешкі өсімтал болғандықтан, өзін-өзі ақтайтын тиімді түлік. Есептеп көрейік. Ешкі қойдай жем-шөпті көп талап етпейді. Тек олардың қыс қорасы жылы болса болғаны. Ол қойдай азымтал емес, қотыр болмайды да, жаздың аптап ыстығында төзімді, көп құрттамайды, құртасса да некен-саяқ. Әдетте, бұл жануар өте кірпияз, өте таза жануар. Қыста оның түбіті аса бағалы. Ешкінің бір ғажабы өз жайылысын аздырмайды. Олар жайылғанда шөпті отап жемей, шөкімдеп жүріп жайылады.
«Есі кеткен ешкі жинайды, ешкімен есін жинайды» дегендей, елімізде Кеңес Одағы саясаты дәуірлеп тұрған жылдарда ешкі өсіруге үлкен көңіл қойған аймақ та болған. Семей өңірінде, Алматы облысын­да асыл тұқымды ешкі фермалары жұмыс істеген. Бұл шаруашы­лық­тарда ешкіні будандастыру арқылы етті, сүтті, түбітті тұқым өсіру үшін ғылыми зерттеу жүргізген. Кеңестік ғалымдар Американың «ангор» ешкісін қазақ ешкісімен будандастырып, жергілікті табиғатқа бейімдеп, түбітті ешкі шығарған. Сондай-ақ, Алматы қаласына жақын жердегі әйгілі қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу инс­титутының мамандары Орынбордың түбітті ешкісін әкеліп, еліміздің оңтүстік-шығыс өңірлеріне бейімделген көкшіл түсті, түбітті ешкі түрін дүниеге әкелген. Бірақ, өкінішке орай бүгінде сол кәсіп ұмыт қалды. Қазірде елімізде ешкі қырқып, оның түбіті мен қылшығынан өнім өндіріп жүрген ешкімді көрмейміз. Тіпті, елімізге сырттан келетін жеңіл өнеркәсіп өнімдері, әсіресе Қытайда шығатын киім-кешек тасқыны бүгінде қазақ әйелінің қолынан ұршығын тастауға мәжбүр еткені рас. Ауылдағы бірлі-екілі ескі көздерден тәлім алғандар болмаса, бүгінгі әжелер жіп иіріп, жүннен шұлық тоқымайды.
Көнекөз қариялардың айтуынша, ешкі сүтінің қасиеті мол. Сексен ата төлінің сүті ағзаға жеңіл сіңіп, ас қорыту жүйесінің қалыпты жұмыс істеуіне сптеседі. Әсіресе, жас балаға ешкінің сүті мың да бір ем. Ғалымдар сөзіне сүйенер болсақ, ешкі сүті жүрек, қан тамырлары жүйесіне оң әсер береді екен. Асқазан ауруына, қан аздыққа, көздің нашар көруіне шын мәнінде ешкі сүті таптырмас ем. Немістің «Заанен» атаулы асыл тұқымды ешкісі бір сауғанда 2-3 литрге дейін сүт береді. Ешкіні есі кеткен ғана жинап, баға ма?
Қармақшы ауданында да ешкі төлін асырап, одан табыс тауып отырғандар көп болмаса да, осы кәсіп түрін көбейтуге атсалысып жүргендер бар. Солардың бірі Иіркөл ауылдық округінің әкімі Бүркіт Қалдашбаев.
– Ешкі сүті денсаулыққа пайдалы. Шын мәнінде ешкіден көп табыс табуға болады. Тек оны игілімізге жаратып, өз дәрежесінде дамытуымыз керек. Ешкі төрт түліктің басқа да түрі сияқты шөпті көп жемейді, тіпті таңдап жейді. Соның арқасында ешкі сүті мен оның етінде адамға қажетті емдік дәрумен көп. Ғалымдардың айтуынша, ешкі сүтіндегі қанықпаған май қышқылдары адамның денсаулығына оң әсерін тигізеді екен. Оған дәлел, белгілі академик Төрегелді Шармановтың айтуынша ешкі сүтінде 12 түрлі дәрумен бар. Сиыр сүтіне қарағанда ешкі сүтінде В12 дәруменінің құрамына кіретін кобальттың мөлшері 6 есе көп. Десе де, ешкінің адам денсаулығына тигізетін пайдасына қарамастан қазақ халқы оны елей бермейді. Тіпті, ешкі сүтінен дайындалатын бала тағамының тоқсан пайызы өзге елден тасымалдануда. Неше ғасырдан бері ата кәсібіміз мал шаруашылығы болғанымен, әлі күнге қолда бардың қадірін білмей келеміз. Ерте кезде қазақ халқы ешкінің аса өсімтал мал екенін айтқан. Бүгінде 40-тан астам «Ангор» және жергілікті ешкі тұқымын өсірудемін. Зайыбым бірін сауып, сүтін балаларыма берсе, еркектерін сойып жейміз. Құрт, ірімшік өндіреді. Қазақ халқында «Ешкі сойғанның екі амалы бар: мүйізі пышаққа сап, терісі бұтыңа қап» деген өте мағыналы мақал бар. Бұрындары ата-бабамыз ешкі төлінің сүтін денсаулыққа ем деп сауып ішкен болса, жүнінен жіп иірген, терісінен киім тіккен, мүйізінен пышаққа, және басқа да күнделікті тұрмысқа қажетті заттарға сап жасаған. Міне, бір ешкіден қаншама өнім алуға болады. Демек, біз ешкі өсіруді қолға алсақ ұтылмасымыз анық, – деді ол.
«Елубай» шаруа қожалығы да ауданда ешкі тұқымын асылдандыру мақсатында белсенді жұмыс істеп жатыр. 2013 жылы Шолпан Шайманова басшылық жасайтын шаруа қожалығы Сексен ата төлін асылдандыруда «Ақ ниет» бағдарламасының грантын жеңіп алып, Алматы облысынан немістің «Заанен» тұқымдас ешкісін сатып алып, бүгінде оны 30-ға жақындатты.
–Ешкі сүті адам баласы үшін таптырмас ем. Бағып отырған осы асыл тұқымды ешкі саны бүгінде 30-дан асты. Олардың әрқайсысынан күніне 1,5-2 литрден сүт сауып, құрт, ірімшік өндірімін. Тіпті, сүтін де сатып алушылар бар. Ағайын-туыс, көрші-көлем кезекке тұрып сатып алады. Ешкі сүтін ем үшін сатып алушылар күн сайын артып келеді, –дейді қожалық басшысы Шолпан Шайманова.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».
29 мамыр 2018 ж. 3 774 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 032

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031