» » Ветеринария – денсаулықтың бір кепілі

Ветеринария – денсаулықтың бір кепілі

Ауылшаруашылығындағы маңызды саланың бірі – мал шаруашылығы. Бүгінде бұл сала халықты түрлі тағам өнімдерімен, өнеркәсіпті шикізатпен қамтамасыз етіп отырғаны сөзсіз. Ал малдың әртүрлі қауіпті кеселге шалдықпауын, олардан алынатын өнімдердің адам денсаулығына зиян келтірмеуін қамтамасыз ету бағытында тынымсыз еңбек ететін ветеринар мамандарының қызметі ерекше екені айтпаса да түсінікті. Осы саланың қыр-сырымен танысуға
аудандық ветеринариялық стансаға бас сұқтық. Аталған мекеменің функционалдық міндеті – жергілікті жерде эпизоотия­лық тұрақтылықты сақтау. Жалпы ветеринария – мал шаруашылығының ең беделді саласы болып табылады. Аудандағы мекеме 2012 жылы құрылса, қазіргі таңда 63 маман қызмет істейді. Көктем басталды дегенше егу жұмыстарына кірісіп, қауіпті аурудың алдын алады.
– Ауданда биылғы жылға ар­налған жануарлардың аса қауіпті ау­руларының профилактикасы ба­ғытында ветери­нариялық іс-шара­лар­дың жоспары бекітілді. Жоспарға сәйкес, 14 түрлі аса қауіпті жұқпалы ауруға қарсы алдын алу, егу жұмыстары мемлекет тарапынан тегін жүргізіледі. Жануарлардың жұқпалы емес және инвазиялық ауруларына Ветеринария туралы заңның 13-бабына сәйкес, ақылы түрде қызмет көрсетіледі. Қазіргі таңда ауданда аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу жұмыстарының дер кезінде жүргізілуі нәтижесінде ауданның эпизоотиялық жағдайы тұрақты. Біздегі вакциналардың барлығы есепте тұр. Егу жұмыстарына келетін болсақ ауылдық округтерде ветеринариялық пункттер бар. Ондағы мамандар мал санына қарай жұмыс істейді, – дейді мекеме басшысы Нұрлан Бисенбаев.
Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен тізбе бойынша аса қауіпті жұқпалы 14 түрлі және энзоотиялық 6 түрлі ауруға қарсы алдын ала егу жұмыстары жыл бойына тегін жүргізіледі. Ол үшін тұрғындар малына сырға салдырып, ветеринариялық төлқұжат жасату қажет. 14 ауру түріне аусыл, лептоспироз, пастереллез, Сібір жарасы, нодулярлы дерматит, қарасан, оба, туберкулез, күл, құтыру, эхинококкоз жатады. Ал энзоотиялық аурулардың тобында пираплазмоз, тейлериоз, фасциолез, гас­трофилез, сақау, трипанасомоз бар.
Ветеринар маманы қызметінің тағы бір қыры – ол қауіп-қатермен де жиі бетпе-бет келеді. Жылдың қай мезгілінде болмасын белгілі бір ауруға шалдыққан төрт түлікті мал дәрігері тексеріп, ем-дом шараларын жүргізеді. Кей жағдайларда ауру түрін анықтау үшін малдың өлексесімен жұмыс істеуге тура келеді. Сібір жарасы, туберкулез, бруцеллез, аусыл, қарасан, қатерлі ісік сияқты сан түрлі жұқпалы аурулармен жалғыз күресуге мәжбүр. Ал осы аталған ауру түрлері адам денсаулығы үшін қаншалықты қауіпті екені айтпаса да белгілі. Жалпы ветеринарлардың күндегі атқарып отырған жұмыстарының маңызы зор. Қазақтың саулық сұрасқанында ең бірінші «Мал-жан аман ба?» деуі тегін емес. Себебі, мал – халықтың тұрмыс тіршілігі, күнкөріс көзі. Сонымен бірге, мал шаруашылығы экономиканы алға сүйрейтін салалардың бірі.

Ерсін ӘЛІБАЙ
09 сәуір 2022 ж. 1 024 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 027

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031