Қазақстанда ветеринария агенттігі құрыла ма?
ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин елімізде ветеринария агенттігін құру мүмкіндігі жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2019 жылы ветеринариялық-санитариялық салауатты, халықтың денсаулығын жануарлар мен адамға ортақ аурулардан қорғауды, аумақты жұқпалы және экзотикалық аурулардың таралуынан қорғауды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі негізгі міндеттерді іске асыру мақсатында қажетті шаралар қабылданды. Бақылау функцияларын ҚР Қаржы министрлігінің жергілікті атқарушы органдарынан және Мемлекеттік кірістер комитетінен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне қайтара отырып, «орталық-облыс-аудан» қағидаты бойынша ветеринариялық бақылаудың вертикальдары құрылды», - деп жауап берді Асқар Мамин депутаттық сауалға. Оның айтуынша, Ресеймен және Қырғызстанмен шекара маңы аумағында 32 ветеринариялық бақылау бекеті жұмыс істейді, бұл мемлекеттік шекараның барлық периметрі бойынша тұрақты ветеринариялық бақылау жүргізуге мүмкіндік береді. «Облыс-аудан-ауыл» қағидаты бойынша ЖАО вертикальдары облыс деңгейінде ветеринариялық бөлімшелерін жұмылдыру есебінен, аудан, қала деңгейінде өкілдерінің болуы мүмкіндігімен, сондай-ақ мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың облыстық деңгейге бағыныштығы қаралған. «Бұл ретте, ветеринария саласындағы бақылау-қадағалау функцияларын қайтарумен бірге ЖАО-дан комитетке 694 штат қайтарылды, олардың барлығы комитеттің тиісті аумақтық инспекцияларына еңбекке тартылды. Сонымен қатар, ветеринарлық саланы басқару құрылымын жетілдіру бойынша жұмыс жалғасуда, агенттік штат санын арттыруды көздеп отыр. Бұл ретте Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес, мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту мерзімдерін жеделдету тапсырылды. Осыған байланысты, Үкімет ветеринария жөніндегі агенттік құруды қажетсіз деп санайды», - деп мәлімдеді А.Мамин.