» » Наурызым – нұрлы ырысым

Наурызым – нұрлы ырысым

qarmaqshy-tany.kz ҚЫСТАН АМАН-ЕСЕН ШЫҚҚАН ХАЛЫҚ ҮШІН ШЫРАЙЛЫ КӨКТЕМ МЕЗГІЛІ КӨҢІЛГЕ ЖЫЛЫЛЫҚ ҰЯЛАТАТЫН, ЖҰРТТЫҢ БӘРІ АСЫҒА КҮТЕТІН ШУАҒЫ МОЛ МЕЗГІЛ БОЛЫП САНАЛАТЫНЫ АНЫҚ. ОСЫ ШУАҚТЫ МЕЗГІЛ ӨЗІМЕН БІРГЕ МЕРЕКЕЛІ КҮНДЕРДІ АЛА КЕЛЕДІ. АЛДЫМЕН АНАЛАР МЕРЕКЕСІ, СОДАН СОҢ ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ – НАУРЫЗ, ЯҒНИ ҚАЗАҚТЫҢ ЖАҢА ЖЫЛЫ. МЕЙРАМ ШЫҒЫС КҮНТІЗБЕСІНДЕ ЖЫЛБАСЫ САНАЛҒАН.
Наурызда күн мен түн теңеліп, жан-жануар төлдеп, адамзат баласының аузы аққа тиіп, жер жүзінде үлкен қуаныш орын алады. Қазақстан халқы үшін мейрам көктем мен жаңаруды айшықтайтын мерейі үстем ұлттық мереке. Ол көктемгі жаңарудың, махаббаттың, ақ пейіл мен татулықтың мерекесі. Өткенді саралап, болашағымызды болжайтын ерекше кезең.
Күн мен түн теңеліп, жан-дүниені тірілткен, шаруаның бір малы екеу болып, арқа-басы кеңіп, аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген мереке бүгінде Тәуелсіз еліміздің зор ықыласпен тойлайтын нағыз халықтық сипаттағы салтанатына айналды.
Мейрамда әркім жылы шырай сезініп, сағынышты көрісулерімен, жалынды құшақтасуларымен жаңа жылды қарсы алады. Адамдар бір-біріне деген реніштерін ұмытып, ұйыған айрандай тату болады. Бастарын қосып жиналып, бір дастарқанда наурыз көже ішеді. Көже бұл мейрамның басты тағамы. Наурыз көже жеті түрлі дәмнен жасалады және әр отбасы бұл тағамды әртүрлі тәсілмен жасайды. Мәселен, наурыз көже дайындауда апаларымыз қысқы соғымның әбден сүрленген қадiрлi мүшелерiн осы күнi қазанға салады. Соғымға сойылған малдың басы немесе шекесі қосылып, қазы-қарта, жал-жая асылады. Осы еттің сорпасына көже қайнатылады. Оған тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосады. Тұз бен суды қосқанда дәмнің саны тоғыз болуы тиіс. Түркі халқының ұғымында жеті мен тоғыз және қырық – аса киелі сандар болып есептеледі. Сол себепті наурыз көже қасиетті тағам саналады. Оған қоса, ол – тоқшылық пен ырыс-құттың жоралғысы.
Әз Наурыз мерекесін ұлттық ойындарсыз елестету мүмкін емес. Ұлттық спорт түрлерін насихаттауда арқан тарту, гір тасын көтеру, қол күрес, қошқар көтеру секілді спорт түрлерінен сайыстар өткізіліп, сайыс барысында білекті де жүректі жігіттер күштерін сынап, мерекенің шырайын кіргізе түседі.
Наурыз – туған жердің салт-дәстүрі мен мәдениетін құрметтейтін мереке, ол адамдарды бірбірін жақындастырып, түсінісуге және кешіруге үйретеді. Жыл сайын халық жаңа жылдың басталуын – Наурыз мерекесін асыға күтеді.
Сәкен ЕСЕНАЛИЕВ,
академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжі білім беру
мекемесі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
21 наурыз 2023 ж. 479 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 342

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 425

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930